Ел біріншілігі аяқталды

706
0
Бөлісу:

Өскеменде жеңіл атлетикадан жабық ғимаратта өткен ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл бәсекеге республикамыздың әр қиырынан жиналған белді спортшыларымыздың дені қатысты. 

Жергілікті жанкүйерлер Ольга Рыпакованың жарыс жолына шығуын тағатсыздана күтті. Шығыс Қазақстан облысының тумасы өзінің есімімен аталатын спорт кешенінде ұзындыққа секіру сайысында сынға түсіп, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. 6 метр 44 сантиметрлік көрсеткішпен ол бас жүлдені олжалады. Десек те Ольга өзінің оң жамбасына келетін үш қарғып секіру бәсекесінде бой көрсеткен жоқ. Жаттығудың бұл түрінде Рыпакованың командалық әріптесі Надежда Дубовицкая дара шықты. Оның нәтижесі – 13 метр 66 сантиметр.
Елге танымал спортшылар арасынан Виктория Зябкинаның өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Азия ойындарында күміс медальді иеленіп, екі бірдей Олимпиадаға қатысқан алматылық ару 60 және 200 метрге жүгіруде алдына жан салмады. Сол секілді Татьяна Нерозняк та бұл жарысты қос алтынмен қорытындылады. Қостанай облысының өкілі 800 және 1500 метрлік қашықтықта шашасына шаң жұқтырмады.
Командалық есепте Алматы қаласы топ жарды. Екінші және үшінші орындарда – Қарағанды мен Павлодар облысының спортшылары.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*