Дамыған елге айналу қарымды қимылды қажет етеді

742
0
Бөлісу:

Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Елбасы алда тұрған ұлы мақсаттарға жету үшін қай бағыттарда жұмысты күшейтіп, қандай істерде нақты нәтиже шығару қажеттігін көрсетіп берді. 

Осы аптаның сейсенбісінде жария­ланған Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында Президент ескерткендей, Үкімет көрсе­тілген міндеттер үдесінен шығып, лайық­ты істерімен көзге түсуі қажет.
Мемлекет басшысының айтуынша, дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек, Қазақстан экономикасы жыл сайын кем дегенде 5 пайыздап өсіп отырғаны жөн.
– Үшінші жаңғыру – өскен, өркен жайған озық 30 елдің қатарына ену үшін жасалып отырған ірі шара. Бұл жұмыс бұрынғылардан қиын әрі күрделі, – деген Н.Назарбаев артта қалған ширек ғасырлық кезеңде сол «отыздыққа» қо­сы­ламын деп ұмтылған басқа да мемле­кеттер болғанын, алайда солар арасынан жалғыз Оңтүстік Корея ғана ғаламат серпіліс жасап, суырылып шыққанын еске салды. Себебі, егер осы уақытта әлемдік экономиканың орташа даму деңгейі 2,8 пайыз болса, ал «Таңғы тазалық елінің» жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) орташа алғанда 5 пайыздап өсіп отырған.
«Ойланыңыздар! Жаңа жағдайда біз дәл осындай серпіліске қол жеткізуіміз қажет» деген Президент экономикалық өсімге қатысты қазіргі ұстанымды қайта қарауды ұсынды. «Импорт алмастыру алдағы жылдары ЖІӨ-нің 5%-дық өсі­мін беруі мүмкін. Экспортты мемле­кеттік қолдаудың белсенді шаралары ар­қасында тек өнеркәсіптің басым­дықты сектор­ларындағы өсім 6 мил­лиард долларды құрауы ықтимал. Бұл экспорттың 20%-ға дейін артуын және ЖІӨ-нің 5%-ға дейін артуын қам­тамасыз етуге қауқарлы. Қашағанның бір өзінің үлесі орта мер­зімді перспек­тивада ЖІӨ-нің 2-2,5%-ы деңгейінде бағалануда» деді ел Пре­зиденті.
Қазақстан Көшбасшысы қазіргі эко­номикалық ахуалға да оптимизм­мен қарайды. Ол Үкімет пен облыс әкімдері ұсын­ған ақпараттарды талдай келе, «биыл­ғы жыл былтырғыдан жақсы бо­лады, жағдай түзеліп келеді» деген түйін түйіпті. Өйткені
Н.Назарбаевтың ай­туын­ша, Қазақстан өзінің басты экс­порттық тауарлары – мұнай, газ, металға деген әлемдік базардағы төмен бағаға бой үйретті, есі шығып есең­гіреген жоқ. Экономикасы да кейбір ел­дердегідей рецессияға ұшырап, жү­релеп қалмады. Даму траекториясында қалды. Сонымен бірге, қазір жаһандық нарықта бұл тауарлардың құны біршама көтерілуде.
Елбасы «қара алтын» құнының күрт құлдырауы Қазақстан үшін игілік бол­ғанын атап өтті: мұнайдан қазына қаза­нына миллиардтаған табыс тасқындап құйылып жатқанда, ел Үкіметі қосымша кіріс пен даму көздерін табу бойынша көп ізденбейді, экономиканың шикі­затқа тәуелділігі артады. Дамыған елге айнал­ғысы келетін ел «басқаша жұмыс жасауы қажет». «Әрине, бұл жұмыс оңай емес!» деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев.
Үкіметтің осы кеңейтілген отыры­сында министрлер, бірқатар облыстар­дың әкімдері, Ұлттық банк басшысы 2016 жылғы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытынды­лары бойынша есептерін және жаңа жыл­дағы міндеттерін баяндады.
