Елбасы тапсырмалары жігерлі жұмысқа ұласады

452
0
Бөлісу:

Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болуы үшін ең алдымен, әрбір мемлекеттік қызметшіден, Үкіметтің әр мүшесінен сарқылмас күш-жігер, қажымас қажыр-қайрат, ақыл-ой мен еңбек талап етіледі. Өткен жұмада Министрлер кабинетін жинап, кеңейтілген отырыс өткізген Елбасы болашақпен астасып жатқан бүгінгі маңызды істер мен межелі міндеттерді белгілеген болатын. Ертесіне Үкімет отырысын шақырған Премьер-министр Б.Сағынтаев Президент тапсырмалары салиқалы жұмыстармен сүйемелденуге тиістігін атап көрсетті.  

Дүниежүзіндегі 200-ден аса мемлекет арасында Қазақстан «әлемдік асырау­шы­лардың» бірі саналады. Біз өз мұнай-га­зы­мызды жеткізу арқылы адамзатты өмір үшін аса қажетті жылу-жарықпен, ал ас­тық жөнелту арқылы әлем тұр­ғын­дарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр­мыз. Енді Қазақстанның жаһандық экс­порттаушы ретіндегі рөлі еселеп артуға тиіс. Осы орайда Қазақстанда экспорт пен им­портқа жеке жауап беретін жаңа ұлттық ком­паниялар пайда болатыны жария етіл­ді. Үкімет отырысында Бақытжан Са­ғын­таев Инвестициялар және даму ми­нист­рі­не осы ұлттық компанияны құру мәселесін пысықтауды тапсырды.
– Жеңіс Махмұдұлы! – деді министр Ж.Қасымбекке қайырылған Үкімет же­тек­шісі. – Екі апта мерзім ішінде экспорт жә­не импорт жөніндегі ұлттық комп­а-ния­ларды құру бойынша ұсыныстар ен­гі­зіңіз. Сондай-ақ салалық министр­лік­тер­мен және әкімдіктермен бірлесіп, Пре­зидент атап өткен 72 нысанның әр­қай­сысы бойын­ша мәселелердің байы­бына барып, тиіс­ті шаралар кешенін тү­зіңіз! Мүдделі мем­лекеттік органдармен, әкімдіктермен жә­не ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бір­ге жаңа жобаларды іріктеу бойынша тиім­ді тәсілдерді әзірлеуіңіз керек. Мем­ле­кеттік қолдауды тек бәсекеге қабілет­ті­лікті арттыру және экспорттық нарықтарға шығу бойынша нақты жос­парлары бар жобалар ғана алуға тиіс! – деп нықтады Б.Сағынтаев.
Премьер-министр Инвестициялар жә­не даму министрлігіне Сыртқы істер ми­нистрлігімен тізе қоса отырып, отандық өнімдердің экспортын шетел нарық­та­рын­да ілгерілету бойынша бірлескен жос­парды әзірлеуді және бекітуді жүктеді. Бұл іске де екі апта мерзім кесілді.
Осының алдында Мемлекет басшысы Ин­дустрияландыру аясында іске қосыл­ған­дар арасында жалпы сомасы 150 мил­лиард теңге инвестиция салынған 72 жаңа кәсіпорынның не шамалы ғана жүктел­гені­не, не мүлдем тоқтап тұрғанына назар аударт­қан еді. Президенттің байламынша, осы кәсіпорындардың ең құрығанда, жар­тысы толық жұмыс жасаса, ел эко­но­ми­ка­сына үлкен пайда келтіреді.
Сондықтан Үкімет отырысында Ба­қыт­жан Сағынтаев өзінің бірінші орын­ба­сары А.Маминге осы аптада аталған кәсіпорындардың жағдайына терең талдау жасауды тапсырды: «Атын атап, түрін түс­теп шығыңыз, қайсысының қандай мә­се­лесі бар, неге мұқтаж? Бәлкім, кейбіріне кө­мек ендігі керек те емес шығар, оларды қай­та жандандырғаннан, жауып тастаған жеңіл болар. Неге бұлай болғанын да тү­сінуі­міз керек» деді Үкіметбасы.

