Қоңыр әуен, қоңыр күй Алатауды баурады

2340
0
Бөлісу:
алатау дәстүрлі өнер театры

XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Алматы қаласы әкімдігі және Мәдениет басқармасының қолдауымен үш бірдей ұлттық классикалық музыка шеберінің шығармашылық концерті ұйымдастырылды.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісовтың «Әуелетіп ән салам», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманның «Алқоңыр» ән кеші және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі домбыра тобының бас концертмейстері, Мем­лекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаевтың күй кеші аншлагпен өтті.

Алғашқы күні сахна шы­мыл­дығы «Құлансаз» ән-би ан­самблінің бишілері орындаған «Салтанат» биімен ашылды. Одан кейін қазақ ән өнерінің ақберені, аспандағы аққуға үн қосқан кемел композитор Дәнеш Рақышұлының мектебінен тәлім алып, өнерін ары қарай жалғастырып жүрген төл шәкірті Нұржан Жанпейісов ел алдына шығып, ұстазының «Саясында алманың» әнін әуелетті. Әсеттің «Інжу-Маржан», Сәдіқо­жаның «Сары бидай», сондай-ақ халық әні «Жиырма жеті қыз», «Жан сәулем», «Баянауыл», «Жетісу», «Аңшының әні», «Гүлдариға» сияқты туындыларды да ерекше нақышпен ұсынды. Бексұлтан Нұржеке­ұ­лы­ның «Әй, дүние-ай» және қырғыздың «Ой, бұлбұл» әнінің тұңғыш рет жарыққа шығуы кеш жаңалығы ретінде қабылданды. Шәкірттері Жаңагүл Молдахметова, Ақжол Жүсіп, Аяулым Мақабілқызы, Ділмұрат Қуантай, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының домбырашылар ансамблі ұрпақ сабақтастығын көрсетіп, жетіген, сыбызғы, үш ішекті домбырада өнер көрсетті.
Нұржан Жанпейісов кеш соңында «Алатау» дәстүрлі өнер театрын ашып, халық алдында әуелетіп ән салуға мүмкіндік берген қала әкімі Бауыржан Байбек мырзаға және концертті жүзеге асырған шығар­машылық топқа, өнер мен өнерпазға қолдау танытып келген қалың бұқараға алғыс білдірді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Бексұлтан Нұржекеев Әсет, Сәдіқожа, Дәнеш сынды халықтың ұлы тұлғаларын қайта тірілткен әншінің иығына шапан жауып, алғыс айтты.
– Көптен орындалмаған туындыларды тыңдап, қуанып қалдық. Нұржанның өзі ғана емес, шәкірттері де құлақ құры­шымызды қандырды. Әсіресе, Бексұлтан Нұржекеевтің ұлттық нақышта шығарылған «Әй, дүние-ай» әнінің орындалуы көңілге қонымды болды. Бұл дәстүрлі өнердегі соны жаңалықтардың бірі, өйткені қазіргі кезде мұндай әндер күнде жазыла бермейді. Он шақты жыл бұрын автордың «Бар­көрнеу» әнін де Нұржан үлкен сахнада орындаған еді. Ұлттық әндер адамның кемелденіп, ойының толысқан шағында туады. Сондықтан Бексұлтан ағамыз Нұржан арқылы қазақтың дәстүрлі ән өнеріне үлкен үлес қосып отыр.
Ал осыдан 30-40 жыл бұрын Дәнеш Рақышев өзінің әріптесі, қырғыз әншісі Атай Огонбаевтан «Ой, бұлбұл» әнін үйреніп, Қазақ радиосының «Алтын қорына» жаздырған екен. Нұржанның ұсынысымен он шақты жыл бұрын іздеп, тауып бергенімде төбесі көкке бір елі жетпей қуанған еді. Бүгін сол шығарманы сахнада қайта тірілтті. Қазақ әншілерінің қырғыз кәсіби дәстүрлі әншілерінің әндерін биік деңгейде орындауы үлкен жетістік, – дейді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының оқытушысы, өнер зерттеушісі, әнші Бағлан Бәбіжан.
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, дәулескер күйші Батыржан Мықтыбаевтың шығармашылық концерті Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» шығармасымен бастау алды. Орындаған – «Халықтар достығы» орденді, Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі. Бас дирижері – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Арман Жүдебаев.
Ол кеш барысында «Ақсақ құлан», «Ел айрылған», «Қосбасар» сынды халық күйлерімен қатар, Әлекейдің «Қоңыр ала», Бұғының «Шал­мырза», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Е.Үсеновтің «Майра», Тұяқберді Шәмеловтің «Ақжелең», Қаршыға Ахмедияров­тың «Қуаныш», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Құрманғазының «Қайран шешем», «Байжұма», «Төремұрат», Түркештің «Байжұма», Жантөренің «Шалқыма» күйін тарту етті. Сондай-ақ шетел классикасына да кезек беріп, Йозеф Гайднның «Венгер рондосы» атты шығармасын оркестрдің сүйемелдеуімен жеткізді. Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұровтың дирижерлігімен де бірнеше шығарма көпшілікке ұсынылды.
