Жаңа арна нені насихаттайды?

236
0
Бөлісу:

Биылғы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызда Қазақстанда жаңа телеарна ашылады. Ол «Еларна» деп аталатын болады. Бұл туралы кеше Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев хабарлады. Сондай-ақ Елбасы Жолдауына сәйкес, биыл маусым айында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын Үкіметке енгізетіндерін мәлім етті. 

– Бұл бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындардың өмір сапасын арттыру әрі отандық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру аясында 2020 жылға дейін еліміздегі интер­нет қолданушыларының үлесін 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық хабар таратумен қамту (ол «Отау ТВ» арқылы жүргізі­леді), ал азаматтардың цифрлық-компьютерлік сауаттылығын 80 пайызға дейін ұлғайту көзделген, – деді Дәурен Абаев.
Мұның сыртында Наурыз мей­рамы қарсаңында жаңа «Еларна» кинотелеарнасын іске қосу жоспарлануда. Осы орайда Үкімет мүшелері қатысқан бас­пасөз мәслихатында журналис­тер «Еларна» деген рейтингі төмен арнаның бұған дейін бол­ғанын еске сала келе, неге мем­лекеттің бұл атауға қайта оралып отыр­ғанын сұрады.
– Бұл – ескі телеарнаны қай­та жаңғырту болмайды. Жаңа ар­наның форматы да өзгеше, жаңаша болады. «Еларна» деген – барлық тілге етене, жақсы бренд. Сондықтан оны сақтап қалғымыз келеді. Жаңа арна Қазақстанда жасалған, тек отандық көркем және деректі фильм­дерді, сериалдарды көр­сететін болады. Өзге елдердегі TV1000 Action (голливудтық фильмдерді таратады), ресейлік «Дом кино» секілді баламаларды мысалға келтіруге болады, – деді министр.
Д.Абаев 1940 жылдардан бері Қазақстанда жасалған киноклас­сиканы да осы арнадан көрсету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Олай бол­са, жаңа арна жас ұрпақты «Ме­нің атым Қожа», «Алдар көсе», «Гауһартас», басқа да қазақ кине­матографиясының алтын қорына енген, қазір өзге арналар сирек қоятын тамаша туындылармен қауыштырары сөзсіз.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы музейлер мен театр­ларды бұқара халық үшін ақысыз етуді ұсынды.
– Біз биылғы жартыжылдық­та халықтың мәдениет нысанда­рына тегін қол жеткізуі тәжіри­бесін енгізуді ұсынып отырмыз. Әр айдың үшінші жексенбісінде – музейлерге, ал жылына 4 рет – театрларға, соның ішінде 27 нау­рыздағы Дүниежүзілік театр кү­нін­де, 1 маусымдағы Балаларды қорғау күнінде, 1 қыркүйек Бі­лім күнінде және 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнінде тегін кіруін қам­тамасыз етпекпіз. Сондай-ақ мектеп демалыстары аясында орта мектеп оқушыларының театрлар мен музейлерге тегін баруы ұсынылады. Нәтижесінде, жылдың аяғына дейін осы мәде­ниет нысандарына бару көрсет­кіші 45 пайызға дейін жетеді, – деді министр.
Екіншіден, бұл ведомство спорт­тық ғимараттарды көптеп орнату және оларды жалпы білім беретін мектептерде орналастыру арқылы халықты денешынық­тырумен және спортпен тұрақты айналысуға жаппай тартпақ ниетте. «Нәтижесінде, азаматтар­дың 28 пайызға жуығының денешынықтыру және спортпен айналысуын қамтамасыз ету жос­парлануда», – деді Арыстан­бек Мұхаме­диұлы.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек болса, ақпарат құралдарына инвестор­ларды Қазақстанға көптеп тарту бойынша қандай жаңа тетіктер іске қосылатынын баяндады.
– Біздің министрліктің «№1» міндеті – инвестициялар тарту. Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша біз министрліктің және инвесторлармен жұмыс жасайтын оған қарасты кә­сіпорын­дардың қызметін биыл жаңа форматқа көшіруді жос­парлап отырмыз. Бірінші жар­тыжылдықта инвестицияларды тарту бойынша жаңа стратегия әзірленіп, қабылдануға тиіс. Қа­зақ­стан – өз аймағындағы «ин­вес­тициялық магнит». Ары қарай да барынша тартымды бола түсуіміз қажет, – деді ол.
Ж.Қасымбек KAZNEX INVEST экспорт және инвестиция­лар жөніндегі ұлттық агент­тік орнына биыл «Қазақ­Инвест» ұлттық компаниясы құ­ры­латы­нын жеткізді. – Яғни, оның жұ­мысы қайта формат­талады және ол тек инвестор­лар­мен ғана жұ­мыс жасауға бағдар­ланады. Нақтырақ айтсақ, Қа­зақстанға инвестор кірсе, оның жобасының құрылысы аяқталғанға дейін бұл компания оған «ілесіп» жүреді. «Қазақ­Инвест» сондай-ақ Үкімет аты­нан жүретін жалғыз келіссөз­шіге айналады. Ол инвестор үшін қажетті қызметтердің барлық түрін «бір терезе» қағидаты негі­зінде көрсететін орын қызметін атқарады, – деді Инвестициялар және даму министрі.
Өз кезегінде Ұлттық эконо­мика министрі Тимур Сүлей­ме­нов мемлекет пен жекенің әріптес­тігін (МЖӘ) өңірлік дең­­­­­­­гейде жандандыру үшін МЖӘ жобала­рының сарапта­мадан бастап, ке­лісімге қол қоюға дейін­гі мер­зімін 4-6 айға дейін қысқартуға мүм­кіндік бе­ретін шаралар қа­былдайтын­дарын айтты. Осы­лай­ша, рәсім­нің ұзақ­тығы 2,5 есеге азаяды. Министр­дің ай­туын­ша, инвес­тор­ларды тарту мақ­сатында, маусым айында бар­лық рес­публикалық және жер­гілікті МЖӘ жобала­рының Бірың­ғай ақпараттық базасы құ­рылатын болады. Нәти­жесінде, бір жыл ішінде МЖӘ бойынша кон­курсқа 54 жоба шығарылады.

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*