Қос министрді қабылдады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысына энергетика саласын дамытудың басты көрсеткіштері және осы сектордағы жобаларды одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы баяндалды.Кездесу барысында Елбасы энергетикалық шикізат өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру қажеттігіне назар аударды.
– Қашағанда мұнай өндіру жұмыстары басталды. Теңіз кен орнының аясын кеңейту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Қарашығанаққа қатысты мәселе шешімін тапты. Осыған байланысты мұнай өндіру және оны қайта өңдеу көлемін арттыру қажет. Бұл үшін біз мұнай өңдейтін үш зауытты қайта жаңғыртып жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті газ өндіру, елді газдандыру жұмыстарын жүргізудің, Балқаш жылу электр стансасының құрылысына қатысты мәселелерді шешудің, сондай-ақ энергетика саласындағы нысандарды жекешелендірудің маңыздылығын атап өтті.
Энергетика министрі энергия ресурстарын өндіру жөніндегі жоспардың жекелеген көрсеткіштер бойынша артығымен орындалғаны, сондай-ақ 2016 жылдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты артқаны туралы хабарлады.
Сонымен бірге, Энергетика министрі Мемлекет басшысына өндірушілер мен трейдерлер арасындағы келісім нәтижесінде автожүргізушілер қажеттілігі үшін жеткізілетін сұйық газ көлемін арттыру, электр энергиясын экспорттау жағдайы, геологиялық барлау жұмыстарын күшейту жөніндегі жоспарлар, сондай-ақ тұтыну нарығындағы күрделі конъюнктураға байланысты уран өндіру көлемін азайту преспективалары туралы баяндады.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасыға Алматыда өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ұйымдастырылуы жөнінде есеп берді.
– Қазақстан 2017 жылғы Универсиаданы тиісті деңгейде өткізді. Бұл жарыста біздің спортшыларымыз өздерінің шеберліктерін танытып, жоғары нәтижелер көрсетіп, өскелең ұрпаққа үлгі бола білді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы классикалық өнерді, кино индустриясын одан әрі дамытудың, жас дарындарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Мәдениет және спорт министрі Қазақстан Президентіне қысқы сайыстар қорытындылары мен бұқаралық спортты одан әрі дамыту жолында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы екі министрге де бірқатар тапсырма берді.