Бұдан бөлек, республикалық конкурс­тардың лауреаты Ақайша Жұрбай, Гүлім Алшынова, Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген Мұхамед Даубаев, «Құрмет» орденінің иегері Дөнеділ Қажымов, республикалық конкурстардың лауреаттары Жарас Сатыбалдиев, Азамат Шынаров өнер көрсетті. Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов, бас дирижер Арман Жүдебаев, Батыржан Мықтыбаев, Рахат Сәрсеновтің «Күй тартысы» жиналғандарды ерекше әсерге бөледі. Кеш соңы Құрман­ғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталды.
– Батыржан – табиғатынан күйші жігіт. Мемлекеттік академиялық бас оркестрде бас концертмейстер деген лауазымды алып жүру оңай емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Батыржан сол міндетті абыроймен атқарып келеді. Әрбір өнер иесі араға уақыт салып, ел­ге есеп бе­ріп тұр­ғаны дұрыс. Ба­тыр­­жан­ның есебін халық жылы қабыл­дады. Зал толы бол­ды. Сүйсіне тың­дап, қол соқты. Халықтың қол соғуы, жоғары баға бер­гені, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Жалғасбек Бегендіков.
Біржанның «Айтбай» әнімен халықпен қауышқан Қа­зақс­танның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманның шығар­машылық концертін көпшілік көптен күткен бола­тын. Бұл ту­ралы ән­шінің өзі де сөз басында «Ал­матыда жеке ән сал­ма­ғаныма он­шақ­ты жыл өтіпті» деп атап өт­ті. Әр әннің ав­то­ры­на тоқ­талып, та­рихынан сыр шертті.
«Шашубай Қош­­қарбайұлының ел арасында «Май­дақоңыр», «Жетім қыз», «Аққайың» әң­дері тараған. Затаевич­тің «Қазақтың 500 әні» кітабында «Шашу­байдың әні» деген ән нотаға түскен. Солардың ішінде бізге жетіп, бүгінгі күнде айтылып жүргені тек «Аққайың» әні» дей келе, домбыраға қол созды.
«Бұл әннің авторы Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Біржан салдан екі мү­шел­дей үлкен. Ол Ом­быдағы офи­церлер дайын­дайтын мектепте оқы­ған. Жәнібек Кәр­меновтің дерек­терінде атақты шы­ғыс­танушы, фольклорист И.Косты­лецкидің шәкірті болған, ұстаз ықпалымен өзі де ел арасындағы ауыз әдебиетін жинақтаған» деген деректер бар. Глинкаға еліктеп симфония жазуға да талаптанғаны айтылады. Осы деректерге қарап, оның үлкен талант иесі болғанын аңғаруға болатын сияқты. Ол бар-жоғы 27 жыл ғана өмір сүрген – Мұстафа Бүркітбайұлы. Оның артында жүзге татитын «Бүркітбай» деп аталатын жалғыз әні қалды» деп, Мұстафаның әні «Бүркітбайды» шырқады. Халық әні «Гаухартаспен» бірге «Әзизат», «Нұржәмила», «Сайтанторы» сияқты әндері жеткен Үлебайдың «Дудар-ай» әні де тыңдарманын тапты.
– Қазақта өте кең мағынада қол­данылатын қоңыр деген сөз бар. Қоңыр күз, қоңыр салқын, қоңыр жай, қоңыр жел, қоңыр кеш деп кете береді. Әсіресе, бұл сөздің қазақтың музыка әлеміне байланысты қолданылуы ерекше. Қоңыр үн, қоңыр дауыс, қоңыр ән, қоңыр күй және басқа. Яғни, қоңыр – қазақтың түсі, қазақтың бояуы, қазақтың дыбыс идеалы. «62 қоңыр» күй бар. Қазақтың қоңыр аталатын әндері де бір­сыпыра. «Назқоңыр», «Майдақоңыр», «Ардақоңыр», «Телқоңыр», «Жаймақоңыр», «Назқоңыр», «Алқоңыр». Бұған қоса, актер, режиссер Иісбек Әбілмәжінов­тан «Кішіқоңыр» әнін үйрендім. Бүгінгі кештің бір бөлімін осындай қоңыр әндерге арнадым, – деді Еркін Шүкіман.
Абайдың «Көзімнің қарасы», Балуан Шолақтың «Ғалия» әнінен кейін, Ақан серінің «Қаратөбет» әні тұңғыш рет жарыққа шықты. Туынды туралы:
«Бірде Ақан сері жолдастарымен ел аралап жүріп, бір ауылдың сыртынан өтіп бара жатса, бір қара төбет ит үріп шығып, біразға дейін соңдарынан қалмай қойған көрінеді. Ақанның қасындағы достарының бірі «Сенің әншілігіңді, табан астында ән шығаратыныңды жұрт жақсы біледі, егер әншілік құдіретің осы төбеттің үрген дауысын салуға жетсе, шырқап көрші» деген екен. Сондағы сері қолма-қол шығарып айтқаны бізге «Қаратөбет» әні болып жетті. Осы ән туралы Зейнұр Қоспақов та жазған. Әнді жеткізуші Сыздық Әбілғазин» деді Еркін Шүкіман.


