Жолдауды іске асыруға 2,4 триллион бөлінеді

648
0
Бөлісу:

Биыл өнеркәсіп өсімі 3% деңгейде күтілуде. Бұл туралы кешегі ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен өткен Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2017-2021 жылдарға арналған болжамын таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов хабарлады.

Министрдің айтуынша, болжам ЖІӨ өсімі бойынша және 2016 жылғы эко­но­ми­­ка салаларын дамытудың, АҚШ дол­лары­ның есептік бағамын 360-тан 330 тең­геге өзгертудің алдын ала есептік мә­лі­­меттерін, сондай-ақ әлемнің тауар на­рық­тарындағы ағымдағы үрдістерді ескере отырып, нақтыланған. Осылайша, атаулы ЖІӨ 2017 жылы 49 740,6 млрд теңге кө­лем­де болжануда, жан басына шаққандағы ЖІӨ 8 391,5 мың АҚШ долларына дейін ұл­ғаяды.
Өнеркәсіп өсімі өңдеу өнеркәсібіндегі 2,6% дейгейдегі күтілетін әлдеқайда жо­ғар­ғы өсім есебінен 3%-ға дейін арттыруға қарай қайта қаралған.
Мұнай өндіру көлемінің болжамы, не­гізінен, Қашаған кен орнындағы өндіруді арт­тыру есебінен 81 млн тоннаға дейін арт­қан. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімі кө­л­емінің орташа жылдық өсімі – 2,5 пайыз, инфляция дәлізі алдында бекітіл­ген 6-8% деңгейде сақталған.
Үкіметі отырысында ҚР Қаржы ми­нист­рі Бақыт Сұлтанов 2017-2019 жыл­дар­ға арналған нақтыланған рес­публикалық бюд­жет жобасын таныстырды. Министр сон­дай-ақ Мемлекет басшысының «Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының ба­сымдықтарын іске асыру үшін ел Үкі­ме­ті 2,4 трлн теңгеден астам қаржы бө­ле­тінін хабарлады.
Министрдің айтуынша, бюджеттің шы­ғыс бөлігін нақтылаудың басым ба­ғыты – Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру. Сондықтан осы мақсатқа бюд­жеттен 2 435 млрд теңге қарастырылған.
Жолдауды іске асыру келесі шаралар ар­қылы жүзеге асырылатын болады: эко­номиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту – 231 млрд теңге, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту – 0,7 млрд теңге, макроэкономикалық тұрақ­ты­лық – 2 093,1 млрд теңге, адам капи­та­лы­­ның сапасын арттыру – 86,2 млрд теңге, институттық түрлендіру, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес – 23,9 млрд теңге.
Отырыс қорытындысы бойынша Пре­мьер-министр Бақытжан Сағынтаев ӘЭД бол­жамы мен бюджеттік заң жобасын бел­гіленген тәртіп бойынша Парламент Мә­жілісіне өткізуді тапсырды.

Өз тілшімізден

Бөлісу:

Пікір жазу


*