СИРЕК ҚОЛЖАЗБАЛАР – ҰЛТТЫҢ ҚҰНДЫ МҰРАСЫ

2293
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында біз білмейтін дерек қорлары өте мол. Олардың жалпы саны отыз мыңнан асып жығылады. Тіпті көпшілік біле бермейтін сирек кітаптарды да табуға болады. Әсіресе, оның ішінде мыңнан астам қолжазба еңбектер барын ерекше  айта кетуіміз керек. Аталмыш қор қызметкері Ықтияр Палтөре мырза сирек кітаптар туралы қызықты мағлұматтарды бөліскен еді. 

– Ұлттық кітапханамыздың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында көпшілік біле бермейтін қандай деректер бар?
– Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында көптеген бірегей қолжазбалар мен сирек кітаптар бар. Олардың жалпы саны 30 мыңнан асады. Оның ішінде Мыңнан астамы – қолжазба еңбектер. Осы орайда айтылуы тиіс мәселенің бірі – қолжазбалардың тіліне қатысты болмақ. Сирек қорда сақталған шығыс тілдеріндегі оның ішінде араб графикасындағы қолжазбалар мен басылым кітаптары тіліне қарай бірнеше топқа жіктеледі. Бұларды жалпы көпшілік қауым араб әріптерімен жазылғандықтан «Арабша қолжазбалар» немесе «Ескі арабша кітап» деп атай береді. Бірақ ұлттық кітапханамыздың сирек қорындағы бірегей басылым кітаптар мен қолжазбалар талапқа сай ғылыми түрде жүйеленген. Ең бастысы, олар басы­лымдық және қолжазба кітаптар деп екіге бөлінсе, бұлардың әрқайсысы тіліне қарай іштей сұрыпталады. Жазылу графикасына қарай араб тіліндегі, парсы тіліндегі кітаптар десек, енді бірде араб әліпбиімен жазылған қыпшақ тіліндегі, османлы түрік тіліндегі, қазіргі түрік тіліндегі, шағатай (орта түрік) тіліндегі, мұнан басқа татар, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, қырғыз, қазақ тілдеріндегі кітаптар да кездеседі. Басқаша айтқанда, кітаптар мен қолжазбалардың жазылу тіліне қарай екі-үш топқа бөліп жіктейміз. Алғашқы топқа хатқа түсіп сақталуы мен тілі бір болып келетін араб тіліндегі қолжазбалар мен кітаптар, екінші топқа парсы тіліндегі қолжазбалар мен кітаптар топтамасын жатқызсақ, ал үшінші топқа араб әліпбиі негізінде жазылған азды-көпті араб сөздері кездесетін шағатай, қыпшақ, түрік, татар, ұйғыр және қазақ тіліндегі қолжазбалар мен кітаптар және басылымдар топтамасы. Осы тұста, ұлттық кітапханамыздың сирек қорында ерен еңбек еткен Сейтен Лейманұлы Сауытбеков ағамыздың атын ерекше құрметпен атап өткеніміз келеді. Себебі, бұл кісі – ұлттық кітапханамыздың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорын жүйелеудің негізін қалаған зиялы қауым өкілі. Күні бүгінге дейін С.Сауытбеков ағамыз 1981 жылы құрастыр­ған «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөліміндегі шығыстық кітаптар» каталогын басшылыққа алып отырамыз.
– Тәуелсіздік алғалы бұл қордағы каталогтар жаңартылды ма? Әлде сол баяғы топтамамен қалып қойды ма?
