Жанат – чемпион!

922
0
Бөлісу:

Әлем чемпионы деген дардай атағы бар отандас-тарымыздың қатары тағы бір кәсіпқой боксшымен толықты. Бұл атаққа өткен жексенбі күні аса жеңіл салмақта (53,5 келі) жұдырықтасқан Жанат Жақиянов қол жеткізді. 
АҚШ-тың Огайо штатының То­ли­до қа­ласында өткен жекпе-жекте май­талман мамандардан бастап, қа­тардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін Роши Уорреннің жеңіске же­те­тіне күмәнданған жоқ еді. Олай деуге не­гіз, кеше ғана 30 жасқа толған аме­рикалық жігіттің атағы алысқа жайыл­ғаны баршаға мәлім. 2007 жы­лы Чикагода өткен әуесқойлар ара­сын­дағы әлем чем­пио­натында топ жар­ған Уоррен 2005 және 2011 жыл­дары сол жарыстың қола медалін ен­­шіледі. 2004-2012 жылдар аралы­ғын­да Афи­ны, Бейжің және Лон­дон­да алауы тұ­тан­ған Олимпиада ойын­дарында күш сы­на­сып, үлкен тә­жі­рибе мектебінен өтті. Кейін­нен кә­сіпқой арасында өз салмақ дә­­ре­жесінің суперчемпионы атанды. Жа­нат­та соның бірі де жоқ екенін не­сіне жа­сырайық?! Оның үстіне бұл кез­десу АҚШ боксшысының туған же­рінде өтті. Роши дәл сол Огайо шта­тының тумасы екені баршаға мә­лім. Сол себепті, жеңіс америкалық саң­лақ­қа бұйыратынына ешкім шүбә келтірген жоқ.
Айтқандай-ақ, Толидодағы жек­пе-жек Ро­ши Уорреннің айқын ба­сым­дығымен бас­талды. Бірінші раунд­тың өзінде-ақ ол Жа­қияновты екі рет нок­­даунға жіберді. Шы­ны керек, сол кезде барлығымыз да енді Жа­наттың еңсе тіктей қоюы екіталай деп ой­­ла­дық. Бірақ бұл жағдай қазақтың қай­сар ұлының сағын сындыра алған жоқ. Екінші раунд­та әдісін күрт өз­герт­кен қандасымыз қарсыласын қыс­паққа алды. Соққылар ал­масу ба­рысында да біздің жігіттің мысы ба­сым болғаны даусыз. Ол әйгілі қар­сы­ласын әбден састырып, гүрзі жұ­ды­рық­та­рын дәл тигізді. 12 раунд бойы қарқынын еш бәсеңдетпеген Жа­нат бұл кездесуде ұпай са­нымен жеңіс­ке жетті.
Осы жекпе-жектен кейін БАҚ өкіл­дері­мен ой бөліскен Жанат:
– Бәсеке мен үшін сәтсіз бас­тал­ды. Тө­ре­ші есеп ашқанда Роши Уор­ренге қарасам «Сен енді менікісің» де­гендей сыңай та­ны­тып, ыржыңдап тұр екен. Соған қатты ашуым келді. Оның үстіне мен АҚШ-қа осы жек­пе-жектің бірінші раундында жеңілу үшін келген жоқпын ғой. Бұл сәтті мен ұзақ күткен едім. Алға қойған мақ­сатыма жету үшін тынымсыз ең­бектендім. Енді алтын бел­беу қол со­зымдай жерде тұрғанда, одан әп-сәтте айырылып қалу әбестік болар еді. Осының барлығын ой елегінен өткіздім де, шегінбей айқасуға бел будым, – деп ағынан жарылды.
Осы жеңісінің арқасында Жа­қия­нов WBA (super) және IBO нұс­қалары бойынша әлем чемпионы атанды. Осылайша, қазіргі кез­де белді тұжы­рым­дар бойынша алтын бел­беуді иеленіп отырған отан­дас­тары­мыз­дың саны үшке жетті. Олар – Геннадий Го­­ловкин, Бейбіт Ш­ү­ме­нов және Жанат Жа­қиянов. Жа­наттың жеке өзіне келер бол­сақ, Сол­түстік Қазақстан об­лы­сы­­ның ту­масы 33 жаста. 2007 жылдан бері кә­сіпқой ринг­­те күш сынасып жүр. Осы күнге дейін 28 кездесу өткізген ол 27 мәрте жеңіс тойын той­­лап, 18 рет қарсыластарын есі­нен тан­дыр­­ды. Бү­гінгі таңда ол Ұлыб­ританияның даңқ­ты боксшысы, ке­зіндегі әлем чем­пио­ны Рики Хат­тонның қол ас­тын­да жаттығуда.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз