Жер шетелдіктерге берілмейді

356
0
Бөлісу:

Ел Үкіметінің кешегі отырысында үш маңызды «мәселелер жиынтығы» бойынша шешімдер қабылданды. Алдымен, Министрлер кабинетінің мүшелері Елбасының жаңа Жолдауындағы тапсырмаларын орындау бойынша жалпыұлттық жоспарды бекітті. Содан кейін Үкіметтің биылғы жылдың бірінші жартысындағы жұмыс жоспары қаралды. Ақыр соңында Жер реформасы жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов Пре­зидент Жолдауындағы маңызы зор мін­деттерді жүзеге асыру үшін билік аса ау­қымды 70-ке жуық шараны қолға ала­тынын хабарлады. Олардың барлығы Жолдаудағы даму басымдықтарын орындау бойынша жалпыұлттық жос­парда көрініс тауып отыр.
– Атап айтқанда, бірінші басымдық – «жеделдетілген технологиялық жаң­ғыртылу» аясында цифрлық индустрияны дамытуға, экономиканың негізгі сала­ларын технологиялық қайта жарақтан­дыруға бағытталған 19 шара қарас­тырылады. Оның ішінде 4 өнеркәсіптік революция элементтері, инвестициялар тарту, көлік инфрақұрылымын дамыту, ғылыми әлеуетті өркендету бар. Жоба «Цифрлық Қазақстан», «Экспорттық-инвестициялық стратегия» және агроөнер­кәсіптік кешенге арналған жаңа бағдарламалық құжаттарды әзірлеуді, сондай-ақ «Нұрлы жол», өнімді жұмыс­пен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті да­мыту бағдарламаларына өзгерістер ен­гізуді көздейді, – деді Тимур Сүлейменов.
Екінші басымдық – «бизнес ортаны түбегейлі кеңейту және жақсарту»
18 шараны қамтиды, олар ең жақсы биз­нес ортаны қалыптастыруға және мемле­кет­тің экономикаға қатысуын төменде­туге бағытталған. Барлық облыстарда және Астана мен Алматы қалаларында жаппай кәсіпкерлікті дамыту, бизнестің барлық шығын түрлерін азайту бойынша шаралар кешені қабылданады. Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша қалалар мен өңірлер­дің рейтингі енгізіледі. Кәсіпкер­лік ең жақсы дамыған өңірге жыл соңында арнайы марапат тағайындалады.
Үшінші басымдық – «макроэкономи­калық тұрақтылық» бойынша 11 бағытта жұмыс қарқынды жүрмек: бұлар – инфля­цияны ауыздықтап, кезең-кезеңімен 3-4%-ға дейін төмендету, қайтарылмай­тын кредиттерінің үлесі артқан банк сек­торын сауықтыру, отандық қор нарығын жан­дан­дыру, бюджеттік рәсімдерді жеңілдету және басқалары.
Төртінші басымдық – «адами капи­талды дамыту» деп аталады және ол
10 шарадан тұрады. Тарата кетсек, білім са­ласында оқу бағдарламалары жаңар­ты­лады, үш тілде білім беруге кезең-кезеңі­мен көшу қамтамасыз етіледі, заманауи еңбек нарығының талаптарына сәйкес кәсіптік стандарттар жаңартылады. Зейнетақы төлемдерін және туған балаға берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшерін арттыру мақсатында әлеуметтік қам­сыздандыру мәселелері бойынша заң­намалық актілер қабылданады. Соны­мен қатар ең төменгі күнкөріс шегінің құ­рылымы қайта қаралады. 2017 жылдың 1 қаңтарында ол 34%-ға көтеріліп, 24 мың 459 теңгені құрады. Бірақ бір ай бойы лайықты өмір сүру үшін бұл соманың да азшылық етері сөзсіз. Сондықтан Елбасы Жолдауда бұл көрсеткішті қайта қарап, заман талабына жауап беретін деңгейге жеткізуді тапсырды.
Жолдаудағы бесінші басымдық – «институттық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес» аясында 9 шара қарастырылған. Меншік құқық­тарын қорғауды күшейту бойынша бүкіл заңнамаға ревизия жүргізіледі, ЭЫДҰ ұсыныстарын енгізу бойынша Жол картасы әзірленеді. Ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөнін­дегі мемлекеттік бағ­дарламалар, Кибер­қауіпсіздік тұжы­рымдамасы әзірленеді.