– Күні бүгінге дейін азды-көпті жұ­мыстар атқарылғаны рас. Өзіңіз білесіз, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста шығыс тілдерін жетік білетін мамандарға сұраныс жоғары болды. Сондықтан бірнеше шығыс тілдерін қатар білетін мамандардың ұлттық кітапханамыздағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында отырып жұмыс жасауы, сирек қордағы дүниелердің каталогтарын саласына қарай бөліп, ғылыми талаптарға сай етіп әзірлеу мәселесі тәуелсіздігіміздің алғашқы 15 жылдығында ескеріле қоймағаны рас. Бірақ соңғы жылдары бұл сала қайта жандана бастады. Атап айтсақ, 2008 жылы парсы тіліндегі қолжаз­балардың каталогы жарыққа шықты. Бұл каталогты әзірлеуде профессор Сафар Абдулло ағамыздың еңбегі зор. Мыңнан аса қолжазбаның ішінен парсы тіліндегі қолжазбаларды таңдап алып, олардың әрбіріне үңіліп, оны жан-жақты ғылыми сарапқа салып, жалпы саны 112 парсы тіліндегі қолжазба жайындағы мәліметті топтастырып, ирандық доктор Бакир Камаледини мырзамен бірігіп орыс тілінде «Каталог рукописных книг на персидском языке: из собрания Национальной библиотеки Республики Казахстан» атты каталог жасап шықты. Ал 2011 жылы шығыстанушы ғалым, парсы тілінің білікті маманы Ғалия Қамбарбекова ханым «Парсы тіліндегі кітаптардың каталогы» атты еңбекті жарыққа шығарды. Бұл каталогта парсы тіліндегі басылым кітаптары тарих, география, медицина, саясат, парсы тіліндегі көркем әдебиет, аударма әдебиет сияқты т.б. болып саласына қарай ғылыми талапқа сай етіп жасалды. Бұл оңай шаруа емес. Көп уақытты қажет ететін, алыс-жақын шетелдердегі кітапханалар қорында сақталған парсы тіліндегі қолжазбалардан да хабардар болуды қажет ететін әрі қиындығы мен қуанышы қатар жүретін аса жауапты жұмыс. Сондықтан мұндай іске атсалысу үшін жоғары біліктілік пен мол тәжірибе қажет.
Осы тұста басылымдық кітаптардың өзі литографиялық, типо-литографиялық және типографиялық болып бөлі­нетіндігін де айта кету керек. Бұлардың ішінде литографиялық кітаптар құн­дылығы тұрғысынан қолжазбалардан кейінгі екінші орында тұрады. Себебі, мұндай тәсілмен басылған кітаптардың түпнұсқасы – қолжазба.
ХІХ ғасырдың басында қолжазбаны литографиялық тәсіл арқылы бірнеше данасын жасап шығаратын баспалар жұмыс жасаған. Мысалы, Бұхара, Самарқан, Лахор, Бомбей, Дели, Ташкент сияқты қалаларда литографиялық баспалар болған.
– Сөзіңізге қарағанда, сирек қордағы парсы тіліндегі сирек кітаптар мен қол­жазбалардың каталогтары әзірленген секілді. Одан бөлек, араб тіліндегі нұс­қалардың жай-күйі қалай болып жатыр?
– Әрине, араб тіліндегі нұсқаларын әзірлеу жоспарда бар. Қазір осы бағытта жұмыс істеудеміз. Сирек қорға жұмысқа тұруымның өзі араб тіліндегі қолжазбалар мен басылым кітаптарының каталогын жасаумен тікелей байланысты. Ұлттық кітапханамыздың қазіргі директоры Жанат Тұрарұлының атқарып жатқан жұмыстарының басты бағыттарының бірі – осы шығыс тілдеріндегі, әсіресе, араб, парсы, шағатай, ортақ түркі тілдеріндегі құнды жазба мұраларымызды насихаттау, ғылыми айналымға шығару. Елімізде соңғы жылдары араб тілінде жазылып, сақталған тарихи, діни кітаптар мен бірегей қолжазбаларға көңіл бөлінуде. Араб тілін білетін мамандарымыз ата-балаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Ислам дінінің салт-санада, ұлттық дәстүрмен сабақтасып кеткен жолын ғылыми тұрғыдан зерттеп насихаттаумен байланыстыра отырып, атқарса дұрыс болар еді. Кітапхана директоры Жанат Тұрарұлының бастамасымен Египет Араб Респуб­ликасындағы Дарул кутуб әл-Мысрия (Мысырдағы ұлттық кітаптар үйі мекемесі) мен Ұлттық кітапхана арасында ынтымақтастық меморандумға қол қою келіссөздері қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ Түркиядағы Сүлеймания қолжазба кітапханасымен де ынтымақтастық туралы меморандум жасасу бойынша келіссөздер басталып кетті деуге болады.
