Астана Чехияның тарихына кіреді

305
0
Бөлісу:

«Елбасы – әр толғанысы ел тағдырымен ұштасқан тәжірибелі саясаткер». Кеше Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Чехия парламенті депутаттар палатасының төрағасы Ян Гамачек осындай жоғары баға берді. Осы күні мәртебелі мейманды және оған ілескен делегация өкілдерін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қабылдады. 

Бұл сапар – екіжақты парламентаралық қарым-қатынастағы тарихи оқиға.
Н.Нығматулиннің пікірінше, бұл Чехияның екіжақты әріптестікті одан әрі ынталан­дыруға деген мүдделілігін білдіреді.
Өз сөзінде Мәжіліс спикері Чехияны «Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және эконо­микалық серіктесі» деп атады.
– Қазақстанға ресми сапар жасау туралы шақыруды қабыл алғаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Бұл сапар – екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа, соның ішінде парламентаралық қатынастарға жаңа серпін береді, – деген сенім білдірді Нұрлан Зайроллаұлы.
Палата төрағасы қадірменді қонақ­тарына Қазақстан Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі және биылғы халыққа арнаған Жолдаудың басым бағыттары жайында әңгімеледі. Жолдауда, әсіресе, экономикалық бағытты жаңғыртуға айрық­ша назар аударылғанын алға тартқан Н.Нығматулин Қазақстан экономикасында Чехия­ның өзіндік орны бар екеніне тоқ­талды.
Мәселен, біздің елімізде чехиялық капиталдың қатысуымен 100 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасына құйылған чехиялық инвестиция көлемі 186 млн дол­лар­ды құрады. Әрине, бұл екі ел әлеуетіне толық жауап бермейді. Сондықтан бүгінгі күні өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің басым бағыттары ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, фармацев­тикалық өндіріс және туризм салаларында ашылуда.
Өз кезегінде Ян Гамачек Тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы Қазақстанның жеткен жетістіктерін «тарихи табыс» деп атады.
– Бұл табыс – бірегей әрі ғажайып. Және ол Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың тұлғасымен тікелей байланысты. Қа­зақ­стан Президенті тек аймақтық қана емес, сондай-ақ әлемдік саясаттағы белді тұлға! – деді Чехия парламенті депутаттар палатасының төрағасы.
Ол Қазақстанның конституциялық реформаға кіріскенінен хабардар екен. Қазақстан Көшбасшысының «Прези­денттің біраз өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке бөліп беру» бастамасына тоқ­талған Гамачек мырза оны «өз елінің тағ­дыры үшін жоғары жауапкершілік алған тәжірибелі саясаткерге лайықты қадам» деп атады.
Кездесу барысында сондай-ақ тараптар Астана мен Прага өзара тиімді және достық қатынастар орнатқанын, оған жоғарғы деңгейдегі байланыстар кепіл болып табы­ла­тынын атап өтті. Қос мемлекет бас­шы­ларының кездесулері сенім мен сындарлы сұхбаттастыққа құрылған қа­­рым-қатынастарды дамытуға деген ұм­ты­лысты паш етеді, сонымен бірге, екіжақты ынтымақтастықты белсенді ету үшін қажетті алғышарттарды түзеді. Бұл ретте Чехия Қазақстан арқылы Еуразиялық одақ нарығына шығуға деген қызығушылығын білдіріп отыр.
Әңгіме барысында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы мүшесі ретінде Қазақстанның ізгі қызметі де тілге тиек етілді. Сонымен қатар Елбасының қолдауымен Астанада өткізілген Сирия­дағы жағдайды реттеу бойынша келіс­сөздердің мән-маңызы да атап көрсетілді. Екі ел парламентарийлері мұның сыртында Қазақстан мен Еуропалық одақ ара­сындағы серіктестікті және ынтымақ­тастықты өркендету мәселелеріне де назар аударды.
Осы жылдың маусым айында Астанада ашылатын «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін де назардан тыс қалмады. Онда Чехия президенті Милош Земан құрметті қонақ ретінде қатысады деп күтілуде. Көрмеде аталған мемлекеттің арнайы павильоны жұмыс жасайды. Бұл осы елдің өз тарихында «ЭКСПО» маман­дан­дырылған көрмесіне алғаш рет қатысуы екен. Яғни, тұсауы қазақ елінде кесілмек. Осылайша, Астана Чехияның тарихына кіргелі тұр.
Жүздесу барысында сондай-ақ аймақ­тық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық салалардың маңызды сұрақтары талқыланды. Екі ел палата­ларының басшылары парламентаралық ықпалдастықты ары қарай күшейтуді жақ­тайтындарын айтып, бұл істің маңыздылығы туралы ортақ ойға келді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*