«Жер сұлуы – Жетісу»

1405
0
Бөлісу:

Этно-фестиваль мәресіне жетті

XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада аясында ұйымдастырылған «Алатау алабында» этно-фестивалі өз мәресіне жетті.
29 қаңтарда ашылып, Универсиада аяқталғанша жұмыс жасаған шара «Өнер алды – қызыл тіл» республи­ка­­лық студенттер айтысы мен «Жер сұлуы –­ Жетісу» дәстүрлі ән-күй кешімен аяқталды.
Жыр сайысының жұртшылыққа жетуіне Алматы қаласы әкімдігі мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы ұйытқы болды. Дүбірлі додада Айтбек Тұрсынбаев (Тараз), Айдана Қайсарбек (Алматы), Мөлдір Айтбай (Қызылорда), Аяулым Жұмабекқызы (Алматы), Алтынбек Ибрагимов (Алматы), Ақниет Жұбаныш (Ақтөбе), Айтуған Жетебаев (Қызылорда), Қанат Мырзахан (Алматы), Саягүл Бірлесбек (Семей), Бибігүл Тілебалдинова (Алматы), Нұрлыбек Құрманов (Тараз), Жібек Шахмарданова (Қызылорда) сынды 12 студент ақын сөз саптады. Айтыстың өзгешелігі, жас ақындар кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған бірнеше жанрлық үлгіні қайтадан жаңғыртуға тырысты.
Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етті. Құрамына Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, Ринат Зайытов, Қалижан Білдәшев, «Алатау» дәстүрлі өнер театры және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының қызметкері Жарқын Сәленұлы кірді. Алты жұп сүре айтыс, түре айтыс, жұмбақ айтыс, өтірік өлең айтысы, қыз бен жігіт айтысы, қайым айтыс үлгілерін көрсетті. Нәтижесінде бас жүлдені Қанат Мырзахан иеленіп, Аяулым Жұмабек І орын, Айтуған Жетебаев ІІ орынды жеңіп алды. ІІІ орынды Саягүл Бірлесбек пен Жібек Шахмардан өзара бөлісті.
«Жер сұлуы – Жетісу» ән-күй кешінде Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Дәржанова, Ерболат Шалдыбеков, Нұркен Әшіров бастаған өнер иелері шәкірттерін ел алдына алып шықты.
Жамбыл Жабаевтың «Ақындарға арнауын» жыршы, термеші Ерболат Шал­дыбеков, Бармақ ақынның «Мәті Дәурен» әнін халықаралық және республи­калық байқаулардың лауреаты Рауан Әбілбаев, Сүйінбай Аронұлының «Ақыл-нақыл» термесін халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Мақпал Тоқта­ғанова, Әбен Дәуренбековтің өлеңіне жазылған Дәнеш Рақышевтың «Жер сұлуы – Жетісу» әнін Жаңагүл Молдахметова, халық әні «Бүлдіргенді» Гүлнар Бағанқызы, халық әні «Халаулім-айды» Аяулым Мақабілқызы, Кенен Әзірбаевтің «Ойжайлау» әнін Бейбіт Мұсаев, «Әбдіғалидің термесін» әнші, термеші Сандуғаш Мүбәрәкқызы, халық әні «Игай-ауды» Қуаныш Алтыбаев, Жамбылдың «Төгейін жырды халқыма» жырын Шаттық Уатқан, Кененнің әні «Бастауды» Шолпан Даржанова, халық әні «Ой-қарағайды» Гүлім Алшынова, Дәнеш Рақышевтың «Саясында Алманың» және Сәдіқожаның әні «Сары бидайды» Нұржан Жанпейісов шырқады. Сондай-ақ Қа­зақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев Көдек Байшығанұ­лының «Қыздар-ау, игай», «Қапездің қоштасуы» және көпшіліктің сұрауымен Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәурен» әнін орындады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері күйші Нұркен Әшіров Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін тартып, соңынан шәкірт­терімен бірге Жетісу күйлерінен шашу шашты.
Он күнге жалғасқан фестивальде жұмыс істеген шығармашылық топты да айта кеткеніміз орынды болар. Жобаның көркемдік жетекшісі – Базарбек Атығай, режиссері – Сержан Молдасанұлы, режиссердің көмекшісі – Күнтуған Сұлтан, әкімшісі – Әлия Жабаева, Айнұр Ибраева, Сағын Кәденқызы, қоюшы суретшісі – Манарбек Атығаев, Амантұр Бейсембинов.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының көркемдік жетекшісі Базарбек Атығайдың айтуынша, алдағы уақытта жекелеген өнер иелерінің шығармашылық кештері жалғасын табады. Бұдан бөлек, Еркін Шүкіманның ұсынысымен «Қыз Жібек» операсын қазіргі әншілердің қатысуымен қайта сахналау мәселесі талқыланып жатыр. Басшылар қолдап жатса, Ұлыстың ұлы күні Наурыз тойын театр алдында сән-салтанатымен атап өту де ойда бар.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*