– Араб-парсы тіліндегі қолжазбалардан өзге, бұрын-соңды айтылмаған, ғылыми айналымға түспеген дүниелер бар ма?
– Ондай дүниелер де бар. Егер рұқсат болса, сүйінші сұрайын. Араб тіліндегі қолжазбалар арасында өте құнды, бірегей қолжазба ретінде көне Отырар қаласының тумасы Исмайыл әл-Жауһари әл-Фарабидің «ас-Сихах» атты еңбегінің қолжазба көшірме нұсқасы өзімізден табылды. Бұл еңбектің араб тіліндегі толық атауы «Тәжул-луға уа сихах әл-арабийа» (Тіл тәжі және дұрыс араб тілі) деп аталады. Кейде «Китабус сихах фил луғат» деген атаумен де айтыла береді. Тіпті бұл еңбектің атауы қысқарып «ас-Сихах әл-Жауһари» (әл-Жауһаридің «Сихахы») деген атпен де ғылыми айналымға еніп кеткен. Фараб қаласынан шыққан Исмайыл әл-Жауһаридің «ас-Сихах» еңбегінің қолжазба көшірме нұсқалары қазіргі таңда Тебриз, Ыстамбұл, Каир, Лейден, Париж, Берлин, Санкт-Петербург, Ташкент кітап­ха­наларының сирек қорларында сақтаулы. Ғалымның бұл еңбегінің қолжазба нұсқасы өз еліміздегі Ұлттық кітапха­наның сирек кездесетін кітаптар мен қол­жазбалар қорынан табылып отырғанын ғылыми жаңалық деуге болады. Себебі, осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар әл-Жауһаридің «ас-Сихах» еңбегінің қолжазба нұсқасының өз еліміздегі ұлт­тық кітапхана қорында сақталып отыр­ғандығы туралы ешбір мәлімет кел­тірмейді. Фарабитану саласында өзіндік қолтаңбасы бар атақты шығыстанушы ғалым, профессор ұстазымыз Әбсаттар Бағысбайұлы да Исмайыл әл-Жауһаридің «ас-Сихах» еңбегінің көшірмесінің өз еліміздегі ұлттық кітапхана қорынан табылғандығын естігенде, қатты қуанды. Оның біз үшін тың жаңалық екендігін айтып отыр. Ұлттық кітапханамызда сақталып отырған әл-Жауһаридің «ас-Сихах» еңбегінің ІІ томының қолжазба көшірмесі ХVІІІ ғасырға (1756 ж) тиесілі. Бір қызығы бұл қолжазбаны ұлттық кітапхана қорына табыстаған азаматтың да туған жері Түркістан қаласынан болғандығы. Осыған қарағанда, оңтүстік өңірлерде аталмыш еңбектің қалған томдары да табылып қалуы бек мүмкін. Біз Исмайыл әл-Жауһаридің еңбегінің қолжазба нұсқалары арасындағы салыс­тырмалы зерттеу жұмыстарын жалғастыра бермекпіз. Зерттеу барысында әл-Жауһаридің «ас-Сихах» атты араб тілінде жазған еңбегінің түрікше аударма нұсқасы Мысыр еліндегі Дарул кутуб әл-Мысрияда (Мысырдағы ұлттық кітаптар үйінде) сақталып тұрғандығын анықтадық. Алдағы уақытта ынтымақтастық туралы меморандум аясында өз ұлттық кітап­ханамызға осы қолжазбаның көшірме нұсқасын алып келуге ниеттіміз.
