Дүниежүзілік Универсиада Алатау баурайында дүркіреп өтті

808
0
Бөлісу:

Алатау баурайында дүбірлеп өткен он бір күнге созылған аламан бәйге – XХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада өз мәресіне жетіп, салтанатты түрде жабылу рәсімі өтті. Универсиаданың салтанатты жабылу рәсіміне ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысып, шараға қатысушыларға құттықтау сөзін жеткізді. 

– Мыңжылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы әлемнің спортсүйер қауымының көзтартар орталығына айналды. Осы уақыт ішінде әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңаша қырынан таныды… Әлемдік бәсекеде лайықты өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының ойынын ерекше атап өткім келеді. Жарыс қорытындысы бойынша біздің еліміз 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальға қол жет­кізіп, жалпы саны 36 медальмен командалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл біз үшін зор мақтаныш, – дей келе барша жұрт­шылықты жарқын жеңіспен құттықтады.


Кеше 11 күн бойы барша жанкүйерлердің дүбірге бөлеген ХXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың алауы сөнді. Әлемнің 57 мемлекетінен келген 1652 студент жарыс көрігін қыздырып, 12 спорт түрі бойынша 85 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Дәл осындай ауқымы кең әрі маңызы да зор кешенді дода бұрын-соңды Алаш топырағында ұйымдастырылған жоқ еді. Биатлон, керлинг, коньки, мәнерлеп сырғанау, сноуборд, тау шаңғысы, фристайл, шайбалы хоккей, шаңғы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шорт-трек сынды бәсекелердің барлығы да аса шиеленісті өтіп, барша жұрттың назарын өзіне аударды.

Әңгімемізді «Осы Универсиаданың біз­ге бергені не?» деген сауалдан баста­ға­ны­мыз жөн болар. Осыдан бес жылдан аса уақыт бұрын, яғни 2011 жылдың 29-қа­ра­шасынд­а Бельгияның Брюссель қаласында өт­кен Халықаралық университеттер спорты федерациясының (FISU) жиынында Ал­маты қаласы ХXVIII Дүниежүзілік қыс­қы Универсиаданың астанасы болып ресми түрде бекітілгенде көпшілік осы байрақ­ты бәсекені аса жоғары деңгейде ұйы­мдас­тыра алатынымызға күмәнмен қарады. Осылайша, ой түюдің себебі де жоқ емес. Бірін­ші­ден, осындай маңызы мен мәні зор жарыс­қа кемінде 50-60 мемлекеттен спортшылар ке­леді. Оның сыртында әр елдің спорт са­ласының тізгінін ұстаған басшылар мен түр­лі халықаралық ұйымдағы лауазымды тұл­ғалар, төрешілер мен техникалық қыз­меткерлер, майталман мамандар мен БАҚ өкіл­дері тағы бар. Байрақты бәсе­ке­ні тамашалау үшін мыңдаған жанкүйер­дің Алатау баурайына ат басын бұратыны анық. Екіншіден, 12 спорт түрін қамтитын ке­шенді доданы өткізуге арналған спорт­тық нысандар Алматыда жеткіліксіз екені бел­гілі. Қысқа ғана мерзімде заман талабына сай зәулім спорт сарайларын салып, оны жаңа үлгідегі техникалық құралдармен жаб­­дықтау сол кезде біз үшін мүмкін еместей көрінгені де жасырын емес.
Бірақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» де­генді бабаларымыз тегін айтпаған ғой. Бұл идеяны Қазақстан Республикасының Пр­езиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қол­дады. Үкімет басындағы және осы сала­ның басы-қасында жүрген азаматтар игі шараны ойдағыдай өткізу үшін білек сыбана кірісті. Алматы қаласы әкімдігі де қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланды. Нәти­же­сін өздеріңіз көрдіңіздер. Алатау бау­райын­дағы әсем шаһарда үш бірдей зәулім кешен пайда болды. Олар – «Алматы арена», «Халық арена» және Атлетикалық ауыл. Мақтанышымызға айналған «Медеу», «Шымбұлақ» және Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайы дүбірге толды. Өзге де спорттық кешендерде жөндеу-жаб­дық­тау жұмыстары жүргізіліп, олардың екінші ты­нысы ашылды. Келешекте бұл кешен­дер­дің барлығы да ел игілігі үшін қызмет ете­тіні анық. Ең бастысы, осы нысандарда тәр­биеленген жеткіншектер келешекте қыс­қы спорт түрлерінен өтетін дүбірлі додаларда Қазақстанның даңқын арттыруға сүбелі үлес қосатынына сеніміміз зор.
Дүниежүзілік Универсиаданың өзі де аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оны лауазымды тұлғалардан бастап, білікті бапкерлер мен майталман мамандар, құр­метті меймандар мен қатардағы көп спорт­шы­лардың өздері де бірауыздан мойындап отыр. Бұл күндері әлемнің әр қиы­­­ры­нан кел­ген азаматтар Қа­зақстанның әсем таби­ға­тына там­санып, қа­зақ хал­қының кең­­пейіл­дігі мен қонақ­жай­лығына тән­ті бо­лып, елдеріне кө­те­рің­кі көңіл күй­мен ора­лу­да. Сонымен қоса, біз дүбірлі до­да­лардың қай-қай­­сын болса да, аса жоғары дең­­­­гейде ұйым­дас­тыра ала­тынына төрткүл дү­ние жұрт­шы­лығының көзін жет­кіздік. Осы­ны да үл­кен жетістік деп қа­был­­даған жөн.


