Бұл жолдау – ел тарихындағы жаңа кезең бастауы

777
0
Бөлісу:
Қазақстан

Мәжілістегі барлық үш парламенттік фракцияның және Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттары жыл басталғалы бері екінші рет ауыл-аймаққа аттанды. Бұл жолы барлық өңірлердегі сайлаушылармен кездесулер барысында қалаулылар Елбасының Жолдауын және билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы жалпыхалықтық талқылауға енгізілген заң жобасының нормаларын түсіндіруде.
Өңірлерге сапар қарсаңында Нұрлан Нығматулиннің төраға­лығымен Мәжілістің жалпы оты­рысы өтті. Жиынды ашқан палата басшысы Елбасының «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: Жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының мән-маңызына тоқталды. Спикердің байла­мын­ша, Президенттің бұл Жол­дауы Қазақстанның даму та­ри­­хын­дағы жаңа кезеңді бастады.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы – еліміз­дің тарихи белесін бастаған өте маңызды құжат. Онда Елбасымыз Қазақстан дамуының жаңа бағыт­тарын белгілеп берді. Осы кезеңде, әсіресе, ұлттық экономиканы көтеруге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ең алдымен, халықтың әлеу­мет­тік жағдайын жақсартуға ық­пал етеді, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ол депутаттық корпусты алда жауапкершілігі мен маңыздылығы бұрынғыдан да зор жұмыс кезеңі күтіп тұрғанына назар аудартты. «Мемлекет басшысы белгілеген Қа­зақстанның үшінші жаңғы­руының бес негізгі басымдығы эко­номикалық өсімнің жаңа мо­делін құруға мүмкіндік береді және бұл еліміздің әлемдегі ең озық 30 мемлекет қатарына табыс­ты қосылуын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, бұл Жолдау заң шығарушы органның алдағы нақты мақсаттарын көрсетумен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары аясында «Қазақстан – 2050» стратегиясын нәтижелі жүзеге асыру үшін барша қазақстандық­тарды бір мақсатқа біріктіретін қуатты күшке ие» деді спикер.
Ол депутаттардың Елбасы қой­ған жаңа міндеттердің мәнін сай­лаушыларға жеткізіп, түсінді­руі керектігін айтты. «Бұл аса маңыз­ды және жауапты миссия, біз мұны әрдайым табысты жүзеге асырып келеміз» деп түйді Н.Нығматулин.
Өз сөзінде палата басшысы сондай-ақ депутаттар жұмысы­­­­­­ның жаңа форматы жайында мәлімдеді. Қолданыстағы «Ақ­паратқа қол жеткізу туралы» заңын­да Парла­мент­тің қос пала­тасының апта сайынғы жалпы отырыстары ғалам­тор арқылы таратылатыны бекітілген. Бірақ жоғарғы заң шығарушы орган бұқара алдын­дағы ашықтығын одан әрі дамы­туға бел буыпты. Н.Нығматулин бұдан былай Мә­жілістегі барлық «Үкімет сағат­тары» да интернет арқылы онлайн-режимде трансля­ция­ланатынын жария етті. Бұл жиындарда Үкімет мүшелері өзде­ріне жүктелген әр саланың жай-күйі туралы депу­таттарға баяндап, қоғамды ма­залаған көкейтесті сұ­рақ­тарға жауап беретіні белгілі. Спикердің айтуынша, бұл жаңа­лық өмірге 13 ақпаннан бастап жол­дама алады. Ауыл-аймаққа са­парлардан орал­ған қалаулылар сол күні «Үкімет сағатына» жиыл­мақ.
«Мұндай формат бізге Мәжіліс жұмысын анағұрлым ашық және барынша айқын, транспарентті етуге мүмкіндік береді» деп атап көр­сетті Нұрлан Зайроллаұлы. Бұған дейін хабарланғанындай, биылғы жазғы демалысқа дейін Мәжіліс қабырғасында «Үкімет сағаты» аясында Үкіметтегі 15 министрдің 11-і парламен­тарий­лерге ішкі және сыртқы саясаттың, елдің экономикалық және әлеу­меттік өмірінің проблемалары бойын­ша есеп береді.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді қарауға көшкен депутаттар кейбір конс­титуциялық заңдарға өзгерістер енгізуге қатысты конституциялық заң жобасын және оған ілеспе Жоғарғы сот кeңeci туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жо­басын мақұлдады. Қазіргі қалып­тасқан игі тәжірибеге сәйкес, қоғам наразылығын туғызған қы­лыққа барған немесе өз қызметін лайықты орындай алмаған шенеу­нік өз лауазымымен қош айтысып жатады, ал елге қызмет етуші судьяларда бәрі басқаша.

