Қапшағай толқынында туған жырлар…

1091
0
Бөлісу:
Қапшағай толқынында

Қапшағай қалалық мәдениет үйінде поэзия әлемінде өзіндік үні, өзіндік сыры, өзіндік бояуы, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген танымал ақын, дарын иесі Алтыншаш Жақиянованың шығармашылық кеші болды.

Ақын Алтыншаш Жақиянова – «Жүрегімнің жұлдызы», «Жанымның нұры», «Өлеңім – өмір жолым», «Арқабай шежіресі»,  «Қаршыға ғұмыр», «Жаңбырлы жаз», «Базарлық», «Арнадым сізге», «Қапшағай толқындары», «Бастау»,  «Сүмбіле» жыр жинақтары мен «Қанат жайған Қапшағай», «Менің Мұқағалиым», «Алып тұлға және айдынды қала» атты көркем-публицистикалық жинақтардың авторы. 17 кітапты жарыққа шығарған ақынның өмір белестері мұрағатта сақталып, кеңінен таралған. Ақынның 50-ге жуық өлеңіне ән жазылған. Кеш барысында Алматы облысы әкімшілігінің қолдауымен ақынның «Қапшағай толқынында туған жырым» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

Шығармашылық кеш «Өлеңім, сені жоғалтпай», «Туған жер», «Қанат жайған Қапшағай», «Ақын туған күн болып аталады» атты төрт бөлім бойынша жүргізілді. Алғашқы сөз кезегі қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Бибігүл Шайкеноваға берілді. Алтыншаш Жұманқызы талай жылдан бері қызмет етіп жүрген Д.Қонаев атындағы мектептің оқушылары оның өлеңдерін жатқа оқып, өмір белесінен әртүрлі көріністі көрсетті.

Кеште республикаға танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина ақынның сөзіне жазылған, әні – Ерсайын Нарымбаевтыкі, «Әндерің-ай» әнін орындады. Астаналық сазгердің бұл әні қазақ радиосының қорына енген. Жиналған елді ғажайып даусымен тамсандырған әнші Алтыншашпен қалай шығармашылық байланыста болғанын әңгімелеп, жаңа әннін тұсауын кесті. Бұл – «Сағындым әже» әні. Оның әні – Гүлмира Саринаныкі, сөзі – Алтыншаш Жақиянованыкі. Сонымен қатар ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманғазы Кәріпжанов кештің иесіне арнаған арнауын домбырамен айтты. Оған қоса Е.Жүнісов, Ж.Саденов сынды сазгерлер ақынның сөзіне жазылған басқа да әндерін орындады. Сонымен бірге, «Қазақтың Қонаевы» атты Кентау Назарбектің әнін орындаған әнші Шыныбек Әбдрахманов та осы кеште өнерін көрсетті.

Жиналған қауым ақынға құшақ-құшақ гүл сыйлады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Р.Ешімованың алғысхатын, құттықтау сөзі мен гүлін сыйлап,    білім бөлімінің қызметкерлері Бахда Рахымбаев пен  Әсем Төлешовалар кеш иесіне асыл тасты шапан жауып, ширек ғасыр ұстаздық еткен ақынын бір биікке көтеріп тастады.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*