Алдағы онжылдықта жаңа индустрия­лар мен жаңа өсім моделін құру үшін Қазақстанда елдің жаңа технологиялық құрылымға көшуінің бірыңғай страте­гиясы жасалады. Осы мақсатта «Қазақ­стан 2025 – Ұлттық технологиялық бастама» атты стратегиялық жоспар әзір­леніп, қабылданбақ.

Биылғы жарты жылда не өзгереді?
Әрине, атқарушы биліктің жұмысы мұнымен шектелмейді. Екінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі ел Үкіметінің биылғы І жарты­жылдықтағы жұмыс жоспарын ұсынды. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл жоспарға сәйкес, 9 маңызды бағытта 148-ден астам шара қолға алынбақ. Оның ішінде ЖІӨ-нің жоспарланған өсу қар­қынына қол жеткізу, жеке секторды дамытуға қолайлы жағдайлар туғызу, жеке инвестицияларды тарту, жаппай кәсіп­керлікті дамытуда және халық кірісін арттыруда серпін жасау, адам капиталының сапасын арттыру рефор­маларын нығайту және басқа да шаралар бар.
Министр мұның барлығы биылғы бюд­жетті және республиканың әлеу­меттік-экономикалық даму болжамын қайта қарауды талап ететінін жеткізді. Сондай-ақ бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық экономика министрлігі әлеу­меттік маңызды азық-түлік тауар­ларына ұдайы баға мониторингін жүргізбек. Бұған қоса саудагерлердің (барлық сауда қызметі субъектілерінің) дәл осы тауарлар бағасына өздерінше қосатын үстемесін шектейтін жаңа заң жобасы әзірленеді.
Үкімет отырысы барысында әрбір ми­нистрлік осы жартыжылдықта қандай жұ­мыстар атқаратынын жеке-жеке баяндап шықты. Мәселен, Білім және ғылым ми­нистрі Е.Сағадиев «оқулық­тарды, ауы­сымды аяқкиімді және дене­шынықтыру сабағына қажетті спорттық керек-жа­рақтарды сақтауы үшін» келешекте барлық оқушыларды төл шкафтарымен қамта­масыз ету жобасын қолға алатындарын жариялады. Әйтпесе, осының бәрін үйден мектепке және кері қарай таситын оқу­шыларға ауыртпалық түсуде. «Біз осы жылы бастауыш сыныптарды қамтудан бастамақпыз. Бұл шара қай жерде жергілікті әкімдіктер қаржы бөле алса, сол жерлерде жүреді», – деді министр.
Екіншіден, БҒМ мектептерде субұр­қақты диспенсерлер мен фильтрлер орнатып, оқушыларды таза, ішетін сумен қамтамасыз етпек. Әйтпесе, жақындағы дүкеннен бөтелкедегі суды сатып алуға ақшасы жоқ оқушылар суды дәретхана­дағы краннан іздеуге мәжбүр. Бұл шараны қаржыландыру үшін министрлік бюджетті қайта қарау кезінде қаржы сұрамақ. БҒМ басшысы мұның сыртында ата-аналардан мәжбүрлі түрде жиналатын әртүрлі заңсыз «алымдарға» тосқауыл қоюды жоспарлауда. Бұл үшін «білім беру ұйымдарындағы демеушілік қаржылар саласында тәртіп орнатып, демеу қар­жыны пайдаланудың нақты ережелерін түзбек» ниетте. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бола­шақта әр мектепте ішкі wi-fi жүйесін қосу бойынша ауқымды жобаны қолға алмақ.
Дегенмен министрді мұқият тыңдаған Премьер-министр Б.Сағынтаев білім ордаларындағы біраз жобаны қаржылан­дыру бойынша әкімдерге тым көп салмақ түсетініне назар аудартты: «Дәл қазір бар мектепті шкафтармен, фильтр-субұр­қақтармен жабдықтау міндеті тұрған жоқ» деген ол бұл іске кезең-кезеңмен кірісу керектігін айтты.
