Димаш ЭКСПО-ға шақырылады

478
0
Бөлісу:

Дүниежүзін дүр еткізген дүлдүл дарынымыз Димаш Құдайберген «ЭКСПО – 2017» көрмесінде өнер көрсетуі мүмкін. Бұл халықаралық көрмеге келер туристер қатарын көбейтуге ықпал етеді деп күтілуде. Жауапты тұлғалар осы мәселені қарастырып жатқан көрінеді. Кеше Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері Үкімет үйінде ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесіп, өз салаларындағы жаңалықтарымен бөлісті. 

Баспасөз мәслихатында Мә­дениет және спорт вице-ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова бұл бағыттарда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.
– Бүгінде Димаш Құ­дай­берген біздің мақтанышы­мызға айналуда, Мәдениет және спорт министрлігінің белсенді қол­дауы­мен бірталай халықара­лық байқаулардың жеңімпазы атан­ды. Ол қазіргі кезде Қа­зақ­стан мәдениетінің дүниежүзіндегі өзіндік бір елшісі болып табы­лады. Оның өнерін әлемде екі миллиардтан астам адам та­ма­шалап, тәнті болған. Жастар­дан осындай озық мәдени қай­рат­керлерді тәрбиелеу үшін ми­нистрлігіміз 2014 жылдан бері өз қарауымызға көшкен жоғарғы оқу орындарымен ықпалдастықта жұмыс жасауда, – деді А.Райым­құлова.
Сарапшылардың айтуынша, Димаш Құдайберген Қазақ елінің нағыз брендіне, беткеұстарына ғана емес, сондай-ақ жеке бір «турист тартар нысанға айналады: әлем­дік жұлдыздар қатарлы оның да өнерін тамашалау үшін кез кел­ген елге соңынан еріп жүретін фанаттары көп болады. Демек, жас өнерпазымыз биылғы 10 мау­сымда Астанада ашылатын ЭКСПО халықаралық көрмесінің қойылымдарына тартылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бұл ретте Мәдениет және спорт вице-министрі ЕХРО ха­лықаралық көрмесі аясында бүкіл­қазақстандық мәдениеттің әлемдік тұсаукесері ұйымдасты­рылатынын мәлімдеді. «Біз онда қазақ мәдениетінің жоғарғы же­тістіктерін жан-жақты ұсынуға тырысамыз!» – деді ол.
Дегенмен осы орайда ақпарат құралдарының өкілдері «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығар қазақ дарынының өз еліміздегі қаптаған халықаралық өнер сайыстарынан емес, ҚХР-дағы жергілікті байқаудан әлемге та­нылғанына өкініш білдірді.
Алайда Мәдениет және спорт министрінің орынбасары бұл бай­ламмен келіспейтіндерін айтты:
– Димаш Құдайберген – республикалық бірнеше кон­курстың жеңімпазы. Үкіметтік барлық дерлік концерттерге қатысып жүрді. Бізге кейде сол үшін ескерту, сын айтылатын. Біз мүмкіндігімізше, оны ілге­рілет­тік, шақырып отырдық. Ол ра­сында да, отандық эстрада орындаушыларының арасында ерекшеленеді, дараланады, – деген вице-ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова Қытайдағы бай­қауға «министрлік қаржылай қолдау көрсеткенін, университет бабын келтіргенін» алға тартты.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*