ТҰЯҚОВ БИІГІ

1129
0
Бөлісу:
Тұяқов

«Құдай бере салған» саңлақтар

Желаяқ Әмин Тұяқов сексенге келді. 1937 жылы сол кездегі Гурьев облысына қарасты Шайыр ауылында дүниеге келіп, Таушық орта мектебін бітірген Гурьев педагогикалық университетіне түскен бозбала өзінің есімі қазақ спортының тарихында мәңгі қала­тынын ойлады ма екен?
Қалай дегенде де, Тұяқов – Жарату­шы­ның қазаққа берген сыйы.
Неліктен? Осыны таратып айтып көре­йік.
1950 жылдардың соңы мен 1960 жыл­дардың басы қазақ жұртына өмірдің жаңа есіктерін ашып жатты. Отырық­шы­лық­қа көше сала неше реформаға бас-көзсіз жұ­мыл­дырылған халық өзінің тіні – байлардан айы­рылып, еңсе көтерген арыстарының бәрінен «халық жауы» деген жаламен көз жазып, одан бас көтергені соғыста қы­рыл­ған соң, ақыры «жасампаз» кеңес қоға­мы­ның бір тегер­ші­гіне айналды. Бір-бірімен қаруласып со­ғы­су­­дан жалыққан жұрттар енді түрлі аре­на­ларда спорттық сайыстардан бәсекеге түсе бастады. Міне, Ғұсман мен Әминнің қар астынан қылт ете қалған бәйшешектей назар аударатыны осы кез.
Әйтпесе, күнделікті өмірінің өзі кәсіп­қой спортты он орап алатын қазаққа жүгіру таңсық болып па?! Басқасын былай қой­ған­да, оның ертегісінің өзінде Желаяқ айлакер Мыстан кемпірдің көзіне құм шашып, демде көз ұшына кетпейтін бе еді?! Алайда аңызға сену бір бөлек те, оны ұлттың күшін танытатын сала ретінде дамыту бір бөлек. Сондықтан да қазақ даласына кәсіпқой спорттың дәнін сеуіп, жемісін бергі жұртқа көрсеткен Қажымұқан, Шоқыр Бөлтекұлы, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Октябрь Жарылғапов, Әбдісалан Нұрмаханов, т.б. мықтылар есімі өте қым­бат. Олардың бәрі қазақ деген жұрттың өркениетті спорт көшіне ілесе алатынын әбден дәлелдеді.
Осы қатардағы Әмин аға жаратылы­сы­нан феномен. Өзіңіз ойлап көріңізші, бойы 172 см ғана талдырмаш қазақ жігіті сол 1960 жыл­дардың ортасында ұзын сирақ «арғы­мақтардың» уақытымен тең нәтиже көр­сетеді. 100 метрдегі жеке рекорды – 10,3, ал 200 метрдегісі – 20,6 секунд. Осы күнгі рекордтармен салыстырып көріңізші. Қазіргі рекордшы Үсейін Болт (Ямайка) 100 метрді 2009 жылы 9,58 минутта жүгіріп өтті. Жеңіл атлетикадан 2015 жылы өткен (әзір­ше соңғы) әлем чемпионатында фи­нал­ға шыққан 9 желаяқтың бесеуі ғана осы қа­шық­тықты 10 секундқа жетпей артта қал­дырды. Демек, сонау 1965 жылдың қазан айында Алматыда өткен КСРО чемпио­на­тында Әмин аға 100 метрді 10,3 секундта жүгірсе, арада 50 жылдан кейін осы нәтиже бар болғаны 0,45 секундқа қана жаңар­ған болып тұр ғой. Тұяқовтар зама­нын­да алаңда қазіргідей төсеніш, қазіргідей желдің соғу жыл­дамдығын есептейтін құ­рал, ең бас­ты­сы, аяғы жерге тигенде алға ырғытатын аяқ­­киім болды дейсіз бе? Демек, Әмин аға­ны­ң жеке рекорды бізге осыны­сы­мен ба­­­­ға­­лы.
200 метр ше? Қазіргі әлем рекорды Болттың еншісінде – 19,19 секунд. Ол 50 жылдан кейін Тұяқовтың көрсеткішін 1,41 секундқа жаңартқан. Айтары жоқ, ғажайып нәтиже. Алайда соңғы әлем чемпио­натының финалындағы 8 жүйріктің бесеуі ғана қазақ желаяғының 1965 жылғы жеке рекордынан жоғары нәтиже көрсетіпті. Яғни, қазіргі күні Тұяқов әлем чемпио­на­тына қатысса, үздік алтылыққа сөзсіз енер еді. Әрине, бұл әңгімеміз утопия сияқты көрінер, бірақ спорт дегеніңіз – түгел есеп-қисап және соның салыстырулары ғой. 2016 жылғы Рио Олимпиадасының финалында 200 метрді 20­ сек­унд­қа жеткізбей тек Болт қана жүгіріп өтті. Тұяқовтың үздік нәтижесінен де жақсы көрсеткішке Болттан бөлек, кана­да­лық Андре де Грассе ғана (20,02) қол жет­кізді. Болттың бойы – 1,95 см, де Грассенікі – 1,76 см. Үсейін Болт біздің Тұяқовтан
23 см биік, ал де Грассе 4 см бойшаң.
Міне, көрдіңіз бе, нәтижелерді таразы басына осылай салып кеп жібергенде, Тұяқов жеңістерінің құны арта түседі, салмағы ауырлай береді. Сондықтан сек­сен­ге келген желаяғымыз қазақ спортының мәң­гі ардағы болып қала беретіні күмән тудырмайды.

