Президент саябағында серуендегіңіз келсе…

771
0
Бөлісу:
Президент паркі

Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы саябақ сырт көзге таза ауамен тыныстап, тек жастардың қол ұстасып қыдыратын алаңы болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде қала тұрғындары үшін мұнда спорт түрлерімен тегін айналысуға барлық жағдай жасалған.

Әсіресе, қыстың күндері шаңғы теуіп, шанамен сырғанап, скандинавиялық жүріспен шұғылданып, жүруге және жүгіруге, турникке тартылып, тренажерда  жаттығу жасауға таптырмайтын орын. Ал жаз мезгілінде бұған қосымша доптың қай түрінен ойнағыңыз келсе де өз еркіңіз.

Ең бастысы, тәуліктің қай уақытында келсеңіз де, қалаған спорт түрімен емін-еркін айналыса аласыз. Таң мен кешкі мезгілді айтпағанда, тал түсте де салауатты өмір салтын ұстанып жүргендердің қарасы көп. Ешкім сізге «осындай уақытта адам жүгіре ме?» деген таңырқаулы көзбен қарамайды. Керісінше, сіз еш жатырқаусыз қайнаған өмірдің ортасына топ ете түсесіз.

Кітап оқуға, музыка тыңдауға, табиғат көріністерін тамашалауға да мүмкіндік мол.

2010 жылы шілде айында ашылған саябақтың жалпы аумағы – 73 гектар. Жаяу жүргіншілер үшін бір айналып шығу шамамен 5 шақырымды құрайды. Өрге қарай көтерілу оңайлыққа түспейді, біраз күш жұмсауға тура келеді. Дегенмен, денсаулыққа пайдасы шаш етектен.

Мамандар таза ауада қыдырудың адам ағзасына оң әсер ететінін үнемі айтып та, жазып та келеді. Әлемде ұзақ жасайтындардың 90 пайызы өз құпиялары жаяу жүруде жатқанын жария етіп отыр. Таза ауада тыныстау, қандағы қант мөлшерінің реттеліп, көңіл-күйдің жақсаруына септігін тигізеді. Есте сақтау қабілетін арттырып, жүрек ауруының алдын алады. «Жай ғана қыдырамын» десеңіз, алуан түрлі аллея, бульварлар мен дендрарлық учаскелер,  жасыл желектің түр-түрі, ағашта ойнаған тиін ішіңізді пыстыра қоймайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен отырғызған емен ағашы, су бұрқақ (қазір тоқтатылған), Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Қазақстан», монументальды-сәулет композициясы, «Жеті қазына» қазақ бағы, «Еуропалық бақ», «Жапон бағы» сұлулығымен көз тартады.

Қысқасы, спортпен айналысып, денсаулығыңызды түзегіңіз келсе, Президент паркі  қыстың күні таңнан  түнгі сағат 10.00-ге, жаздың күні 11.00-ге дейін  жұмыс істейді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Суреттерді түсірген автор

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*