Алдымен сөз алған Премьер
Б.Сағынтаев осы аптада жария етілген Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстарға кіріс­кендерін жеткізді. «Осыған байланысты Үкіметтің арнаулы оты­рысын өткізіп, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру үшін қажетті іс-шаралардың нақты жоспарын бел­гіледік. Сондай-ақ Жолдаудағы әрбір тапсырмаға жауапты тұлғаларды бекіт­тік» деді Бақытжан Сағынтаев.
Ол сондай-ақ Үкіметтің Елбасы тап­сырмаларына сәйкес, конституциялық реформа жүргізуді бастағанын жеткізді. Осы мақсатта билік тармақтары арасын­дағы өкілеттіктерді ажыратуға және қай­та бөлуге қатысты заң жобасы әзірленуде екен. Мұның сыртында мерзімінің ұзақ­тығы мен ауқымының зорлығы бойынша дүниежүзілік ең ірі шара – «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары аяқ­талуға таяғаны мәлім­делді. Бұл жаһан­дық ғылыми-техноло­гиялық жетіс­тіктер саммиті 126 күннен кейін бастау алады және үш айға созы­лады.
– Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан, өткен жылды еліміз оң нәтижелермен тәмамдады. Қа­зақстанның ЖІӨ-сінің өсімі 1% болды, – деген Бақытжан Әбдірұлы бұл көр­сеткішке бірінші кезекте, Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен қолға алын­ған дағдарысқа қарсы бағдарлама арқа­сында қол жеткеніне назар аудартты.
Премьердің айтуынша, Үкіметтің 2017 жылғы басты міндеті – Президент Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындау болмақ.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ел экономикасының ахуа­лына толығырақ тоқтала кетті.(Басы 1-бетте)
– 2016 жыл экономика үшін күрделі болды. Оған жаңа сыртқы және ішкі жағдайларға бейімделуге тура келді. Энергия ресурстары бағасының құбылуы және құлдырауы жоғары болғандықтан, әрі тұтынушылық белсенділік төмен­дегендіктен, экономикалық белсенділік те баяулады. Нәтижесінде, өткен жылдың алғашқы бес айында еліміздің ЖІӨ-сінің төмендеуі байқалды. Елбасы бастамасымен қабылданған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және Дағдарысқа қарсы жоспар аясындағы шаралар арқасында ІІ жартыжылдықтан бастап өсу қайта жанданды, – деді ол.
Министрдің мәліметінше, озық өсім динамикасына құрылыс секторында (7,9 пайыз), ауыл шаруашылығында (5,5 пайыз), көлік саласында (3,8 пайыз) қол жеткізілген. Экономикадағы тауар өндірісінің үлесі 36,6 пайыз, қызмет көрсету үлесі 57,8З пайыз болды.
– Елбасы Жолдауына орай біз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлейміз, сондай-ақ 2020 жылға дейінгі қызмет көрсету саласын дамыту жөніндегі бағдарламаны өзектілендіреміз. Жаңа салаларды құру, базалық салалардың әлеуетін барынша толық пайдалану – дұрыс жұмыс жасайтын салықтық реттеуді талап ететінін жақсы түсінеміз. Осыған байланысты салықтық заңнама жаңа экономикалық шынайылыққа көшуді, Жаңа экономика секторларын қолдауды, жер қойнауына жаңа инвестициялар тартуды ынталандыруға, сонымен бірге, салықтық жеңілдіктерді оңтайландыруға, салықтық әкімшілендіруді ары қарай жеңілдетуге бағытталатын болады, – деп түйді министр Тимур Сүлейменов.
Сөз соңында еліміздің бас экономисі биылғы жыл қорытындысында Қа­зақстанның ЖІӨ-сінің өсімі 2%-дан кем болмайды деп мәлімдеді. Министрліктің болжамынша, биыл тау-кен өндіру өнеркәсібі 3,6%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі 3,2%-ға, машина жасау 13%-ға, ауыл шаруашылығы 2,5%-ға, құрылыс секторы 2,6%-ға, көлік пен логистика 4%-ға өсуге тиіс.