Дәстүр неге жалғаспады?

Тұяқов биігі

Тұяқов биігі

Әрине, Әмин ғұмыры Олимпиада жүл­десімен байи түсер еді. Алайда 1964 жылғы Токио Олимпиадасына барып тұрып, Тұяқов 4х100 метрлік эстафетаға қатыса алмады. Бапкерлер құрамы Эдвин Озолин, Борис Зубов, Ғұсман Қосанов және Борис Савчукке сенім артты, алайда КСРО құра­ма­сы мәре сызығын бесінші болып қана қиды. КСРО чемпионатын 4 рет ұтып алған, 200 метрде КСРО рекордын жаңар­т­қан Әмин аға бәрібір спорттағы ғұмыры бекер өтті дей қоймас.
Бізді өкіндіретіні, сол 1960 жылдардағы қа­зақ рухының дүр көтеріліп, көрініс бе­руі­нен кейін дәстүр қалыптастыра алма­дық.
Ғұсман мен Әминнен кейін қазақ аналары желаяқ баланы дүниеге әкелуді қойды дегенге кім сенеді?! Міне, Қосанов пен Тұяқовтың 1965 жылы КСРО құрамасы сапында АҚШ желаяқтарын эстафетада жеңгеніне, сөйтіп, еңбек сіңірген спорт шебері атағына қол жеткізгеніне де 52 жыл­ға ауды. Содан бері қазақ жеңіл атлетикасы ұзақ ұйқыда.
Басқасын былай қойғанда, 2015 жылы Қытайдың Ухан қаласында жеңіл атле­тикадан өткен Азия чемпионатына бірде-бір қазақ спортшысы қатысқан жоқ. Арада бір жыл өткенде Рио Олимпиадасында қа­зақы келбетті жалғыз жеңіл атлеттің бол­мағаны да түсінікті шығар. Яғни, жарты ғасырға жуық уақытта қазақ жеңіл атле­ти­каны жылы жауып қойды деуге әбден болады. Жалпы, бір мықты спортшыны бала күнінен баптап, әлемдегі үздіктер қатарына қосу үшін шамамен 10-15 жыл қажет болады екен. Тәуелсіздігіміз 26 жасқа қадам басты, демек, осы уақыт аралығында Қазақстанда кемі 2 үздік қазақ жеңіл атлеті шығуға тиіс еді. Жоқ! Тіпті елесі де көрінген жоқ. Тұяқовтың өз шәкірті Шишигина – 2000 жылы, қарағандылық Карпов –
2004 жылы, өскемендік Рыпакова 2008, 2012 және 2016 жылы олимпиадаларда олжа салды. Демек, біздің топырақтан да жүйріктер мен секіргіштер әлемді таңғал­дыра алатынына мысал жеткілікті болып тұр. Бірақ неге қазақ ұландары бой көр­сет­пейді? Әлде, ұлттың күші Тұяқов, Қосанов­тар дәуірімен бірге келмеске кетті ме?
Мүмкін емес. Ең бастысы, қазақ бала­ларын ауыл-ауылдан арнайы іздеп тауып әкеліп, аламанға қосатын жүйе бізде мүлде жоқ. Біз ауылдардан тек жұдырық­шыларды іздейміз. Сөз ақиқаты – осы.
Октябрь Жарылғапов, Заңғар Жәр­кешев, Жанбек Сауранбаев дәуірінен кейін волейболда қазақ аты сирек кездесетінге айналды. 1990 жылдардың басында – Ба­қыт­жан Байтөреев, 2000 жылдардың ба­сын­да Марат Иманғалиев бой көрсетіп еді, қа­зір ең құрығанда Азия деңгейінде атой­лайтын бір волейболшымыз көрін­бей­ді.
