ІСКЕР ӘЙЕЛ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

717
0
Бөлісу:

Қазақстандық әйелдердің мүмкіндіктері мен әлеуетін экономикалық салаға қарай жұмылдыруға мемлекет ерекше ықылас танытып отыр. Осыған байланысты ауқымды шаруалар қолға алынып, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы кеше Астанада «Корпоративтік секторда әйелдер мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында өткен халықаралық форумда Мемлекеттік хатшы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді.

– Еліміз өз дамуының тағы бір елеулі белесіне батыл қадам басуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында мемлекет өркендеуінің алдағы бес ба­сымдығын белгілеп берді. Президент жүктеген межелі міндеттерді жүзеге асыруға әйелдер қауымы да белсенді атсалыса­тынына сенімдімін. Жолдауда көрсетілген нақты міндеттердің бірі – экономикадағы корпоративтік секторды жандандыру. Осы орайда әйелдердің экономика саласындағы белсенділігі де айрықша маңызды. Біз өзі­міздің мүмкіндіктерімізді, күш-жігері­мізді іскерлік саланы дамытуға жұмсауымыз керек. Оған қажетті қолдау да, заңнамалық ресурстар да жеткілікті. Жақында әзір­ленген отбасы және гендерлік саясат са­ласындағы құжат та әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған, – деді Мем­лекеттік хатшы жиында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, Қазақстан 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік бағытындағы стратегияны сәтті жүзеге асырды. Бүгінде Парламент Мәжілісінде әйелдердің үлесі 27 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш 2006 жылы небәрі 10 пайыз болған. Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметі бойынша, былтыр Қазақстан әйелдердің парламенттегі үлесі бойынша 144 елдің ішінде 48-орынды иеленген екен. Бұған қоса, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің 44 пайызын әйелдер бас­қарып, бизнес саласындағы жұмыс орын­дарының 31 пайызын да әйелдер қам­тамасыз етіп отыр. Мемлекеттік хатшының бағалауынша, бұл жаман көрсеткіш емес.
Ел экономикасына үлесін қосып, кәсібін дөңгелетем деген әйелдерге мемлекет тарапынан қолдау да баршылық. Бизнесті дамыту бағдарламаларын Үкімет пен халықаралық даму институттары, ЕҚДБ, БҰҰ Даму бағдарламасы, Дүние­жүзілік банк және өзге де ұйымдармен келісе отырып, жүргізіп келеді. Олардың ішінде ауыл әйелдерінің іскерлігін да­мытуға арналған жобалар да бар. Айталық, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің кәсіп­керлікті өркендетуге бөлген несиелерінің 32 пайызы әйелдерге бұйырған.
–Жолдауда көрсетілген басым бағыттардың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Елбасы елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді тапсырып отыр. Бұл кәсіпкерлік салада жүрген әйел­дерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Нәсібін кәсіптен тапқан нәзік жандар қоғамның қозғаушы күшіне айналуы керек.Біз басқарушылық процедураларды жақсартып, бәсекеге қабілеттілікті арт­тырып, әйелдердің инновациялық стар­таптарға қатысу белсенділігін көтеруіміз керек, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Бұдан кейін елдің еңбек нарығындағы жағдайы туралы баяндаған Мемлекеттік хатшы білім саласында еңбек ететіндердің 75 пайызы – әйелдер екенін, басқа-басқа, осы салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты, яғни, бизнесті тарта отырып саланы дамыту мәселесі әлдеқайда нәтижелі екенін айтты.
Әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға үндеген халықаралық форумға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да қатысып, Үкімет қолға алған шаралар туралы баяндады.
Министрдің айуынша, бүгінде елімізде 3,1 миллион әйел жалдамалы жұмыс істейді. 2010 жылдан бастап бұл көрсеткіш 658 мың адамға артқан.Жұмыс істейтін әйелдердің 19 пайызы – саудада, 18 пайы­зы – білім мен денсаулық саласын­да, 8,6 пайызы әлеуметтік қызмет атқарады.
Мемлекеттің «Жұмысқа қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2011-2015 жылдар аралығында 800 мың адам еңбекпен қамтылса, солардың 380 мыңы әйелдер болған.
– Біз биылдан бастап, «Өнімді жұмыс­пен қамту және бұқаралық кәсіпкерлік» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Оның басты бағыты – өздігінен жұмысқа орналаса алмайтын әлеуметтік әлсіз топтарды оқыта отырып, белгілі бір мамандыққа бейімдеу. Екінші бағыты – кәсібін ашқысы келген жандарға жеңілдетілген несие беру. Бұрынғы бағдарлама бойынша бес жылға 3 мил­лионға дейін несие берілді, жаңа бағ­дарламада қарызға берілетін қаржының көлемі де ұлғайды. Ал үшінші бағыт – азаматтарды өзге өңірлерге өз еркімен қоныстандыру арқылы жұмыс күшіне деген мұқтаждықты шешу. Алғашқы жұмыстар легі басталып та кетті. Өңірлерге үлес қосуды алдымен студенттер бастайды. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға респуб­ликалық бюджеттен – 45 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 40 млрд теңге қарастырылып отыр, – деді министр.
Халықаралық форумда Еуропалық жаңғырту және даму банктің Түркия және Орталық Азия елдері бойынша басқарушы директоры Наталья Ханженкова, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура және тағы басқалар да сөз сөйлеп, гендерлік саясатты дамытудағы ой-пікірлерімен бөлісті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*