Жүргізуші куәлігін алу талабы күшейтіледі

383
0
Бөлісу:

Қазақстанда автомектептерді айналып өтіп, жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынуы мүмкін. Мәжілісте осыны қарастыратын, «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізетін жаңа заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл жобаны өткен шақырылымдағы Парламент депутаттары әзірлеп кеткен екен.

Қазақстандықтарға өз бетін­ше көлік айдауды үйреніп, жүр­гізуші куәлігін алуға рұқсат ететін норма, «Жол жүрісі туралы» заңның 74-бабының 1-тармағына сәйкес, 2016 жылғы 7 маусымнан бастап күшіне енді. Ол кез келген азаматтың арнайы оқуын бітір­мей, бүкіл Қазақстан бойынша орналасқан 11 мамандан­дырыл­ған ХҚКО-лардың бірінде емти­хан тапсыру арқылы «темір тұл­парды» басқару құқығын иеле­­нуіне жол ашты. Бұл үшін небәрі екі сағат қана уақыт кетеді екен. Осылайша, дамыған елдер­дегідей автомектептерге балама құрылған.
Былтыр тиісті заңды құптаға­нымен, енді депутаттар мұның теріс салдары болуы ықтимал­ды­лығына алаңдаулы. Сондықтан бір топ қалаулы «Жол жүрісі ту­ра­лы» қолданыстағы заңның авто­мектепте оқымай-ақ жүргі­зуші куәлігін алуға мүмкіндік беретін нормасының күшін жою­ды ұсынуда. Заң жобасы бойын­ша жұмыс тобының жетекшісі депутат Қанат Мусиннің айтуын­ша, бұл норма қоғамда әртүрлі пікірталас тудырған.
– БАҚ-тағы және ғалам­тор­дағы пікірлердің көпшілігі жүр­гізушілердің жеткілікті дәрежеде даярланбауы кесірінен апаттар санының артуы ықтималдығына қазақстандықтардың мазасыз­дана­тынын көрсетті. Оның үстіне автомобилистердің кәсіби бір­лестігі де қуатты үн қатты. Біздің ойымызша, жүргізуші болудан үміткерлердің өз бетінше даяр­лық сапасы төмен. ІІМ дере­гінше, былтырғы маусымнан биыл­ғы 1 қаңтар аралығында өз бетінше дайындалған 2,8 мың үміткердің тек 20%-ы ғана емти­хандарды табысты тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алды. Жыл сайын жүргізушілер курсын бітіретін 500 мыңға жуық адамның арасында бұл көрсеткіш ең кемі 50%-ды құрайды, – деді Қ.Мусин.
Осыны алға тартқан бір топ депутат «Жол жүрісі туралы» заңның 74-бабының 1-тармағына түзету енгізіп, автомектептерде оқуды «көлікті басқару құқығын иелену бойынша емтиханға жі­берудің міндетті шарты» ретінде бекітуді ұсынып отыр.
Олардың түсіндіруінше, бұл сондай-ақ жүргізушілерді көлікті басқаруға жіберудің бірыңғай тәртібін бекіту үшін де қажет. Қалаулылар бұл талап, сондай-ақ осы саладағы сыбайлас жем­қорлық факторларын жоюға және жүргізушілерді даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді деген сенімде.
Егер аталған заң жобасын олардың өзге әріптестері қолдап, Парламент қабылдаса, жүргізуші болудан үмітті қазақстандық­тардың дербес дайындалып, емти­хан тапсыру тәжірибесі тарих қойнауына кетеді.
ІІМ әкімшілік полициясы ко­митетінің мемлекеттік автомо­биль инспекциясы басқар­масының бастығы Мұрат Иманбаевтың түсіндіруінше, бұл тәжірибе бойынша тек «АА1» және «ВВ1» санаттағы автокөлік құралдарын, яғни, жеңіл авто­көліктерді, мотоциклдерді, квадроциклдерді, трициклдерді басқару құқығын алуға мүмкіндік береді. Басқа машина жүргізу­шілерінің «автомектептер бітіруі шарт».
– Заң бойынша өз бетінше даяр­лану тек автоматтанды­рыл­ған автодромы бар мамандан­дырылған ХҚКО-ларда жүзеге асырылады. Бұл ретте 2016 жыл қорытындысында өз өмірінде бірінші рет жүргізуші куәлігін алғандардың небәрі 0,9%-ы ғана осы мүмкіндікті пайдаланды. Рас, биылғы қаңтарда бұл сан сәл өсті, 3,4%-ға жетті, – деді М.Иманбаев.
Сонымен қатар депутаттар айыппұлдарды төмендету мәсе­ле­леріне де осы заң жобасы аясында мән бермек.
Бұл жобаны өткен шақыры­лымдағы Мәжіліс 2015 жылдың желтоқсанында бірінші оқылым­да қабылдаған. Қазір екінші оқылымға әзірлеу жүруде.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*