ҰЯТТЫҢ ҮЛКЕНІ – ЖАСТЫҚТА…

954
0
Бөлісу:

Әлқисса
Қай заман, қай уақытта болмасын, әлем жастарына тән ортақ қасиет –тәуе­келшілдік пен еркіндік, ерлік болар, сірә. Хәкім Абай «жастықта көкірек зор» дегендей, қайрат пен жігер де мол. Жас кезінде адамның үлкен жетістіктерге жетуіне ықпалы зор, жауыннан кейінгі кемпірқосақтай көп аңғарыла бермейтін, «амбиция» деген ұғым бар. Мәселен, қазақтың құйрықты жұлдызы Шоқан Уәлиханов он тоғыз жасында алғашқы «Тоқтамыс ханның жарлығы» атты ғылыми еңбегін жарыққа шығарып, жиырма жасында қырғыз елін зерттеді. Сұлтан­махмұт Торайғыров өзінің жиырмасыншы көктемінде қазақтың құлағы һәм көзі іспеттес «Айқап» журналына жауапты хатшы болған. Жиырманы тақымдағанда қазақ классигі Мұхтар Әуезов «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, қазақ өнеріне мыңжылдық сый жасады. Анна Люрманн атты неміс қызы он тоғызында Германия­ның ең жас депутаты атанса, ағылшындық Уильям Ллойд он сегіз жасында Брита­ниядағы муниципиалды кеңестің ең жас мүшесі атанған. Бұл өрендердің мұндай елеулі еңбекті атқаруына дарынынан бөлек, жастық амбициясы да әсер еткен болар десем, сөзіме қарсы болмассыз. Осы тұста Константин Ушинскийдің мына бір сөзі еске түседі: жастықта армандамаса, адам өмірі бір нүктеде қатып қалар еді, міне, содан да жастық қиялының жарқ-жұрқ еткен қабығы ішінде ұлы-ұлы мұраттардың дәні өсіп шығады.
Жастық – өмірдің ең биік шыңы. Сол белесті төрткүл дүниенің жастары қалай өткеріп жатыр?! Қазақ пен шетел жасында нендей айырмашылық һәм артықшылық бар? Байқап көрелік…

Айналама қарасам…
Осыдан ХІІ ғасыр бұрын әл-Фараби бабамыз: «Кез келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара» деп айтқан екен. Ғасырлар алмасып, заман өзгерсе де, бұл нақыл өз құндылығын жоғалтқан емес. Шартарапқа көз салсаңыз, әрбір ұлт пен мемлекет жастарының дүниетанымы, өмірге көзқарасы әртүрлі болып келеді. Мәселен, Еуропадағы жастар қандай? Жаз келсе болды, жүгін жинап Америкаға кететін бір құрбым: «Ол жақта өмір басқаша. Ешкім біздегідей «ұят бо­ладымен» өмір сүрмейді» деп еді. «Ұят болады» деумен өмір сүру қаншалықты дұрыс-бұрыстығына кейін тоқталармыз, ал «ол жақта өмір басқаша» дегені, толық­қанды еркіндікті айтқандығы болар. «Қалай өмір сүрем, кіммен өмір сүрем, өзім білем» дейтін ағылшын баласына ата-анасы да селқос қарайтындай. Заман қарыштап дамып, жаһандануға жақындап қалсақ та, «Әй, көшке ілесе алмай қаласың, оқы, талпын» деп жатқан ешкім жоқ. АҚШ баласы өзі біледі. Күнкөріске жетерлік кәсіп тауып, мейлі етікші, мейлі тігінші, өз соқпағын өзі салып жүре береді. Ал бізде қалай? Мектеп бітірген түлек міндетті түрде оқуға түсуі керек. Есеп-қисапқа жоқ баласын экономистің, заңның иісін сезбейтін баласын заңгердің оқуына түсіріп, ата-ана әлек боп жүргені. Жә, оны қойшы, айтпағым ол емес. Ағылшын, неміс, мейлі, орыс баласының ата-анасымен әңгіме-дүкен құруы да өзгеше. Басқасын айтпағанда, қазақ баласының өзін өмірге әкелген туған анасына «Сізді жақсы көрем» деп айтуы өте сирек құбылыс сияқты. Әлде ол «айтпасам да біледі ғой» деген стереотипке сала ма екен?! Ал он жылда жетпіс төрт миллион адамға көбейген Қытай жастары жайында сөз қозғаудың өзі бір ғанибет. «Өмірді қалай сүру керек, уақытты қалай тиімді пайдалану керек?» деген сұраққа Бейжіңдегі әрбір жас семинар сабақтарын өткізуге бар. Қытайлық жасөспірімдер бір тәуліктің он бес сағатын білім алып, оқу мен тоқуға жұмсайды. Білімнің күшімен төрткүл әлемге әйгілі болудың озық үлгісін жасаған да осы халық. Біз қайран қалып, пайда­ланып жүрген түрлі гаджеттердің Отаны да осында. Десе де, Еуропадағыдай басым еркіндікке ие емес. Тәрбиесі берік. Ағылшындықтардай ата-анасына «өзім білемнің» дәрісін оқымайды.