Араб тілінде жазылған қолжазбалар арасында авторы белгісіз «Салауат ала Мұхаммад» (Мұхаммед Пайғамбарға салауат айту кітабы) деп аталатын қолжаз­баны да ерекше айтуға болады. Жалпы, қолжазбаның сақталу деңгейі өте жақсы. Көркем етіп анық жазылғандықтан, оңай оқылады. Бұл қолжазбаның мазмұны Мұхаммед Пайғамбарға салауат айту арқылы оны дәріптеуге, оған мадақ айтуға құрылған. Діни руханиятымызды байыта түсетін осындай құнды қолжазба еңбекті алдағы уақытта қазақ тіліне аударып, екі тілде арабша-қазақша етіп кітап етіп шығаруға болады. Өйткені бұл қолжаз­баның көлемі шағын.
Осы қорда жұмыс жасау барысында араб тіліндегі қолжазбалар арасында діни сарында жазылған еңбектер басым екендігіне көз жеткіздім. Осындай діни тақырыпта жазылған қолжазбалар ішінде Убайдулла ибн Масудтың «Мухтасар әл-Уиқайа» атты еңбегін ерекше атауға болады. Себебі, қордағы қолжазбалардың ішінде осы автордың еңбегінің қолжазба нұсқалары көп кездеседі. Жалпы саны жиырмаға жетеді. Автордың бұл еңбегі Ислам дінінің шариғатын, яғни діни құлшылықтарды орындаудың жолдарын түсіндіретін, үйрететін мазмұнда жазыл­ған. Убайдулла ибн Масудтың «Мухтасар әл-Уиқайа» атты еңбегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни ұстаным бағытымен толықтай сәйкес келеді. Өз ұлттық кітапханамыздың қорында «Мухтасар әл-Уиқайа» еңбегінің қолжазба нұсқаларының көп болуы алдағы уақытта оларды зерттеп, зерделеуге нұсқалар арасындағы айырмашылықтар мен ерекшеліктерін анықтауға оларды көшіріп жазушылардың кімдер екендігін нақтылау бағытында ғылыми зерттеу жұмысын жазуға болады деген пікірдеміз. Бұл айтылған пікір қасиетті Құран аяттарын, сүрелерін көшіріп жазушыларға да қатысты деуге болады. Қорда Құран аяттарының, сүрелерінің көптеген көшірме нұсқалары бар. Осы қасиетті Құран коллекциялары ішінде ХII ғасырға тиесілі куфа жазуымен жазылған Құран аяттарының толық көшірме нұсқасы сирек қорымыздағы аса құнды қолжаз­балардың бірегейі болып табылады.


– Құран аяттарымен қатар, тағы да қандай құнды жазба мұраларды ерекше атап өтесіз?
– Шағатай тілінде 1721-1723 жылдары жазылған Фирдоусидің «Шахнамесі», ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдар­ламасының халықаралық тізіміне енгізілген Қ.Яссауи мен С.Бақырғаниға тиесілі қолжазба мұралар аса құнды қолжазбалар қатарына жатады. Мұнан басқа сирек кездесетін баспа кітаптар қатарында қазақ әдебиеті классиктерінің, қазақ ағартушыларының көзі тірісінде жарық көрген еңбектерін айтуға болады. Сондай-ақ «Туркестанские областные ведомости» (1879-1917 жж.), «Қазақ» (1913-1918 жж.), «Еңбекші қазақ» (1923-1932 жж.), және т.б. газеттер мен «Айқап» (1911-1917 жж.), «Абай» (1918 ж.), «Шолпан» (1922 ж.) сияқты алғашқы мерзімді басылымдар, газет-журналдар сақталып отыр. Зерттеу барысында Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың хикметтерінің қолжазба нұсқасы Мысырдағы жоғарыда айтқан Дарул кутуб әл-Мысрия кітап­ханасында сақталғанын анықтадық. Алдағы уақытта мұны елге алып келу арқылы кітапханамыздың сирек қорын байыта түссек деген ойдамыз.
