Фристайл – нағыз еркіндік алаңы

823
0
Бөлісу:

Австрияның Кришпль қаласында фрис­тайлдан Еуропа кубогі өтіп жатыр. Фран­цияның Альбиез қаласында бастау ал­ған дода Швецарияда жалғаспақ. Тар­тысты додада Қазақстан құрамасы бірінші күннен-ақ олжаға кенелді. Алғашқы жарыста әйелдер құрамасындағы Аяулым Әміренова атты жас спортшы қыз фристайл-могулдан жеке өнер көрсетіп 3-орын иеленсе, жұптық жарыста 2-орыннан көрінді. Өткен аптада Кришпль қаласында спортшы қыз барлық қарсыластарынан алға озып, 1-орынға шықты. Сүйінші хабарды ести сала, сол жа­рыс­та жүрген ұлттық құраманың аға бапкері Вик­тор Рейхердқа хабарласып, спорт­шы­ла­рымыздың жайын білген едік. Бапкердің ай­туынша, қазіргі додада ұлттық құрама­мыз­дан қатысқан 6 спортшы жақсы нәтиже көрсетіп, алғашқы отыздықтың қатарына кірген. Күні кеше ғана Александр Геберт ақтық сынға өтті. Телефон арқылы Аяулым Әміреновамен тілдесудің де сәті түсті.

– Еуропа кубогы қалай өтуде? Алған әсерің қандай?
– Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұлт­тық құрамадан әйелдер арасынан осын­дай додаға қатысуымның өзі – маған артылған үлкен сенім. Бұл сенімнің аста­рын­да жауапкершілік те бар. Жас болсам да, осындай бақыт менің еншіме бұйырды. Осындай жақсы нәтижелерге қол жеткіз­генім – мақтаныш. 16 мемлекеттен 70 спортшы бақ сынады. Францияда өткен жарыста 210 метрлік ара қашықтықты ең­се­ріп, күрделі акробаттық жаттығулар жа­сауы­мыз керек болды. Соның барлығын аман-есен еңсеріп, күміс және қола медаль­дар­ды иелендім. Негізгі қарсыластарым Германия, Испания, Корея, Жапония және Финляндия спортшылары болды. Кришпль қаласында жүлделі 1-орын алдым.
– Фристайл қыздарға арналған спорт емес дегенді естиміз. Осындай қауіпті спорт түріне қалай келгенің жайлы білсек…
– Өскемен қаласында 2001 жылы дүние­ге келдім. Қазір спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқимын. Бала күнімнен ата-анам әр демалысын «Алтай альпі» тау шаңғы курортында өткізіп, қыс­қы спортқа ерекше мән беретін. Сөйтіп, шаңғы тебуді үйрендім. Ол кезде 4 жаста едім. Әкемнің айтуынша, тау шаңғысын үйреткен жаттықтырушым күрделі жаттығу­лар­ды тез үйреніп кетуіме тамсанып, фристайлға деген қабілетімді байқаған екен. Содан әкем фристайлға берді. Сол уақыттан бері өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Расында, кез келген спорт түрімен салыстырғанда, фристайлдың ерекше құдіреті де сол, табиғатқа етене жа­қын болып еркіндікті сезінесің. Біріншіден, спортзалда емес, әрдайым таза ауада жат­тығып серуендейсің. Екіншіден, тау бөктерінен сырғанап аспанға ұшқанда тау баласы екеніңді ұғынғандай керемет әсерге бөленесің. Әрине, қыз бала үшін бұл – аса қауіпті спорт. Алайда бұл спортты сүйсең, әрбір қимыл-қозғалысыңды болжауды үйренесің. Акробаттық қимыл-қозға­лыстарды меңгересің.
– Елімізде фристайл спортының даму қарқыны қалай?
– Қазақстанда қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Әуелі табиғи климаттық жағдайымыз сәйкес келсе, екіншіден, тау шаңғы курор­та­рымызда жаттығу Еуропаның курорт­та­рынан әлдеқайда арзан. Талантты, та­лап­ты жастар да жетерлік. Алайда мектеп жа­сынан бастап шаңғы тебуге дағдылау бізде жоқ. Мәселен, Швейцарияда әрбір екінші адам шаңғы тебе алады. Сондықтан мек­тептерде қысқы спорт түрлерін енгізу қолға алынса, бұл балаларға демеу болар еді.
Соңғы жылдары әлем бойынша фрис­тайлға қызығушылық өсіп келеді. Осыдан 3-4 жыл бұрын командамызда 20 адам ғана болса, қазір олардың саны 50-ден асты. Жастар қатары көбейсе деген тілегім бар.
– Әңгімеңізге рақмет! Елге жеңіспен оралуыңызды тілеймін!

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*