Еңбек және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова биыл 58 жұмыспен қамту орталығы реформаланатынын, оларға электрондық кезектер ендірілеті­нін, ал биылғы 1 мамырға дейін Қазақ­станда ауылдарға дейін қолжетімді болатын «электронды еңбек биржасы» енгізілетінін жария етті.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жаңа жылдан бері «алатаяқ­тарынан» айырылған жол полициясы қызметкерлерін енді жергілікті әкімдік­тердің қаржылай қолдауымен, «жарық қайтаратын жеңдермен, ақ қолғаптармен және басқа да қосымша форма элемент­терімен» жабдықтауды жоспарлағандарын мәлімдеді. Сонда олардың сілтеген қолын жүргізушілер алыстан анығырақ аңғара алады. ІІМ басшысы сондай-ақ қалалар көше­ле­ріндегі бейнебақылау камерала­рының саны да артатынын баяндады. «Олар саны жергілікті бюджет мүмкіндік­теріне байланысты болады», – деді Қ.Қа­сы­мов.

Жер тағдырын ел талабы бағдарлайды
Осы күні жер қатынастары мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер таныс­ты­рылды. Отырысқа қатысқан тәуелсіз са­рап­шы, Жер реформасы комиссия­сының мүшесі Мұхтар Тайжан отандық фирмада шетелдіктің ең құрығанда бір пайыз үлесі болса, енді оған жер беріл­мейтінін мә­лімдеді.
– Былтыр елдің алаңдаушылығын ұғынған Елбасы біздің комиссияны құрды. Комиссия бірнеше ай жұмыс жасап, 11 ұсыным түзді. Жаңа заң жобасы комиссия ұсынымдары негізінде әзір­ленді және біз қабылдаған хаттамаларға 100 пайыз сәйкес келеді. Оған мен кепіл бере аламын. Жер тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Егер фирмада шетелдіктің кез келген, тіпті 1% үлесі болса, оған жер жалға да беріл­мейді. Сондай-ақ енді әр ауыл маңындағы жер­лерді ешкім жалға ала алмайды, ол жерлер бәріне ортақ болады және ауыл­дықтарға малдарын бағуына қалдырылады, – деді ол.
Заң жобасы бойынша баяндаған ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысан­баев ауыл шаруашылығы мақса­тындағы барлық жерлерді ҚР азаматтарына жалға беру сырт көзден таса емес, ашық жүргі­зілетінін және мемлекеттің барынша ба­қылауында болатынын мәлім етті. Бұл «Кейбір заңнамалық актілерге жер қаты­настарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасында қарастырылған.
Онда жерді тек қазақстандықтарға жалға беру сақталды. Мұның өзінде жер кез келген азаматқа бірден 49 жылға беріле салмайды. «Біріншіден, тек кон­курстық негізде беру тәртібі орнатылады. Оны өткізудің ашықтығы үшін кон­курстық комиссияның құрамына қоғамдық кеңес­тер мен ұйымдардың өкілдері енгізіледі. Конкурс туралы хабарландыру БАҚ-та және әкімдік пен АШМ-нің ресми сайтта­рында жария­ланады. Конкурсқа қатысу­шылардың ұсынысында ауыл шаруашы­лығы өн­дірісін жүргізудің бизнес жоспары, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орын­дарын құру, индикативті көрсеткіштерді орындау және басқа да міндеттемелері қамтылуға тиіс», – деді вице-министр.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы жер­лерінің ұтымды пайдаланылуына бақы­лауды күшейту мақсатында заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу қарасты­рыл­ған: жалға алған алғашқы 5 жылда – жыл сайын, одан кейінгі жылдары суарылатын шабындықтарда әр 3 жыл сайын, қолдан суарылмаған жерлерде – әр 5 жыл сайын мемлекеттік бақылау жүргізіледі. Егер жалға алушы құнарынан айырып жатса, жерді мемлекет кері қайтарып алады.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемінің «бір қолда» жинақталуына, сөйтіп, «латифундистердің» пайда бо­луына тосқауыл қою мақсатында қазақ­стан­дықтардың иелігінде болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің ең жоғарғы (шекті) көлемін белгілеу қарастырылған. Бұл шектің қанша гектарды құрайтыны әзірленіп жатқан жеке құжаттармен белгіленеді екен.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*