«Ажалды ойын» апанын ауыздықтай аламыз ба?

852
0
Бөлісу:

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов суицидке итермелейтін жатжұрттық әлеуметтік желілер мен сайттардың балалар мен жасөспірімдер психикасына қалай ықпал ететінін баяндап берді.
Бұл әңгіме Парламент қабырғасында айтылды: кеше «бас полицей» Үкімет сағаты аясында депутаттар алдында есеп берген болатын.
«Өлім топтарымен» күресуші қа­зақ­стандық полицейлер маңдай соға­тын ең үлкен мәселе және кедергі – ұлты­мыз­дың болашағына қауіп төн­діретін әлгін­дей қаскөй интернет-ресурстар қо­жайындарының Қа­зақ­стан аумағынан тыс жерлерде орна­ласуы болып отыр. Қ.Қасымов қазақ елі­нің жас ұрпағын «өз еркімен» өмір­ден кетуге арандататын топтарды анық­­тау үшін өз ве­домст­во­сының ға­лам­­торға мониторинг жүр­гізетінін жет­­кізді.
– «Синий кит», «Тихий дом» топ­та­рын тексерудеміз. Министрлікке оқу­шы­лардың ата-аналарынан, туған-туы­старынан, мұ­ға­лім­дерден ша­ғым­дар түседі, біз барлық фак­тілер бойынша іс-шараларды жүзеге асырамыз. Алай­да мұндай интернет-ресурстардың Қа­зақстаннан тыс орналасуы үлкен мә­селе болуда. Мәселен, «ВКонтакте» әлеу­меттік желісі – Ресейде, Facebook пен Instagram – АҚШ-та. Бұдан шығар жол қандай? Біз бұ­лар­дың иелерін қа­зақстандық пайдалану­шылардың бар­лық деректерін Қазақстанда ұстауға немесе елімізде қазақстандық про­вай­дерлер арқылы жұмыс істеуге заң жү­зінде мін­деттеуге тиіспіз. Әйтпесе, қа­зір әрбір оқи­ға бойынша прокура­тура арқылы сұрау жа­саймыз. Бірақ әр елдің заңнамасы әр басқа. Ол сұрауы­мыз тиісті жеріне жеткенше, ұзақ уа­қыт өтеді, – деді Қ.Қасымов.
Әрине, әлеуметтік желілердің қазақ­стан­­дықтар деректерін елімізде ұс­тау­ға мәжбүрлеу оңай шаруа емес. Көрші Ре­сей былтыр осындай заң қабылдады, бі­рақ ол үлкен қарсылыққа кезігуде. Себе­бі, бұл деректерді сақтайтын дата-орта­лық­тар салуы керек, ал бұл іске шетел­дік­тер­дің инвестиция құйғысы жоқ, өйткені әлемде дайындары жеткілікті. Сондықтан ІІМ әзірге өз күшімен шешуге талаптануда.
– Өткен жылы Ресейде Филипп Будей­кин ұсталды, ол F57 «өлім тобын» құрған жә­не бірнеше жасөспірімнің өліміне қа­тыс­ты деп айыпталуда. Бірақ оның жұмы­сын «ізбасарлары» жалғастырып әкетті. Нә­тижесінде, мұндай топтар саны тіптен кө­бейді, олар арасында F58, «Позвони мне в 4.20» дегендер бар. Ол ол ма, бұл әре­кет­тер Whats App, Instagram, Facebook секілді ұялы телефон қосымшаларының пайда­лану­шыларына да тарала бастады. Бізде бү­гінде арнаулы қызмет осыларды қада­ға­лаумен шұғылдануда. Шаралар қабыл­дау­да­мыз, – деді ішкі істер министрі.

