Өлең жүректен өзгеге қызмет етпеуі керек

2014
0
Бөлісу:

Айжанның өлеңдерінде өзгеше бір тылсым күш бар. Өзіне жетелейді де тұрады. Әуелі оның өлеңін ұнаттық. Артынан өзін іздедіқ. Астанада қоғамдық-саяси бағыттаға журнал шығаратынын білдік. Ол туралы әдебиетші қауым: «Айжан – сөзсіз, интеллектуал ақын. Оның лирикасы сансыз сұрақтың, шартты себептің, салмақты ойдың құрсауында «бой жаза алмай», мелонхолиялық бояудан сілкіне алмай тұр. Сансыз сұрақтың жауабын бірде өзі іздеуге тырысса, бірде өз биігінде тұрып, өзіндей екінші бір талантты жаннан демеу тапқысы келеді» деп баға беріпті.  Сонымен Айжан Табаракқызы кім? Осы  сауалға жауап іздеп көрген едік.

 

Өлеңді серік еткендердің көбі дертін өлеңмен жазып жатады. Сіздің өлеңіңіз де азаттықтың жаршысы секілді. Өлеңіңіз де, өзіңіз де қаншалықты азатсыз?

Асқар Сүлейменовтың «Кем талант мүмкіндігінше, шын талант қалағанынша жазады» деген сөзі бар. Жалпы, әңгіме ішкі еркіндікте болса қалағанымызды жазып жүрміз. Өлең жүректен өзге ештеңеге қызмет етпеуі керек деп ойлаймын.

–Өлеңдеріңізде бір мұң бар. Әлдебір нәрсеге елеңдейсіз, әлдебір нәрсені күтетін секілдісіз. Ол не?

Көбіне өткенімді жазам. Сондықтан да, өлеңдеріме түсініктеме бергім

келмейді. Күтсем –  көз көрсе де, көңіл сенбей жүрген, өмірден тым ерте қайтып кеткен жақындарымның жолына елеңдеген аңсарым шығар…

–Фариза, Күләш, Ақұштап сияқты мықты ақын апаларына еліктейтіндер де бар. Сізде де мұндай сезім бар ма?

Фариза апа қазақ поэзиясына бет бұрған қыздардың темірқазығы болғаны рас.  Барлық ақын еліктеу кезеңінен өтеді деп ойлаймын. Ол кезеңнен біз де өтіп кеттік. Қазір біреуге еліктейтін жаста емеспіз. Жалпы, өлеңді қазақ әдебиетіне, соның ішінде поэзияға үлес қосу үшін әрі дамыту үшін жазып жүрген жоқпын.  Бәлкім, кезі келіп, жан тыныштығын тауып, осы бір бұралаң жолдан шыққан кезде жазуды да қоятын шығармын…

Сонда жазу жан тыныштығын аңсау ғана ма?

–Мүмкін…

–Одан бөлек, Сізді не қызықтырады?

Өлім қызықтырады. Өлімнен кейінгі өмір қандай болатыны туралы

көбірек ойлаймын…

–Өлең жазбайтын сәттер туса, немен айналысар едіңіз?

– Әр саладағы тұлғалар туралы очерк жазумен айналысатын шығармын. Бұл менің кішкентай армандарымның бірі. Сол үшін де қазір  көркем әдебиет қана емес, салалық кітаптарды көбірек оқуға тырысып жүрмін.

– Шығармашылық адамы кез келген дүниеге жан ауыртпай қарай алмайды.  Қоғамның дертіне бей-жай қарай аласыз ба?

–Алаңдадық деген күннің өзінде біздің қолдан не келеді? Жүрек ауырады. Бірақ, кей мәселелерде жүректің ауыратыны  да аздық ететінін білемін…

–Ақындық жолыңда тұсауыңызды кескен кім? Өлеңіңізді алғаш ұнатқан кім, сынаған кім?

Шыны керек, мен өлеңге кештеу келдім. Мектептегі соңғы жылдар апыл-тапыл бірдеңелер жазып жүрдім де, кейін, оқығаным болмаса алыстап кеттім…  Тек Университет қабырғасында жүргенде аздап жаздым. Оның өзін өлең деуге келмес… Кейін, мендегі аңсар, мендегі сағыныш, мендегі өкпе бәрібір өлеңге алып келді ғой деймін… Демек, бұл жолдағы тұсауымды уақыт кескен шығар…  Ал, бағыт бағдар беріп, менің бір кездердегі балаң өлеңдеріме қарамай сенім артып, әлі күнге дейін қолдап жүретін  рухани жақын ағам – Бауыржан Қарағызұлы.  Жарық дүниеге әкелгені үшін анама қарыздар болсам, өлеңге алып келгені үшін осы ағама қарыздар шығармын.

Ақынның құқық саласын таңдауының бір сыры бар ма?

Ешқандай сыр жоқ, журналистикаға тапсырған кезде төртінші пәнім геогрофия болды. Кейін отбасылық жағдайларға байланысты оқуға бара алмадым да,          Астанадағы алғаш жолыққан оқу орнындағы сәйкес келетін мамандыққа тапсыра салдым. Соны әйтіп-бүйтіп 4 жыл оқып шықтым ғой.

–Елордада журнал шығарып жүрсіз. Бүгінгі нарық заманында журнал шығару да оңай емес. Қиын емес пе?

–Қазір қоғамдық-саяси бағыттағы журналда бас редакторлық қызметтемін. Сіз айтқандай, журналдың маркетингтік, одан басқа да ішкі-сыртқы жұмыстарына жауапты емеспін. Сондықтан да, қиындығы туралы ештеңе айта алмаймын…

 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

 

 

Мен – бақытты, мені бақ іздемеді…

 

Кешікпей Астанаға күз келеді,
Мен – бақытты, мені бақ іздемеді…
Қайыңды сүйе тұрып, жерді құшқан,
Жапырақ сияқтысыз Сіз де енді…

Баяғыдай емес қой сезім деген,
Көз ілмеген сәттерім – төзімге ем,
…Бірдеңе өзгере ме, өлең жазып
Сәл сағындым дегеннің өзінде мен?

Мезгілі жеткен күні бәрінің де,
Бұратыны белгілі – жаны кімге.
… Несіне енді күтемін күздей болып,
Несіне ойлайды екем, әлі күнге?

Сөз мүжіген шақтарды, тағатымды,
Жылап алу үшін түн жаратылды,
Жаныма батады ылғи мен мұңайсам,
Жұбатпай үнсіз ғана қалатыны.

Әйтпесе, бол деппін бе, мәңгі бірге?
Өкініш үмітімді көмді мүлде;
Сезімі өліп кеткен бұл жүректің
Керегі бола қойсын енді кімге?..

Өмірдің бәрін мұң ғып не қылайын?
Онсыз да кеудені көп жеді уайым,
Бір дұға тілеңізші, Жаратқаннан,
Оңымнан туар сонда менің де Айым…

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*