Баскетболда Әлжан Жармұхамедов есімі әлі күнге жалғыз. Оның өзін «қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы» дегенге қимаймыз.
Бессайысшы Тимур Досымбетовтың, велобәйгеші Марат Сатыбалдиевтың, су добының шеберлері Нұрлан Меңдіғалиев пен Асқар Оразалиновтың аты осы күнгі спорт жылнамаларында ғана қалды. Арт­та­рынан ерген кім бар?
Көгалдағы хоккейден аты аңызға айналған Мұрат Жексенбеков, Берікқазы Сексенбаевтардан кейін неге ешкім мен деп шықпады? Бұл спорт түрінен жеңісіміз де, дәстүріміз де бай еді ғой…
Сонда 1960 жылдары басталған сол дүмпу неге тез сөнді? КСРО заманында орталықтың бапкерлері тұсады дейік, тәуелсіздіктің ширек ғасырында осы әуелгі жеңістерді дәстүрге айналдыратындай мүмкіндік қолымызда болды ғой. Қазір де бар. Кім кедергі сонда?
Кейбір керіжақ мамандар қазақтың спорттың кейбір түрлеріне генетикалық тұрғыда қабілетсіз екенін айтады.
2000 жылдардың басында Алматының «Қайра­тына» Сербиядан Златко Крмпотич деген бапкер келіп: «Қазақстанның оңтүс­тігінен футбол таланттары шығуы мүмкін емес. Солтүстіктегілердің қанында аздап доп тебу қабілеті бар», – деп айды аспанға шығарған-ды. Арада он жылдан астам уақыт өтті. Шүкір, Бауыржан Исламхан, Елдос Ахме­тов, Ұлан Қонысбаев, Таңат Нөсербаев, т.б. өз деңгейіміздегі жұлдыздар сол оңтүстіктен шығып жатыр.
Шорт-трек деген таңсық спорт түрін осы күнге дейін бар деп білдік пе? Бұл спортта қазақ баласының несібесі зор еке­нін жанкешті маман Мәдіғали Қарсыбеков то­лық дәлелдеді. 2014 жылғы Сочи Олим­пиа­дасында Қарсыбековтың 4 шәкірті эста­фе­т­аның финалында өнер көрсетті. Бұл бір сәт­тік нәтиже емес екен. Осы күні Нұрбер­ген Жұмағазиевтің, Абзал Әжіғалиевтің, Айдар Бекжановтың Универсиададағы, әлем кубогының кезеңдеріндегі табыс­та­ры­на көзіміз үйренгені соншалық, тіпті заң­дылық ретінде қарайтын болдық.
Фристайлдың акробатика түрінен Жан­бота Алдабергенованың Сочиде үздік алтылыққа енуі сенсация делініп еді, оның қатарына енді Жібек Арапбаева қосылып, әлемнің қарлы тауларында атой салып жүр.
Біз енді жүзуден, жеңіл атлетикадан, ауыр атлетикадан, есу спортынан, спорттық гимнастикадан, суға секіруден, нысана көздеуден қазақ балаларының талантын ашуға тиіспіз.
Әминдер жарты ғасырдағы жалғызымыз болып қалмауға тиіс. Бүгінгі әңгіме мәні – осы.

 

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*