Мешітте де мән жоқ, құлшылығы болмаса…

1292
0
Бөлісу:

Құдай үйі құлшылық үшін салынады. Әу бастағы мақсаты солай: адамның екі дүниесіне бірдей қызмет ету. Бұл дүниесі түгел болғанмен, екінші дүниесі қайырсыз болса, ол адам – бақытсыз. Сол секілді, Құран оқылмаған мешіт те – жетім. Құлшылығы болмаса, мешітте де мән жоқ. Қанша жерден тарихи құнды сәулет ескерткіші болса да. Мұны біз, көне мешіттерді қалай пайдаланып жүргенімізге байланысты қозғап отырмыз. Мешіт дегені болмаса, тарихи мешіттеріміздің дені бүгінде мұражайға айналған. Есігін айқара ашып қойғанымызбен, бірен-саран туристер болмаса, ол жаққа адам аяғы баспайды. 

Ыстамбұлдағы Айя София мешітін білмейтін адам жоқ. 324-337 жылдары салынған. Жер бетіндегі ең ірі әрі ең көне ғибадатхана. Әу баста шіркеу болған. Константинополь тарихта Ыстамбұл болып өзгерген күннен бастап мешітке айналған. 1935 жылдан мешіттік қызметі тоқтатылып, бірыңғай мұражайға айналған. Сөйтіп, екі дүниеге арналған Құдай үйі бір ғана дүниеге қызмет етуде. Түріктер осы көне ғибадат­хананы қайтадан мешітке айналдырсақ деп армандайды. Бірақ саясат ұстанады. Былтыр Айя Софияда бір ғасырдан соң тұңғыш рет азан оқылды. Бір ғасырдан соң көне ғибадатхана Құран нұрымен нұрланды. Имамның беріле оқыған азанын Түркия президенті Ердоған арнайы келіп тыңдады. Көне мешіт мән ғана емес, жан біткендей ғажайып күйге оранды.
Мұны неге айтып отырмыз? Алматы облысындағы ежелгі Жаркент қаласында ғажайып сәулет ескерткіші – салынғанына 130 жыл болған тарихи мешіт бар. 1892 жылы ешбір шеге қағылмай ағаштан қиюластырып тұрғызылған мешіттің әлі күнге мұрты бұзылмаған. Халық аузында Уәли бай мешіті аталып кеткен діни ғимарат әлі күнге өзінің бастапқы қалпында сақ­талған. Үш мың адамға дейін еркін сиятын көне мешіт жұма намазын өткізуге қо­лайлы-ақ. Орталықта орналасқан. Өкінішке қарай, әу бастағы діни үй мұражайға, тарихи ескерткішке айналып кеткен. 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар сәулет және тарихи ескерткіш ретінде танылып, мемлекеттің қорғауына алынған. Шығыстық үлгімен ғажап қиюластырып салынған мешітке келушілер таңдай қағып, тамсанғанмен, құдайға құлшылық етіп, маңдайын сәждеге тигізе алмайды. Себебі, ұйғыр, дұңған халқының тарихы мен мәде­ниетінен хабар беретін жәдігерлер қойыл­ған мұражай. Әу бастағы мәнінен айырыл­ған. Мән болмаған соң, ішінде жан да жоқ.
Дәл осындай шегесіз салынған сәулет ескерткіші Алматыдағы 28-гвардиялық-панфиловшылар саябағында да тұр. Әулие Вознесенский шіркеуі 1904 жылы салынған. 1910 жылы Верныйда болған алапат жер сілкінісі кезінде осы ағаш сәулет өнерінің қылы да қисаймаған. 1929 жылдан Қазақ­станның Орталық мұражайы болған бұл ғибадатхана 1995 жылдан бастап қай­тадан шоқыну рәсімін өткізетін шіркеуге айналды емес пе?! Салмағы жүздеген пұт тарта­тын алып қоңыраулар тұрған шіркеу адам өмі­ріне қауіпті емес, оған қарағанда Жаркент мешіті әлдеқайда қауіпсіз екені айдан анық.
Тарихы бес ғасырдан асатын Түркиядағы көне мешіттер әрі музей, әрі адамдар құлшылық парызын атқаратын мешіт міндетін атқарады. Өзімізден де мысал алуға болады. Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында 1871 жылы іргесі қаланған «Қызыл мешіт» бар. Ертеректе бұл мешіттің жанында екі қабатты үлкен медресе ғимараты да болған. Мұнда татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай (1886-1913 жж.) тұрып, оқыған екен. Осы қараусыз қалған мешіт қазір қайта жөнделген, намаз оқушылардың парызын өтеуде. Ғажап емес пе?!
1851 жылы салынған Қарқаралыдағы Құнанбай мешіті де намазхандарға қызмет етіп, әу бастағы міндетін мүлтіксіз өтеуде. Сауабы осы мешітті салған кісілерге жетіп жатыр. Мұнда қазақтың бас ақыны Абайдың табаны тиген. Мұндай қасиетті жерде маңдайын сәждеге тигізу, әрине, кез келген мұсылманға арман. Мұндай жарқын мысалдарды келтіре берсек жетеді.
Бұл аталған діни орындардай емес, өкінішке қарай, Жаркент мешітінің тарихи құндылығына ғана көңіл бөлініп, басты миссиясына мән берілмей келеді. Егер мешіттің басты миссиясына мән берілсе, адамның да, Құдайдың да алдындағы үлкен сауапқа кенелген болар едік. Бұл орайда оны өз дәрежесінде ұстап тұрудан еш қорықпау керек. Музей мәртебесі де сақталып, екі міндетті қатар атқарса құба-құп. Сонда қадір-қасиеті бұдан да арта түседі.

Төреғали ТӘШЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*