Сексен жаста басты рөл сомдайды

1367
0
Бөлісу:

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Беткейдегі бұталар көлеңкесінде» атты жаңа толықметражды көркем фильм түсіріледі.
Фильмнің режиссері − «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмімен танымал Қуат Ахметов. Басты рөлді биыл мамыр айында 80 жасқа келетін КСРО және Қазақстаның халық артисі Асанәлі Әшімов сомдайды.
− Идея авторы – Асанәлі Әшімов. Ол кісі 2014 жылы елден шалғай тұратын жалғыз басты қарт туралы фильм түсіру туралы ұсыныс жасады, − дейді фильмнің режиссері Қуат Ахметов.
Қазіргі таңда картина авторлары дайындық кезеңіне кірісті. Актер таңдау, реквизиттер дайындау және декорация тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. Түсірілім жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланған. Сценарийін Хуат Ахметов пен ресейлік кинодраматург Одельша Агишев түркі халықтарының аңыз-әңгімелері негізінде жазған. Фильм желісіне тоқталсақ, Ағатай есімді ешкімі жоқ қарт жалғыз қалады. Сүйген жары қайтыс болған. Араларында балалары жоқ. Ағайын-туыстары да өмірден өткен. Өз ортасынан безіп, далаға барып тұруды көздейді. Әйтсе де данагөй, пәлсапашының жолында балалар үйінен қашып шыққан Бөбек деген кішкентай, елгезек бала кезігіп, оның бастапқы жоспары кілт өзгереді.
− Бұл жобаны іске асыру үшін түрлі жанрдағы талай сценарий жазылды. Алайда менің көрермендерге айтар ойым дұрыс жеткізілмеген болатын. Сондықтан да Қуат екеуміз драматургты көп іздедік. Ақыры драматург табылып, бұл мәселе оң шешімін тапты. Қазір түсірілім жұмыстарын асыға күтіп отырмыз, − дейді Асанәлі Әшімов.

 

Әмірлан МӘУЛЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*