Қ.Қасымов балалардың бұл «ажалды ойынға» қалай тарты­ла­тынын ата-ана­лар­дың білгені жөн екенін білдірді:
«Бұлар балалар психикасына әсер етеді, оларды әртүрлі жолмен елік­тіреді. Біз қарадық, шамамен 50 күн беріледі, әр­бір күнде баладан қандай да бір әрекеттер жа­сауды талап етеді. Айталық, 18-күні «таң азанда, 4.20-да оян, ең үлкен ғимарат шатырына шық та, қозғалмай тұр» дейді. 19-күні ең үлкен көпірге, 21-күні ең үлкен кранға бар. 28-күні «мен китпін!» деп ант беруді ұсынады. Кейін 39-49-күндері 4.20-да ояну, қор­қы­нышты фильмдерді көру ұсы­нылады. 50-күні «өзіңді-өзің өлтір, асы­лып өл немесе үлкен биіктіктен секір!» деп хабарлама жазады» деді Қалмұханбет Қасымов.
Оның айтуынша, ІІМ-дегі арнаулы қызметкерлер Қазақстанға қатысты 100-ден астам фактіні әшкерелеп, олар бо­йынша мате­риал­дарды интернет-ре­сурс­тарды тосқауылдауы үшін Ақпарат және ком­муникациялар ми­нистрлігіне тапсы­рып­ты.
«Биылғы қаңтар-ақпанда кәме­лет­ке толмағандарды осыған тарту­дың 63 оқи­ға­сы тіркелді. Соның ішінде 15 бала өз тән­де­ріне әртүрлі жарақат салып үлгерген» деді министр.
Оның мәліметінше, былтырғы жылы өзіне-өзі қол салуға талап­тану фактілері бойынша 44 қыл­мыс­тық іс қозғалыпты. 16 бала өмірмен қош айтысқан. «Барлық оқи­ғалар бойынша тергеулер жүр­гізілді. Бірде-бір жағдайда олардың осы ойын­дар­да ойнағаны растал­мады. «Өлім тобы» мә­селесі Қазақ­станда тек қаңтар-ақпанда пайда болды. Әлгі айтылған 63 оқиғаның 15-інде балалар өз парақшала­ры­ның та­ны­малдылығы деңгейін көте­ру үшін жай ермек еткен екен» деді ақпарат құрал­дарына сұхба­тында Қ.Қасымов.
Өз кезегінде депутаттар сұра­ғына жа­уап қайырған Бас про­ку­рор­дың бірінші орын­басары Иоган Меркель бұл мәселені «салмақты» деп бағалады.
– Бас прокуратурада да осымен ай­на­лы­сатын арнаулы қызмет құ­рыл­ған. Олар күн сайын монито­ринг жүргізеді. Заң­на­ма­ға енгіз­іл­ген өзгерістер мұндай ин­­тер­­нет-ресурстарды толық жа­уып тастау үшін сотқа шағым түсіруге мүмкіндік береді. Айтылып отырған топтар бойынша тиісті жұ­мыстар жүргізілуде, – деп баяндады И.Меркель.
Жалпы, кешегі «Үкімет сағаты» тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған болатын. Осы орайда депутаттар құзырлы органдардан балаларға қатысты зорлыққа тосқауыл қою мәселесін пысық­тауды сұрады. «Жасөскін балаларды зорлау және олармен зорлықшылардың ұзақ уақыт бірге тұруы фактілері жұртшылық жа­нын түршіктіреді. Статистика да соңғы жылдары қатты тіксінтуде: 2013 және 2016 жылдар аралығында елімізде 15-18 жас­тағы кәмелетке толмаған қыз балалардың жүк­ті болып қалуының жыл сайын 4,5 мың­нан 5,5 мыңға дейінгі фактісі тір­ке­ле­ді» деп жаға ұстады Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко.
ІІМ дерегінше, қазіргі кезде Қа­зақ­стан­да ата-анасының бірі немесе екеуі де ішетін, есірткі пай­да­ланатын шамамен 12 мың от­ба­сыда 16 мыңнан астам бала өмір сүріп жатыр. Өткен жылы бала тәрбиелеу бойынша міндет­те­ме­лерін орындамағаны үшін 5,5 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жазаға тартылған. Мыңнан астамы «ата-ана құқығынан» айырылыпты. ІІМ бас­шы­сы жазалаумен мәселе шешіл­мей­тінін алға тартып, оның орнына ондай ата-ана­лар­ды сауық­тыру және жұмысқа орна­лас­тыру бойынша жауапты органдар шара қабылдағаны жөн деген ұсыныс айтты.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*