Есімі Абай шығармасында аталатын Сопы Аллаярдың «Сәбәтул-ажизин» (Әлсіздердің табандылығы) атты түркі тілінде жазылған еңбегі де сақтаулы. Осы арада «Қазақ әдебиетіндегі сопылық поэзияны» зерттеп жүрген ғалым Ақбота Ахметбекова ханым сопы Аллаярдың «Сәбәтул-ажизин» атты еңбегінің ұлттық кітапханада 179728 нөмері бойынша 1841 жылы Қазаннан шыққан басылымдық нұсқасының мәтіне сілтеме жасайды. Бірақ ұлттық кітапхана қорында сопы Аллаярдың «Сәбәтул-ажизин» еңбегінің қолжазба нұсқасының сақталғандығы туралы мәлімет келтірмейді. Осыған қара­ғанда ұлттық кітапхананың сирек кез­десетін кітаптар мен қолжазбалар қо­рын­дағы сопы Аллаярдың «Сәбәтул-а­жизин» еңбегінің қолжазба нұсқасының да құндылығы басым болуы мүмкін деген жорамал жасаймыз. Алдағы уақытта қолжазба мен басылымдық нұсқаны салыстыру арқылы, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі қолжазба нұсқа­ларымен салыстыру барысында оның құндылығы жайында нақты, дәйекті түрде пікір айтуға болады. Бәріне де уақыт қажет. Зерттеп, қызығатын мамандар керек. Негізі әлі қыр-сыры ашыла қоймаған қолжазабалар мен кітаптар сирек қорымызда баршылық. Мұның әрқайсысына талдау жасалып, зерттеліп, зерделеніп, егер олардың көшірме нұсқалары болса, оларды салыстырып талдау арқылы баға берілетіндіктен, бұл біршама уақытты қажет етеді.
– Осы қолжазба саласында әлем мойындайтын білікті мамандар бар ма? Болса, олар кімдер?
– Сізге бір қызықты оқиға айтайын. Әлем мойындаған, араб елдерінде шығыс тілдеріндегі қолжазбалардың білікті маманы Насрулла ат-Тарази деген өзіміздің Тараз қаласының тумасы, біздің отандасымыз болған. Бұл кісі бүкіл саналы ғұмырын шығыс тілдеріндегі, нақтырақ айтсақ, парсы, түрік, шағатай, османлы тілдерінде жазылған қолжаз­баларға арнаған. 23 мың қолжазбаны оқып, қолжазба саласында әлем мойындайтын бірегей тұлғаға айналған. Бұл туралы Насрулла ат-Тарази өзінің араб тілінде берген көлемді сұхбатында егжей-тегжейлі сөз етеді. Насрулла ат-Тарази 1922 жыл 15 наурызда қазіргі Тараз қаласында (Әулие-ата, Жамбыл) дүниеге келген. 1930 жылы Насрулла ат-Тарази әкесі Мубашшир ат-Таразимен бірге саяси жағдайға байланысты Ауғанстанға өтіп кетеді. Сол жерде бастауыш пен орта сыныпты оқып, жоғары сыныптық білімін Кабулдағы француз мектебінде тәмамдайды. Өз әкесінен араб, парсы, османлы түрік тілдерін үйренеді. Сондай-ақ сол жердегі танымал дін ғалымдарынан дәріс алып, өз білімін арттырады. 