Жолдаудағы тапсырмалардың үлкен бөлігі Қаржы министрлігіне қатысты болып келеді. Мысалға, Ұлттық қор қаражатын ұтымдырақ пайдалану талап етіледі. Осы мақсатта бюджеттің жетіспейтін қаржысын толтыру үшін Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылмақ.
Сонымен бірге, бюджет шығыс­тарының тиімділігін түбегейлі арттыру ісі қолға алынады. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігі тексеріледі. Тиімсіз бағдарламалардың қаражаты Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлінеді.
Өз сөзінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2016 жылғы бюджеттің «экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталғанын» мәлімдеді. Сондай-ақ ол өткен жылы 36 миллиард теңгенің игерілмегенін, Үкімет резервінің бөліске салынбаған 110 миллиард теңгесі қалғанын хабарлап, бюджет қаражаттарын игермеу проблемасына назар аудартты. Әйткенмен, Үкіметтің осы көрсеткішті көркейтуге тым әуестеніп кетуі Елбасының көңілінен шықпады.
– Игеру деген термин бар. Жыл бойы бөлінген қаржы қажетке жаратылмайды, сұраныс болмайды. Тек жыл аяқталып қалғанда, орталықтан айыптау сөз естімеу үшін осы қаржыларды жылдам игеру мақсатында әрі-бері лақтыра бастайды. Өз бюджетін қорғаған кезде әрбір министрлік келіп, алақан жаяды, ол қаржының аса қажеттігін дәлелдеп бағады. «Анаған бер, мынаған бер!» дейді. Яғни, олардың талаптары негізсіз болған. Ал негізсіз екен, ол қаржыны алып қойып, игере алатындарына берулерің керек! Оларды игеруге мәжбүрлеудің қажеті жоқ, – деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев.
– Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мейлінше артық алып қалуға құнығып тұрады, – деді Қаржы министріне бұрылған Мемлекет басшысы. – Ал сен болсаң, барлығына таратып бересің. Мемлекеттің қалтасы, қазынасы саған сеніп тапсырылған. Мемлекет ақшасын қорғайтын, үнемдейтін де сен болуға тиіссің! – деп қатаң да болса әділін айтты Елбасы.
Қаржы министрі Б.Сұлтанов әкімші­лердің игермеу себептері бұрынғыдай, «стандартты» екенін қосты, олар – «бе­кітілген контрактілер шарттарының өз­геруі, жұмысты лайықты орындамағаны үшін мердігермен келісімнің бұзылуы және жұмыс кестесінен қалып қою» көрінеді.
Үкіметте жекешелендіруге де Қаржы министрлігі жауапты. Бақыт Сұлтановтың дерегінше, былтырғы жылы мемлекеттік меншіктегі 147 объект бизнестің қо­лына тапсырылып, одан бюджетке 31 миллиард теңге түсіпті. Осылайша, екінші толқын барысында жекешелендірілген мемлекеттік актив нысандарының саны 394-ке жетті, олар жалпы алғанда, 106 млрд теңгеге сатылған. Тұтастай алғанда, 800-ге жуық мемлекеттік меншіктегі объектіні бәсекелестік ортаға беру көзделген-тін. Министрдің айтуынша, жекешелендірілетін нысандардың бұл саны тағы 105 кәсіпорынға толықты. 2019 – 2020 жылдары мемлекеттің стратегиялық объектілерін де жекешелендіру жос­парланған. «Оларды сатуға дайындау жұмыстары 2018 жылы аяқталады» деді Б.Сұлтанов.
Сарапшылардың айтуынша, Қа­зақ­стан дамыған елге айналуы үшін макроэкономикалық ахуалын тұ­рақтандыруы керек. Осы орайда Жолдауда «мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту» болып табылатыны айтылған.