Әлемдік қара базардағы бәсекелестікке төтеп беру үшін отандық өндірушілер мемлекеттен пәрменді, тиімді қолдау көргені абзал. Әйтпесе тылы мықты болмаса, халықаралық нарықта тегеурінді экспансия жасау мүмкін емес.
Осы орайда Үкімет жетекшісі мемле­кеттік сатып алулардағы отандық тауарлар үлесін арттыруды тапсырды. Дегенмен еліміздегі кәсіпкерлер мемлекеттің нені сатып алып жатқанын уақытында білмей қалатыны жасырын емес. Тек өзі діттеген компаниялардың жеңуіне жол ашу үшін өзгелердің беймағлұм болуына арамқол шенеуніктер де ықпал ететіні жасырын емес. Бұған бұдан былай тосқауыл қою мақсатында Үкімет Қазақстандағы барлық өндірушілер мен сатып алулардың бірың­ғай тұғырнамасын құратын болды.
Б.Сағынтаев бұған дейін «автокөліктер бойын­ша орталықтандырылған мемлекет­тік сатып алулар тетігі енгізілгенін» мы­сал­ға келтірді: бұл отандық өндірушілердің әлеуетін арттырып, олардың өндірісін жаңғыртуға мүмкіндік берген көрінеді.
– Біз биыл осындай жұмысты жиһаз және жеңіл өнеркәсіпте жүргізуге уағ­да­лас­тық. Мұндай салалардың тізімін кеңейтуіміз керек. Инвестициялар және даму министрлігіне ҰКП-мен бірлесіп, бір аптада осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Қаржы минис­трлігіне мемлекеттік сатып алу­ларды өткізу кезінде отандық өнімді пай­да­лану тұрғысынан конкурстық құжат­тамаларды мұқият бақылауды жүктеймін! – деді.
Ол квазимемлекеттік сектордың, яғни, құрылтайшысы мемлекет болып табы­латын кәсіпорындар мен ұлттық ком­пания­лардың сатып алуларына жеке тоқталды. Үкімет жетекшісінің айтуынша, бұл мәселеде бірыңғай саясат жоқ: «Самұрық-Қазына» тендерлері жеке заңмен, әкімдер мен меморгандардың сатып алулары – бөлек заңмен, ал жеке секторда – өздерінің ішкі ережелерімен реттеледі.
«Бұл тетік түбегейлі түрде қайта қарауды талап етеді. Бір апталық мерзімде айқындық пен қолжетімділікті ескере отырып, осы компанияларға арналған сатып алулардың бірыңғай ережелері бойынша ортақ тәсілдер әзірленуге тиіс! Неге мен мұны тез жасау керек деп отырмын? Өйткені жақын уақытта сатып алулар басталады. Демек, біз шайқалып жүргенше, тиісті қағаздарды, ережелерді қарағанша, процесс басталып кетеді де, ойға алғанымыздың бәрі келесі жылғы сатып алулар үлесіне қалады. Ендеше, бұл жұмыс барынша жедел жүргізілуі қажет. Аталған тәсілдер негізінде Қаржы минис­трлігіне бірінші тоқсанның соңына дейін тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырамын!» деді Б.Сағынтаев.
Премьер барлық сатып алулар бір электронды алаңда, электронды форматта жүргізілуге тиістігін нықтады. Сонда оған отандық өндірушілер қол жеткізіп, мейлінше мол пайда таба алады. Қолда бар деректер бойынша мемлекеттік сатып алулардың, квазимемлекеттік сектордың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларының жалпы құны 9,7 триллион теңгені құрайды. Осынша қара­жаттың үлкен бөлігі елде қалып, отандық өндірушілер арасында бөліске салынса, бұл жеке бір дағдарысқа қарсы қуатты бағдарламаға айналар еді.
Осыған орай Үкімет басшысы Инвес­тициялар және даму, Қаржы министр­ліктерін ҰКП және ұлттық холдингтермен бірлесіп, «Сатып алулар мен өндіру­ші­лердің бірыңғай ІТ-платформасын жасауға» міндеттеді. Ол платформада квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушыларды қоса алғанда, барлық тиісті деректер базасы біріктірілетін болады.
Премьер-министр Инвестициялар және даму, Энергетика министрліктерін «әрбір ірі кәсіпорынмен жұмыс жүргізіп, жергілікті мазмұнды ұлғайту бойынша мақсатты индикаторды белгілеуге» міндеттеді. Осы тұста Үкімет басшысы «Арселор Миттал Теміртауды» қазақстан­дық өнімді сатып алуға құлық таныт­пай­тыны үшін қатаң сынға алды.
– Оларға қажет бола қалғанда, біз осы ірі кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Тиісінше, олардан жергілікті мазмұн бойынша қайтарым күтеміз. «Арселор Миттал» басына қиындық түссе болды, бірден Үкіметке жүгіріп келеді. Жеңілдіктер мен преференциялар алады, ал өзі болса, қажеттінің бәрін сырттан сатып алады. Оны отандық өнімге еш иліктіре алар емеспіз. Қарағандыда резиналық-техникалық бұйымдар зауыты да жүгінген, ол дәл іргесінде, дуалдың ар жағында тұр, бірақ компания одан ештеңе сатып алмай, бәрін шетелден тасиды, – деп қынжылыс білдірген Премьер-министр жауапты тұлғаларға ірі кәсіпорындар басшыларын шақырып, оларға сатып алуларындағы жергілікті мазмұнды арттыру бойынша талап қоюды жүктеді.
