Үкімет пен Парламентке үлкен жауапкершілік артады

958
0
Бөлісу:

Сарапшылар мен саясаттанушылар, экономистер мен жастар ұйымдарының өкілдері Президенттің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі үндеуін оң бағалап, конституциялық реформалардан оңтайлы өзгерістер күтетінін жеткізіп жатыр. Олардың ойынша, бұл бастама Үкімет пен Парламентке үлкен жауапкершілік артып, демократиялық даму жолындағы ізденістерге оң серпіліс береді.

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

– Меніңше, бұл реформалардың орны ерекше. Егерде бүкіл жауапкершілікті Премьер-министр өз мойнына алса, сөзсіз, бұл экономика үшін әлдеқайда тиімді болатын жәйт. Сондықтан да бұл өте дұрыс қадам боп тұр. Үлкен міндет пен жауапкершіліктің атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің қолына өтуі өте дұрыс, орынды. Себебі, елдегі барлық мәселеге бір ғана адамның жауапты болуы, тіпті, демократиялық заңдылықтардың қағидаттарына сәйкес келе бермейді.

Бұдан да ары барсақ, мәселен, ең негізгі мемлекеттік бағдарламалардың бірі – Үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасын алып қарайық. Бұл 2010­­-2020 жылдарға арналған бағдарлама. Бұл бағдарламаны орындау бір үкімет басшысының қолына беріледі. Егерде сол бағдарлама өз дәрежесінде орындалмай жатса, онда «кешіріңіз, сіз бұл бағдарламаны орындай алмай жатырсыздар, мұны басқа үкімет келіп орындасын» деп талап қоя аламыз. Яғни, нақты талап қойылған соң, бұл салаға жауапты министрлер де өз жауапкершілігін сезініп, жұмысқа нақты кірісе бастайды. Ал қазіргі кезде не байқалады? Бір министр бір нәрсеге жауапты болады. Тиісті бағдарлама біткенше, ол қызметін ауыстырып, әкім боп кетуі де мүмкін. Мемлекеттік бағдарламалардың сөз жүзінде қалуының бір себебі осы. Менің ойымша, бұл үлкен серпіліс болар еді. Екінші жағынан, біз, халық мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын кімнен талап ете алатынымызды нақты білетін боламыз. Бұл – дұрыс саясат.

Айдана СЫДЫҚОВА, Алматы қалалық «Жас Отан» ЖҚ төрайымы:

– Конституциямызға енгізілетін өзгертулер елімізді жарқын болашаққа жетелейтін даңғыл жол болмақ. Еліміздің жаңа демократиялық қоғам құрудағы, «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асырудағы және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді өкілеттіктерін құрудағы бұл тың бастаманың еліміз үшін маңызы зор.

Біз Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін тыңдадық. Елбасы Үндеуі –  еліміз үшін маңызды, саяси қадам. Бұл Үндеуде көрсетілген өзгерістер алдағы уақытта жастарға да әсер ететіндігін толықтай түсінеміз. Осыған байланысты Алматы жастары өз ұсыныстарын да білдіріп жатыр.

Дайындаған К.Әлім

Бөлісу:

Пікір жазу


*