«…өзім айтам өз жайымда»
Психологтардың пайымдауынша, адам қандай заманда өмір сүрсе де өзінен кейінгі ұрпаққа көңілі толмайды екен. Бұл – әбден мойындалып, шындыққа айналған ак­сиома. Бүгінгі қала қазағын айтарда кешегі дала қазағы есіне түсіп, емірене еңі­рейтіндер көп-ақ. Әлдебір тарихи фильмдер жарыққа шықса, туындыны тамашалай отырып, рухтанып, бағзы замандағы тектілігімізді аңсап, дәстүр мен салтымыздың дұрыс дәріптелгеніне марқайып қаламыз. Бұл ненің белгісі? Бүгінде қазақтың жасы да, жасамысы да көркем туындылардағы қазақы бейнесін жоқтап жүргендей. Жоғарыда айтқан «ұят боладыға» жауапты Баубек Бұлқышевтың мына бір сөзінен тапқандаймыз: «қазақ «жастықта ұят жоқ» дейді. Жастықта ұят неге болмасын? Ұяттың үлкені – жастықта. Сен ұятты жастықтан ізде. Саған бәрі ұят. Ұяты қашқан жастық – жастық емес, ол – кәріліктің басы». «Ұят боладымен» өмір сүретін бір халық болса, ол – қазақ. Тіпті қазақ жастарын биікке жетелеп, кейде құздан құлататын да осы мінезі болар. Ұялмайтын кезде қыздай қысылып, бет­ қызарып, ұялар жерде мізбақпай қалатын түйе-мінезділігі де бар. Қазақ жастары – қытайлықтардай уақытпен жағаласып, ұйқыны торға қамап қоймаса да, қолына шырақ алып, білтелі шамның түбінде ғылым мен білімнің қойнауын қазып жатпаса да, ата сөзін ұлықтап, әкенің қас-қабағын бағып, ана сүтін ақтауға тырмысып жүрген ибалы ел. Өнерді өмір деп қа­былдап, Ыбырай мен Әміренің сүрлеуімен жүргендер де жоқ емес. Ең бастысы, мың азапты арқалап жеткен азаттықтың қадірін түсінген, Мәңгілік ел болуға мүдделі арманшыл жандар. Өмірдің өзі арманнан тұрмай ма?!
Жастар не дейді?
– Қазақ пен шетел жастарының бол­мысындағы айырмашылықты тек «мен­талитет» ұғымының аясында ғана қарас­тырамыз ба?
Әсем НҰРЫМБЕТОВА,
Польша мемлекеті, Ф.Моджевский атындағы бизнес академиясының түлегі:
– «Менталитет» деп қана қарастыру қиын. Себебі, әр жас­тың өз мінез-құлқы, талғамы бар, оған өскен ортасы да әсер етпей коймайды. Бірақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, тәрбие көргендік, әке-шешенің насихаты, мемлекеттің берген тәртібі, айна­лып келгенде, менталитет адамның іс-әре­ке­тіне үлкен үлес қосады. Бұл тарапта шетел жастары мен қазақ жастарының бар болмы­сына менталитеттің әсері үлкен. Олардың өздерін ұстауынан, егде адамға деген қарым-қатынасынан байқауға болады. Одан да басқа айтатын жайт, ол – қазір әлем жастарының бір-біріне ұқсап бара жатқаны. Бұл жаһандану әсерінен деп түсінемін.
Балсан МӘДІ,
Түркия мемлекеті, Памуккале университетінің магистранты:
– Қазақ жаста­рын шетелдік жас­тар­дан немесе шет­ел­діктерді қа­­зақтардан ерек­шелейтін – ділі. Мәселен, мен Түркияда оқимын. Байқағаным, менің киім киісім­нен, сөйлеуімнен шетелдік екенімді көбісі біле бермейді. Алайда белгілі бір тақы­рыптарда әңгіме өрби бастағанда, түсі­ніспеушіліктер туындайды. Неге десеңіз, біздің тіліміз бір, дініміз бір, алайда діліміз бөлек. Біздің көзқарасымыз, тәрбиеміз бөлек. Өскен жағрапиялық ортамыздың өзі басқа болғаны үшін, «мәдениет» деген бір сөздің өзіне біз әртүрлі анықтама береміз. Бізді бір-бірімізден айырып тұратын дүние, ол – діл.

P.S.

Әр заман өз шындығын алға тартатынындай, әр елдің жастары өзінің мәдениеті мен дәстүрін дәріптеп, өмір сүру салты мен дағдысын ұстанып жүре бермек. «Адам баласын замана өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» демеді ме Абай атамыз. Қартайған шағында И.Тургенев: «Қайран жастық! Жастық!… Бәлкім, сенің ғажаптығың бәрін де тындыра аламын деп ойлау мүмкіндігіңде болар-ау» деген екен. И.Тургенев салған сүрлеумен: қайран, қазағымның жастары! Жас кездеріңде бәрін тындырып үлгерсеңдер екен… Елімнің болашағы сендік тағдырмен байланысты емес пе дегім келеді.

Гүлім САДЫРБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*