Атап айтқанда, қолданыстағы заң бойынша «судьялардың атқарып отырған лауазымына сәйкес келмейтінін» көрсететін кәсіби қызметінің теріс нәтижесі «судьяны лауазымынан босату үшін» негіз болып табылмайды. Сондықтан судьялар корпусының сапалық құрамын одан әрі арт­тыру, кәсіби біліктілігін бағалау және оны көтеруге ынталандыру тетігін жетілдіру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайту үшін жауаптылықты арттыру мақсатында жаңа заң жобасында «судьяның кәсіби қызметін мер­зімді бағалаудың теріс нәти­жесі алынған жағдайда, оның кәсіби қызметіне қайтадан бағалау жүргізбестен судьяны лауазы­мынан босатуды» көздеу ұсыны­лады. Сондай-ақ заң жобасында сот жюриі судьяны басқа сотқа немесе басқа мамандануға ауыс­тыру туралы шешім қабыл­даған жағдайда, судьялардың басқа сотқа конкурс өткізбестен ауыс­тыру тәртібін регламенттеу ұсынылады.
Отырыста сондай-ақ Мәжіліс «Жайылымдар туралы» заң жоба­сына сенаторлар енгізген өзге­рістерге келісім берді. Өйткені олар заң жобасының тұжырым­дамалық ережелеріне қатысы жоқ. Тек қана «аридті жайы­лымдар», «жайылымдарды сулан­дыру» және «жайылымдардың жемшөп мөлшері» деген жаңадан қабылданған ұғымдарға қатысты ережелермен толықтырылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң, қалаулылар депутаттық сауалдарын жолдады. «Нұр Отан» партиясы фракция­сының мүшелері А.Платонов, Б.Смағұл және И.Аронова бірлескен депутаттық сауалда­рында Қорғаныс министрі
С.Жасұзақовтың назарын әскери қызметшілерді баспанамен қамту мәселелеріне аударды. Себебі, қызметтік баспана алу кезегі көп қозғалмайтындықтан, он жыл және одан көп ғұмырын әскерге арнаған азаматтар жылдап пәтер жалдап тұруға мәжбүр екен. Қа­лаулылар қорғаныс ведом­ствосы басшысынан барлық әс­ке­рилердің жалдаған баспанасы үшін де өтемақы төлеуді заңдас­ты­руын, қызметтік баспана үшін өтемақы төлеу туралы Үкімет қаулысы орындалуы үшін тиісті шаралар қабылдауын сұрады және басқа да ұсыныстар енгізді.
Нұротандық депутат
М.Айсина Үкімет жетекшісі
Б.Са­ғынтаевқа жүгініп, «құжат­тарды архивте 75 жыл сақтауды талап ету қаншалықты орынды» деген мәселе көтерді. Оның мәліметінше, архив үй-жайларын ұстауға және 291 архивариусқа жалақы төлеуге кететін шығын­ның жалпы сомасы жылына 178,7 млн теңгені құрайды. «Бір қағаз макетті басып шығаруға шамамен 18 минут жұмыс уақыты кетеді» дейді депутат.
«Нұр Отан» фракциясының депутаты М.Теміржанов Премьер­ге қайырылып, субсидиялауға қаржы жетпей жатқанын және бұл агроөнер­кәсіптік кешеннің қарқынды дамуына теріс әсер етіп отыр­ғанын жеткізді.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*