Еліміз 2015 жылдың 20 тамызында валюта бағамын еркін айналымға жіберіп, инфляциялық таргеттеу режиміне көшкені мәлім. Яғни, билік те, халық та шетелдік валюталар құнының құбылғанын емес, елдегі инфляцияның көлемін басты бағдарға алады. Қазақстанда 2016 жыл қорытындысында инфляция көлемі 8,55 пайызға жетіп, бұрын белгіленген 6-8 пайыздық дәлізден шығып кетті. Әйтсе де, ағымдағы жылдың қаңтарында инфляция жылдық шама бойынша 7,9% болған. Яғни, 6-8 пайыздық дәлізге қайта оралды. Биылғы Жолдауында Президент Ұлттық банк пен Үкіметке алдағы жылдары инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуді жүктеді.
Мұның сыртында Елбасы еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» міндетін қойды. Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды. Қаржылық реттеуші отандық банктерге қойылар талапты жоғарылатып, оларды «улы активтерден» (ешқашан қайтарылмайтын кредиттерден) арылтуы қажет.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Көшбасшысы осы мәселеге арнайы тоқталды және Ұлттық банктің батыл қимылдарына ел басшылығының толық қолдау көрсететінін мәлімдеді. Осы орайда Президент банктердің бірігуіне қатысты өз пікірін білдірді.
– Банктердің әлжуаздары болады. Біз­де барлық банктік активтердің 80%-ы – төрт банкке тиесілі. Қалғанының арасында, тіпті үлесі 1%-ға да жетпейтіні бар. Әлемде дағдарыс басталғанда Exxon мен Mobil, Shell мен British gas секілді алпауыттар бірікті. Бұлар да бірігулері керек. Егер өз банктерін сақтап қалғылары келсе, акционерлері өз қаржыларын салып, олардың капиталдарын арттырулары керек. Банкті сақтаудың басқа жолы жоқ. Егер олар экономикаға қажет болмаса, демек, өмір сүруге де құқылары жоқ! – деп кесіп айтты Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк басшысын «өз қызметіне лайық және өзіне жүктелген міндетті атқару оның қолынан келеді» деп санайтынын білдірді.
– Ұлттық банк аса ауыр соққан былтырғы жылы сауатты жұмыс істеді деген ойдамын. Қазір Ұлттық банк мүмкіндіктерін заңнамалық деңгейде күшейту міндетін қойып отырмын. Оған қажетті құқықтарды беру керек. Ұлттық банк ісіне араласуды еліміздің қаржы жүйесіне қол сұғу деп санап, айыптыларды жазалау қажет. Ұлттық банк тәртіп орнатқан сайын, Ұлттық банк төрағасына қарсы бағытталған шабуыл да өрістеуде. Және оны акционерлер мен олардың демеушілері ұйымдастырады. Мен мұны көріп отырмын! – деп ескерткен Президент Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке дем бере сөйледі: «Батыл қимылда! Ешкімнен қорықпа! Егер біреу араласса, аты-жөнін маған айт!». Бұған жауап ретінде Д.Ақышев ел қаржысын жылыстатуға қарсы күресте батыр болуға уәде берді.
Ұлттық банк басшысының дерегінше, экономика жаңа жағдайларға бейімделіп, айырбас бағамы еркін айналымға жіберіл­гелі бері теңге құны «тұрақтаныпты». «Ол объективті факторларға сәйкес келеді және өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Осының барлығы Ұлттық банктің валюта нарығына араласуынсыз жүзеге асуда. Біз 2016 жылдың қыркүйегінен бері теңге бағамына ықпал ету үшін интервенция жасаған емеспіз. Бұл саясат еліміздің алтын-валюталық резервін сақтап қалуға мүмкіндік береді» деді Д.Ақышев.
ҰБ дерегінше, биылғы жылдың қаңтарының соңында Қазақстанның алтын-валюталық резерві, Ұлттық қор активтерін қоса алғанда, 92 миллиард долларға жеткен. «Бұл 2015 жылдың аяғындағы деңгейден жоғары: ол кезде бұл көрсеткіш 91,3 миллиард болған еді. Яғни, біз алтын-валюталық резервтерімізді «жеуді» тоқтаттық!» деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы.