Б.Сағынтаев сатып алулар жөніндегі мәселелерді өзінің жеке бақылауында ұстайтынын қадап айтты. Ол тіпті квази­мем­лекеттік сектордағы төл компа­ния­ларымыздың өздері ДСҰ талаптарына және өздерінің ішкі ережелеріне сілтеме жасап, қазақ­стандық мазмұнды арттыруға қарсы­ласатынын жасырмады. Бұл ретте Премьер-министр «ДСҰ жергілікті мазмұнды арттыруға тыйым салмай­ты­нын» ескертті.
Отандық өндірушілерді өркендетуге және олардың өнімін мемлекеттік сатып алуларға жіберуге қарсылық білдірген бір компанияның басшысына ақыры лауазы­мымен қош айтысуға тура келді. Түсіндіре кетсек, Қазақстанда кепілден­дірілген тегін медициналық көмек аясында барлық дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды бірыңғай дистрибьютор – «СК Фармация» мемлекетік кәсіпорны сатып алады. Елбасы мұның «мафияға» айналып кеткенін айтты: шетелдік инвесторлар келіп, Қазақстанда фар­мацев­тикалық фабрика ашқысы келсе, «СК Фармация» оларға мемтапсырыс бермейді екен. Жер телімі де бөлінбейтін болып шықты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жаңа Денсаулық министрі Е.Біртановқа «СК Фармацияда» қара басының қамын күйт­теп, ел мүддесін аяққа таптап отыр­ғандарды қуып шығуды және жағдайды түпкілікті түзеуді тап­сырды.
Үкімет отырысында Бақытжан Сағын­таев Президенттің кадрлық тазарту туралы тапсырмасының қалай орындалғанын сұрастырды. Министр Е.Біртанов «СК Фармацияның» бірінші басшысы отстав­каға кеткенін хабарлады. Өзге де процеду­ра­лық рәсімдер жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл көмекке зәру қазақстан­дықтарды дер уақытында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісінің жақсаруына ықпал етуге тиіс. Премьер-министр сондай-ақ министрге дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар бойынша сатып алулардағы жергілікті мазмұнның үлесін арттыру бо­йын­ша нақты шаралар қабылдауды жүктеді. Әйт­песе, қазіргі кезде мемлекеттің сатып алуларындағы қазақстандық фармөнім­дердің үлесі небары 30 пайыздай ғана екен.
Сондай-ақ медициналық техни­каларды жеткізушілер сол техниканы пайдаланудың толық мерзімінде сервистік қызмет көр­се­туге міндеттелетін болады. Мұның сыр­тын­да қарау ниетті шенеу­ніктермен сыбай­ласып, бірнеше есе қымбат баға белгілеуін болдырмау үшін медициналық техниканың Бірыңғай номенклатурасы құрылмақ.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкімет жетекшісі бюджет қаражатын тиімді әрі үнемді пайдалануды мұқият қадағалауды тапсырды. Енді Үкімет «игеру бойынша жақсы көрсеткіш үшін» ел қаржысын жыл соңында жедел жұмсау тәжірибесінен бас тартады. Бұл үшін шығындарды сапалы және бірқалыпты жоспарлауға мән беріл­мек. Осы мақсатта Қаржы министр­лі­гіне «мемлекеттік органдар мен әкімдік­тер­дің бюджеттерін бекітуде қатаң позиция ұс­тану» жүктелді. «Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша аз игерген жағдай­да бюджет қаражатын басқа мақ­сат­тарға қайта бөлу туралы мәселені төте­сінен қой­ған жөн» деп түйді Б.Сағынтаев.
Үкімет отырысынан кейін өткен бас­пасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те қатаң ұстаным танытып, әкімдерге «мемлекеттік бюджет қаражатынан көп үміттенбей», жергілікті жобаларды жеке сектормен, бизнесмендермен бірлестікте жүзеге асы­руға кеңес берді. Бұл үшін «мемлекет пен жекенің серіктестігі» дамытылуға тиіс. Мәселен, бизнесмен балабақша салады, ал әкімдік балабақша үшін төлемақының бір бөлігін субсидиялау арқылы оған мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарына кезекте тұрған ата-аналарды бағыттап, клиентпен қам­тамасыз етуі керек.
Министр МЖС үшін барлық қолайлы жағдай түзілгенін айта келе, әкімдерге «енді соны жарнамалаумен айналысуды» ұсынды. Сондай-ақ биылғы бірінші тоқсан да МЖС қолданылатын барлық сектор бойын­ша типтік құжаттар бекіту жоспар­лануда. Сонда әкімдік те, инвестор да қандай шарт­тарға келісіп отырғанын нақты түсі­нетін болады.

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*