1949 жылы Насрулла ат-Тарази әкесімен бірге Пәкістан арқылы Мысыр еліне қоныс аударады. Осы 1949 жылдан бастап қайтыс болғанға (2002 жыл) дейін Насрулла ат-Тарази сол елде саналы ғұмырын өткізеді. Мысыр елі оған 1964 жылы азаматтық беріп, оны толыққанды өз азаматы ретінде таниды. Профессор Насрулла ат-Тарази өзінің еңбек жолын 1951 жылы Дарул-кутуб әл-Мысрияға (Мысырлық кітаптар үйінде) шығыс тілдері бөлімінде каталогшы ретінде жұмысқа қабылданып, көп ұзамай аға каталогшы, одан кейін бөлім бастығының орынбасары, кейін бөлім бастығы дәрежесіне дейін жоғарылаған. 1970 жылы Дарул-кутуб әл-Мысрияға (Мысырлық кітаптар үйінде) шығыс тілдерінің барлық тармақтары бойынша басшы, бас маман болып тағайындалады. Насрулла ат-Тарази Дарул-кутубтегі 23 мың қолжазба мен шығыс тілдеріндегі басылымдарды сұрыптап шыққан. Бұл 16 томнан тұратын энциклопедиялық каталог болып басылған. Ең бастысы, осындай әлем мойындаған тараздық тұлғаның артында қалған жеке мұрасы ел ағаларының арқасында еліміздегі Орталық мемлекеттік архивтің жеке қорына жеткізілді.
– Қорда сақталған қолжазбалардың жөні бөлек. Дегенмен ел арасында сақталып қалған дүниелер де баршылық. Көпшіліктің арасында сақталып қалған сирек кітаптарды жинақтауға бола ма?
– Бейресми зерттеу деректеріне қарағанда, қазіргі кезде халықтың қолында, отбасылық жеке қорда сақталып отырған көптеген қолжазба, ескі кітаптар бар. Осы қолжазбаларды алып келіп, ұлттық кітапханамыздың сирек қорына көрсетсе екен. Қандай қолжазба екендігін анықтап, оның құндылығын саралап көрер едік. Егер мемлекеттік тіркеуге өткізіп, ұлттық кітапханамыздың сирек қорын байыта түсуге шешім қабылдаса, қуана қарсы аламыз. Ал егер отбасылық жеке қорда өзіміз сақтаймыз деп шешсе, оған да қарсы емеспіз. Тек баса айтатын мәселе уақыт өткен сайын қолжазбаның сақталу талаптары толықтай сақталмай­тындықтан ескі кітаптардың, қолжаз­ба­лардың бүлінуі, тіпті оқылуы қиындап жарамай қалу қаупі басым. Сондықтан тү­сіністікпен қарап, ең болмаса, ұлттық кітап­ханамыздың сирек қорына хабар­ла­суды сұраймыз. Ұлттық жазба мұра­лары­мызды сақтап қалуға бей-жай қарамайық.
Өткен жылдың соңында Ақсәуле Қанатқызы есімді азаматша хабарласып, қолында атасынан қалған араб тілінде жазылған ескі кітаптардың бар екендігін айтты. Біз уақыт белгілеп кездестік. Ескі кі­таптарды бір қарап шыққан соң, оны ұлттық кітапханамыздың сирек қорына өткізуге кеңес бердім. Мұны текке айтып отырған жоқпын. Осы Ақсәуленің отбасы сияқты халық арасында көзі ашық зиялы адамдар көп қой. Тек қолжазбаға, ескі кітаптарға қатысты қайда барып, кімге жолығатындығын нақты білмейді деп ойлай­мыз. Сондықтан мүмкін болса, бізге хабарласса екен. Қандай ескі кітап екен­дігін, оның құндылығын анықтауға кө­мектесейік. Ғылыми айналымға енгі­зейік, әлемге танытайық. Кім білсін, шы­нында да жекелеген кісілердің қолында әлем­де сыңары жоқ бірегей, өте құнды қолжаз­балардың болуы да бек мүмкін ғой…
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*