Жиын қорытындысы бойынша Елбасы Үкіметке бизнес ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік үшін өрісті кеңейту, мемлекеттік сатып алуларды ретке келтіру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалану, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда нақты тапсырмалар берді.
Мәселен, барлық емханалар мен ауруханаларға және дертті адамдарға тегін таратылатын дәрі-дәрмекті ор­талықтандырылған түрде сатып алатын «СК Фармация» кәсіпорнындағы келеңсіздіктерді тілге тиек ете келе, онда кадрлық ревизия жүргізуді тапсырды. Жаңадан құрылған Денсаулық сақтау министрлігіне, сонымен бірге, соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында қордаланған барлық проблемаларға талдау жасап, тиісті шешімдер қабылдау жүктелді. Ал білім беру саласында Мемлекет басшысы 12 жылдық білім беруге, үш тілде оқытуға және ҰБТ-ның жаңа жүйесіне көшудің маңыздылығын атап көрсетті және осы бағыттардағы реформаларды халыққа түсіндіруді тапсырды.

Иван САУЭР,
«Родина» агрофирмасының бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Елбасы өз Жолдауында да, Үкімет отырысында да отандық агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына назар аудартты. Қазақстан әлемді асырап, таза экологиялық өнімнің басты бір жеткізушісіне айнала алар еді. Алайда жалпы алғанда, саладағы өндіріс көлемі көп артып жатқан жоқ. Саланың ЖІӨ-ге қосар үлесін де негізінен бітік шыққан кезде астық қамтамасыз етеді. Бұл сала сауықтыруға мұқтаж. Президент агрохолдингтердің қаржылық жағдайы қанағаттанғысыз жағдайда екенін баса айтты. Мұнай бағасы құлаған қазіргі шақта Үкіметке аграрлық саланы көтеруге пәрменді кірісетін кез жетті. Сондықтан бүгін Елбасы вице-премьер, АШМ басшысы Асқар Мырзахметовке қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуді тапсырды.

Елдос РАМАЗАНОВ,
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
– Бүгінгі жиында Елбасы «импорт алмастыру» деген сөзді ауызға алды. Бұл қазіргі күйзеліс уақытында отандық өндірушілерге зор қолдау болар еді. Бүгін «Атамекен» ҰКП қолдауымен, Инвестициялар және даму министрлігі және ірі жүйе құраушы кәсіпорындар жергілікті мазмұнды ұлғайту бойынша келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, министрліктің, палатаның қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылады және олар сырттан импортталатын тауарларды Қазақстанның өзінде шығара бастау мүмкіндіктерін іздестіреді. Бұл тауарларды отандық өндірушілерден елімізде жұмыс жасайтын кәсіпорындар сатып ала алады. Бұл үшін кәсіпорындар жұмыс тобына келесі жылы шетелден әкелуді жоспарлап отырған тауарлардың тізімін қалыптастырып, біздің топқа беріп отырады.

Эдуард ПОЛЕТАЕВ,
саясаттанушы:
– Елбасы осы жылдар бойы Үкіметті, шенеуніктерді жаңа реформаларға әзірлеп келді. Енді Үкімет сөзден іске көшуі керек. Бүгінде әр министр, әр әкім өзіне түсер жауапкершілік артатынын, ел мен мемлекеттің мүддесін қорғауды басты орынға қоюға тиістігін түсінгені жөн. Әйтпесе, бұдан тартынса, тек өз қамын ойлап, жауапкершілік алғысы келмесе, Елбасы айтқандай, басқа салаларға, бизнеске кетуіне жол ашық. Мемлекеттік қызметте қорқақ, жауапсыз адамдар түк бітіре алмайды. Меніңше, бұл қоғамдық пікірге, жұртшылық белсенділігіне жол ашады. Халық шенеуніктерден бұрынғыдан да ашық болуды, жұмысын айқын жүргізуді талап етеді. Жалпы, бұл реформалар, сондай-ақ өз қалтасын мемлекеттің қазынасымен шатастыра беретіндердің табанына тас қоюға бағытталған десек болады.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*