Жарыстың өзіне келетін болсақ, Дү­ние­жүзілік Универсиада бас­талған бетте өзге қарсыластарынан қара үзіп кеткен Ре­сей құрамасы бәсекенің соң­ғы күніне дейін қарқынын еш бәсеңдеткен жоқ. Нә­тижесінде, 71 (29 алтын+27 кү­міс+15 қола) жүл­деге қол жеткізіп, жалпы коман­далық есеп­те жеке-дара көш бастады. Олар 12 спорт түрі бойынша бақ сынап, со­лардың барлығында жүлде алды. Әсіресе, шаң­ғы (9 алтын), сноуборд (5 алтын), ко­нь­ки (4) және биатлон (3 алтын) сайысында мол ол­жаға кенелді. Ресейліктерге тек кер­линг пен шорт-тректен ғана бас жүлде бұйыр­мады.
Ресей құрамасының бұл табысына еш­кім таңдана қоймағаны анық. 1993-2015 жыл­дар аралығында 12 мәрте алауы тұтан­ған Дүниежүзілік қысқы Универсиадада командалық есебінде олар бір мәрте ғана (1993 жылы) төртінші орында қалып қой­ған екен. Бір рет (2005 жылы) үшінші тұ­ғыр­ға табан тіреді. Төрт рет (1995, 1997, 2007, 2009 жылдары) екінші орын алса, алты рет (1999, 2001, 2003, 2011, 2013. 2015 жыл­­дары ) алдына жан салмады. Яғни, соң­ғы төрт жарыстың барлығы да сол мем­ле­кет өкілдерінің айқын жеңісімен аяқ­тал­ды.
Алматыдағы додада Ресей спортшылары рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұ­ған дейін олар ең зор нәтижеге 2015 жы­лы иек артқан болатын. Испания мен Словакияда өткен бәсекеде көршілеріміз 56 (20 алтын) рет жеңіс тұғырына көтерілсе, бұл жо­лы 71 (29 алтын) жүлдені олжалады.


Қазақстан құрамасы командалық есепте екінші орын иеленді. Қоржынымызда 36 жүлде бар. Алматыда 11 өреніміз алтын тұғыр­дан қол бұлғаса, 8-і – күміс және 17-сі қола медальді қанжығасына байлады. Отан­дастарымыз үшін бұл – рекордтық көр­сеткіш. Бұл күнге дейінгі нәтижелерді сара­ласақ, ең зор көр­сеткішке біздің сту­дент­тер 2015 жы­лы қол жеткізгенін аң­ғару қиын емес. Ис­па­ния мен Словакияда өт­кен Дүние­жүзілік Универсиадада 11 (5 алтын+6 күміс) жүлде алдық. Осы нәтиженің ар­қа­сында жарыс кестесінде үшінші сатыға жайғастық. Ал Алатау баурайындағы табысымыз тіп­тен толағай болды. Біздер алтынның да, жалпы ме­даль саны жағынан да бұрынғы көр­сеткіштердің бәрінен асып түстік. Тұңғыш рет ко­ман­далық есепте екін­ші орынға көтеріл­дік. Осы жайттың өзі елі­міз­де қысқы спорт түрлерінің даму барысы дұрыс бағытта екенін аңғартса керек.
Жерлестеріміздің арасынан ең көп бас жүлдеге фристайлшылар қол жеткізді. Юлия Галышева мен Дмит­рий Рейхерд қос алтыннан олжаласа, аралас эстафетада да біздің ко­ман­­да қарсылас шақ кел­тірмеді. Биат­лоншылары­мыз үш мәрте жеңіс тұ­­ғы­ры­ның ең биік сатысына көтерілді. Екі бір­дей сайыста Галина Вишневская бас жүл­дені қоржын­ға салса, Алина Райкова дәл сондай құр­мет­ке бө­ленді. Осы орай­да Қ­а­зақ­стан құ­ра­масына осы Уни­вер­­сиа­даның ал­ғаш­қы алтынын сыйға тартқан Қор­­­ғаныс ми­­­нист­рілігіне қарас­т­ы Армия­шылар­дың Орталық спорт клу­бы­ның (АОСК) мү­ше­сі А.Райкова екенін ес­теріңізге тағы бір сала ке­тейік.
Шаңғы­шылары­мыз екі рет теңдессіз деп танылды. Же­ке­ле­­ген сайыста Иван Люф­тің бағы жанса, аралас ко­мандалық спринтте де қар­сылас шақ келтірмедік. Сон­­дай-ақ осы жарысты тамашалауға келгендер Денис Тен­нің де ас­қан ше­бер­лігіне тәнті болды. Мәнер­леп сырғанаушылар бә­­се­кесінде даңқты отан­­дасымызға тең ке­­лер ешкім табылма­ды.


Универсиаданың қорытындысы бойынша Қазақстан құра­­­­масы спорттың жеті түрінен жүлде ал­­ды. Шорт-тректен 1 кү­міс пен 5 қола ол­жа­­ла­дық. Шайбалы хок­­кейден ерлер ко­ман­­дасы тек Ресейді ғана алға жіберіп, екін­­ші орын иеленді. Ко­­нькишілеріміз екі мәрте үшінші сатыға жай­ғасты. Одан бө­лек, биатлон, шаңғы және фристайлдан еншілеген күміс пен қола жүлделеріміз бар. Ал керлинг, тау шаң­ғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трам­плиннен секіру және сноубордтан сәтсіз өнер көрсеттік. Сол секілді шайбалы хоккейден еліміздің әйелдер құрамасы өз жанкүйерлерін қуанта алған жоқ.
Жалпы есепте үшінші орынды Оңтүстік Корея құрамасы иеленді. Бастапқыда қалың топтың ортасында жүрген олар шорт-трек пен конькишілердің жарысында жасындай жарқырап, алтындар саны жағынан Қазақстан құрамасымен теңесті. Бір қызығы, олар тек осы екі спорт түрі бойын­ша ғана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Нәтижесінде, 21 (11+5+5) жүлде ал­ған корейлер үздік үштіктің қатарынан кө­рінді. Жалпы, бұл жарыста 14 мемле­кеттің өкілдері ғана алтын тұғырға көтеріле алса, небәрі 25 елдің өрендеріне жүлделі орындар бұйырды.


Қазақстанға жүлде сыйлаған спортшылар

Алтын

Биатлон:
Алина Райкова (жеке сайыс, 15 шақырым), Галина Вишневская (спринт, 7,5 шақырым), Галина Вишневская (масс-старт, 12,5 шақырым).

Шаңғы:
Иван Люфт (спринт), Анна Шевченко мен Олжас Климин (спринт, командалық сайыс).

Мәнерлеп сырғанау:
Денис Тен (ерлердің жеке сайысы).

Фристайл:
Юлия Галышева (могул), Дмитрий Рейхерд (могул), Юлия Галышева (параллельді могул), Дмитрий Рейхерд (параллельді могул), Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек (акробатика, командалық сайыс).


Күміс
Биатлон:
Галина Вишневская (жеке сайыс, 15 шақырым), Роман Еремин (масс-старт, 15 шақырым), Галина Вишневская, Дарья Усанова, Василий Подкорытов және Антон Пантов (аралас эстафета).

Шаңғы:
Анна Шевченко, Ольга Мандрика және Ирина Быкова (эстафета), Сергей Малышев, Виталия Пухкало, Ринат Мухин және Олжас Климин (командалық эстафета).

Фристайл:
Жібек Арапбаева (акробатика).

Шорт-трек:
Абзал Әжіғалиев (500 метр).

Шайбалы хоккей:
Қазақстанның ерлер құрамасы


Қола

Биатлон:
Роман Еремин (спринт, 10 шақырым), Антон Пантов (масс-старт, 15 шақырым).

Коньки:
Екатерина Айдова (1500 метр), Екатерина Айдова (1000 метр).

Шаңғы:
Анна Шевченко (жеке сайыс, 5 шақырым), Анна Шевченко (ілісіп жарысу, 5 шақырым), Анна Стоян (спринт), Анна Шевченко (масс-старт, 15 шақырым), Сергей Малышев (масс-старт, 30 шақырым).

Фристайл:
Жанбота Алдабергенова (акробатика), Павел Колмаков (могул), Павел Колмаков (параллельді могул).

Шорт-трек:
Нұрберген Жұмағазиев (1500 метр), Денис Никиша (500 метр), Денис Никиша (1000 метр), Қазақстанның әйелдер құрамасы (эстафета), Қазақстанның ерлер құрамасы (эстафета).

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*