Басқосу білім саласына арналды

293
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының хатшысы З.Тұрысбеков Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 25 қаңтарда жасаған Үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы бойынша кездесулер ұйымдастырып жүр.

Партия хатшысы алғашқы кездесу шарасын Шымкент қаласындағы М.Дулати атындағы үш тілде оқытатын ма­ман­дандырылған №8 мектеп-гимназия­сының ұжымымен және оқушыларымен өткізді.
Жиынды «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары Е.Дауылбаев жүргізді. Сөз алған «Нұр Отан» партиясының хатшысы З.Тұрысбеков осынау тарихи құжат еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс жоспарға құрыл­ғандығын атап өтті.
– Жолдауда цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа ин­дустрияларды өркендету туралы да айтылған. Мемлекет басшысы өзінің әрбір Жолдауында білім саласына ерекше мән береді. Бұл жолғы тарихи құжатта адами капиталдың сапасын жақсарту бағытында білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиістігін мәлімдеді. Сонымен қатар қазақ тілінің басымдығы сақтала отырып, ағылшын тілі меңгерілмей еліміздің жалпы ұлттық прогреске жете алмайтынын да атап өтті. Үкіметке үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Иә, ағылшын тілі сіздердің болашақтарыңыз үшін өте қажет. Елбасы айтқандай ол жаңа технологияның, жаңа индустрияның және жаңа эконо­миканың тілі, – деді партия хатшысы.
Одан соң сөз алған №8 мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Сахова Жолдаудың маңыздылығы жөнінде бұдан алдын да жиын өткізгенін, ұжымның толық қолдау білдіріп отырғанын жеткізді. «Жолдауда 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндердің ағылшын тілінде оқытылатыны айтылған. Біздің үштілді оқытатын мамандандырылған мектебіміз бұл мәселеде қиындыққа тап бола қоймады деген сенімдеміз», – деді ол.
Зауытбек Қауысбекұлы бұдан кейінгі кездесуін Шымкент қаласындағы №1 жалпы орта мектебінде жалғастырды. Басқосуға жалпы 200-ге жуық мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты. Партия хатшысы мұнда Елбасы Жолдауында айтылған білім беру жүйесінің рөлі өзгеруі тиістігіне тоқталды. «Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында айтқандай біздің міндет білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруымыз қажет. Сонымен бірге, алдымызда оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау керектігі тұр», – деп атап өтті.
Осындай кездесулерді партия хатшысы З.Тұрысбеков Шымкент қаласының №1 және №7 мектептерінде өткізді. Сонымен қатар Шымкент қаласының №9 және Састөбе ауылының орта мектептерінде кездесулер жоспарланған.
Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*