Кеш үстінде әншінің шәкірті Азат Дулатұлы, Қазтай Ахмет, Сәулежан Тахзия, Ерғали Ақайдаров ән салып, сыбызғышы Талғат Мұқыш күй тартты. Соңынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Президент және халық» газеті мен «Уақыт таңдауы» агенттігінің бірлескен жобасы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман «2016 жылдың үздік әншісі» атанғаны жарияланып, марапатты тапсыру үшін аталған жобаның ұйымдастырушысы, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, публицист Марат Тоқашбаев сахнаға шақырылды. Концерт соңында Қажытай Ілиясовтың «Сары дала» әні орындалды. Бұл туындының да тарихы терең. Жазушы қайтыс болар алдында осы әнін ақын Ұлықбек Есдәулет пен әншіге аманаттаған көрінеді.


Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:

– Ерекше ләззат сыйлаған кеш болды. Нағыз өнер деген осы. Еркін өзінің дүлдүл әнші екенін дәлелдеді. Жыл әншісі емес, біздің заманымыздың ұлы әншісі екенін көрсетті. Ол шын мәнінде, бүгінгі күннің көрнекті өнерпазы, қазақтың классикалық ән өнерін өте биік деңгейде, көркем, әсерлі, жұртқа ұғынықты жеткізіп жүрген ғажап ән­ші. Өте еңбекқор, ізденгіш әнші. Концертінің бір бөлімін ел естімеген әндерге арнады. Бұл – рухани ерлік. Әншілер әдетте Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменовтің жолымен ән орындап жатады, ал жаңа, тың мұраны тауып орындау қамал бұзғанмен тең. Еркін өз жолын салып, қамал бұзды. Ақан серінің «Қаратөбет» әнін орындауға ешкім тәуекел етпей жүрген. Сол әнді аспанға көтеріп, асқақтатып жіберді. Қажытайдың аманатына да қиянат жасамады. Өте биік әндерді таңдап алыпты. Жай әндер емес, әншілік дауысты, кәсіби шеберлікті, әншінің техникасын керек ететін дүниелер. Соның бәріне төтеп берді. Әрқайсысын жоғары шырқау биігіне көтерді. Шыңға шыққан сайын «қалай болар екен?» деп қорқып отырдым, ол асырып тастап отырды. Көсілген сайын көсіліп, табаны қызған жүйріктей сүрінбей келді. Жақсы келді, біз соған қуанып тұрмыз.Әншілердің кеші өтпегелі он шақты жылдың жүзі болды, біразы қарайып қалды. Өйткені тұрған темірді тот басады. Ал Еркін алмас қылыш сияқты жарқырай түсіпті. Әйтпесе, Еркін де көп тұрған еді, қу тіршілік оны консерваторияның кабинетіне қамап қойды. Дегенмен биылғы жылдың жақсы нышаны, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында концерттер қолға алына бастады. Өте сүйсініп тұрмын. Алты-жеті жылдан бергі арманымыз жүзеге асты. Қала әкіміне рақмет, театрдың жемісін көріп жатырмыз. Енді ұлттық өнеріміз аспанға атылған оқ сияқты сарайдың ішінде қалып қоймай, телеарналардан тараса, алты алашқа жетсе деген өтінішіміз бар. Теледидарды жаулап алған тобырлық мәдениетті осындай кештермен ығыстыра аламыз.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*