МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫНА ЖӘНЕ КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

395
0
Бөлісу:

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген өте маңызды жиыны өтті. Оған әкімдер де қатысты. Үкімет мүшелерінің сөзінде де, менің қорытынды сөзімде де 2016 жылдың қорытындысы жасалып, барлық жағдай егжей-тегжейлі талқыланды.
Жылдың басынан бері жасалып жатқан шаруалар баршаға белгілі.
Екі үлкен мәселе бар. Біріншісі – саяси реформалар: Консти­ту­цияға өзгерістер енгізу. Екіншісі – «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты Жолдау.
Осыған байланысты хабардар етейін дегенім – кадр мәселесі бойынша біраз өзгерістер жасадық.
«Бәйтерек» ұжымында жасал­ған тексеріс қорытындысы бойын­ша Ұлттық экономика министрі Бишімбаев қызметтен босатылды. Оның орнына Тимур Сүлейменов министр болып тағайындалды. Ол – сауатты, тәжірибесі мол аза­мат, Мәскеуде жұмыс істеп келді. Ал­дында сол министрлікте орын­басар болған. Дайындығы жақсы деп оған сенім артамыз.
Екіншіден, екі министрлікті бөліп, Денсаулық сақтау министр­лігін жеке құрған себебіміз – бұл саладағы сақтандыру мәселесіне байланысты көп жұмыс бар. Ха­лыққа соны түсіндіріп, іске асыру керек. Себебі, бұл – халыққа және денсаулық сақтау жүйесіне өте қажет мәселе. Америкада оқып келіп, Назарбаев университетінде жұмыс істеген Елжан Біртанов министр қызметіне тағайындалды. Ол сол министрлікте орынбасар болған. Жұмысты атқара алады деп сенемін.
Үшіншіден, Қазақстанның Ре­сей­дегі елші­сін тағайындадым. Ол – Иманғали Тасмағам­бетов. Бірін­шіден, Ресей – біз үшін көрші әрі әріп­тес, экономика мен саяси тұр­ғы­дан өте жақын мемлекет. Ол жер­ге өте беделді, тәжіри­белі, сал­мақ­ты, Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы жағдайды білетін тұлға қажет болғаннан кейін осындай шешім қабылдадым. Екіншіден, Тасмағам­бетовтің қалауы солай болды. Ойы мен тілегін ескеріп, екі жағынан да сай келетін болғандық­тан, оны сол қызметке тағайын­дадым.
Премьер-министр орынбасар­ларының аз болғаны жөн, ми­нистрлер өз шаруасын ат­қаруы керек. Ешкімге сілтемей, ешкімге сүйен­­бей, берген мәселені шешіп, өздері жауап беруі керек. Міне, мен осы мәселелер жөнінде айтайын деген едім.

Бөлісу:

Пікір жазу


*