Конституциялық реформа: Әлемдік тәжірибе қалай?

603
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі мен жалпы конституциялық реформаларды білікті сарапшылар мен заңгерлер өз деңгейінде талқылап жатыр. Президенттің бастамасымен бірқатар өкілеттіктер Үкімет пен Парламентке берілуі керек. Бұл заң шығарушы орган мен атқарушы органның өзара үйлесімді және тиімді жұмыс істеуіне жаңа серпін әкелмек. Дамыған 30 елдің тәжірибесінде Үкімет пен Парламенттің өзара жұмысы мен қарым-қатынасы қалай реттеледі?
Ұлыбританияда үкімет – биліктің ең жоғары атқарушы органы. Ол өз кезегінде мемлекеттік әкімшілік қызмет пен мемлекеттік басқару ісін жүзеге асырады. Ең қызығы, егерде Қазақстанда заң шығару бастамасы Парламент пен үкіметке берілген болса, Ұлыбританияда заңдардың басым бөлігі Үкімет тарапынан дайын­далады. Жалпы, ағылшын елінде үкімет парламент сайлауы өткеннен кейін де­путаттардың басым бөлігінің қатысуымен қалыптасады. Егерде атқарушы билікке сенімсіздік танытса, онда ол міндетті түрде таратылады.
Соғыс жылдарынан кейін Ұлы­бри­танияның үкіметінде бірпартиялы парламенттің құрылуы дәстүрге айналған еді. Бұл тұрақтылық күні бүгінге дейін сақталып келеді. Мәселен, ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін билікке көбіне-көп консерваторлар келіп, үкімет те осы партияның өкілдерінен жасақталса, соңғы жылдары атқарушы билік лейбористердің қолына өткен сияқты. Премьер-министр ретінде парламентте басым орындарға қол жет­кізген партияның көшбасшысы тағайын­далады. Оның ақыл-кеңесі негізінде патшайым үкіметтің қалған мүшелерін тағайындайды. Әдетте жылы орындарға сайлауда жеңіске жеткен партия өкілдері жайғасады.
Жалпы, әлем елдерінде басқару формасына қарай үкімет те екі түрлі жолмен қалыптасады: атап айтсақ, парламенттік және парламенттен тыс жолмен. Пар­ламенттік, монархиялық және аралас басқару формасы қалыптасқан рес­публикаларда үкіметті парламент жасақтайды. Дәлірек айтсақ, үкіметті жасақтау құқығына парламенттің төменгі палатасында басым орындарға қол жеткізген партиялар мен партиялар коалициясы ие болады. Бі­рақ әр елдің өзге­шеліктері бар. Мәселен, Италия мен Германияда мемлекет басшысы алдымен Үкімет басшысын та­ғайын­дайды. Өз кезегінде үкімет бас­шысы жалпы үкімет құ­рамын жасақтап, оның құрамын пар­ламент талқысына ұсы­нады. Егерде үкіметтің ұсы­нылған құрамы пар­ламенттің басым бөлігінің даусына ие болмаса, онда парламент тара­тылып, мемлекет басшысы жаңа заң шығарушы орган қалыптасқанға дейін уақытша қызметтік үкіметті іске қосады.
Парламенттің үкіметті жасақтау әдісін Италияның Конституциясынан анық көруге болады. Оған сәйкес, президент министрлер кеңесінің төрағасын тағайын­дайды. Оның кеңесімен министрлер де жасақталады. Бірақ үкімет 10 күн ішінде парламенттегі екі палатаның да келісімін толықтай алуы керек.
Парламенттен тыс әдіске келсек, президенттік республикаларда, сон­дай-ақ кейбір монархиялық және аралас басқару формасы бар респуб­ликаларда үкіметті жасақ­таудың осы түрі кеңінен қолданылады. Бұл елдердің кей­бірінде үкіметті жа­сақтауға парламент мүлдем аралас­пайды. Яғни, үкіметті пре­зиденттің өзі жасақтайды.
Мәселен, АҚШ-та үкімет басшысы мен кабинет төрағасы ретінде прези­денттің өзін таниды. Яғни, Америкада би­ліктің ат­қарушы ор­ганда­ры­ның бүкіл құры­л­ы­м­­­да­­рын пре­­зи­дент бас­қа­рады. Түп­теп кел­­­­генде, премьер-ми­нис­тр де­ген қыз­мет бұл елде аты­мен жоқ. Ка­бинетті президент сенаттың ақыл-кеңесімен және келісімімен жасақтайды.
Испания, Польша, т.б. елдерде билік құрылымындағы атқарушы органдар арнайы заңдармен реттеледі. Мәселен, Испанияда үкіметтің құрамы негізгі заңмен реттелумен қатар, өз құрамына төраға, оның орынбасарлары, министрлер мен басқа да мүшелерден тұратынын аңғартады. Үкіметтегі басқа да маңызды мәселелерді шешу үшін министрлер кеңесі жұмыс істейді.
Мамандардың пікірінше, бүгінде әлемде континентальді және англосак­сондық жүйе кеңінен таралса да, оларды үкіметтік құрылымдағы ең үздік жүйелер деп тануға әлі де ерте. Бүгінде үкіметтік құрылымдардың жергілікті ұстанымдар мен дәстүрге орай түр-түрі кездеседі. Оларда жоғарыда айтылған жүйелердің белгілері де кездесуі мүмкін. Мәселен, Жаңа Зеландияда Британияның құпия кеңесіне ұқсайтын атқарушы кеңес – мемлекеттің биліктің ең жоғары атқарушы органы. Атқарушы кеңес­тің құрамына министрлер кіреді, ал оны өз кезегінде генерал-губернатор басқарады.


Қызық дерек:

Әу бастан-ақ ішкі құрылымы бойынша континентальді жүйеге жататын АҚШ кабинеті туралы Конституцияда ештеңе де айтылмаған. Десе де, Джордж Вашингтонның президенттігінен кейін кабинет билік жүйесінен анық орын алды. Оны біздің түсінігіміздегі дәстүрлі үкіметке де жатқызуға болмайды. Оның ерекшеліктері жетіп артылады. Ең қызығы, АҚШ-тың кабинетінің құрамы 1789 жылы – 5 министрден тұрса, 1840 жылы – 7, 1901 жылы – 9, 1913 жылы – 10, 1945 жылы 11 мүшеден құралған. 1953 жылдан бастап 10 адамға дейін қысқарған.
Бүгінде кабинетке Президент пен вице-президенттен бөлек, мемлекеттік хатшы, 14 министр кіреді.


Аралас басқару формасы бар елдерде, яғни, президенттік-парламенттік рес­публикаларда үкі­метті жасақтаудың өз нұсқасы бар. Мәселен, Фран­цияның Конс­титуциясына сәйкес, ел прези­денті үкімет бас­шысы премьер-министрді өзі та­ғайындайды деп айтылған. Премьер-ми­нистрдің ұсы­нысымен ол үкіметтің басқа да өкілдерін тағайындайды.
Отандық заңгерлер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көбіне-көп Батыс елдерінің, оның ішінде, әсіресе, Фран­цияның билік тармақтарын үйлестіру ісіндегі заңдарының үлгі болғанын өз сұхбаттарында айтып-ақ жүр. Бүгінгі таңда көтеріліп отырған жаңа конституциялық ре­формалар үкіметтің парламентке тәуел­ділігі мен өзара жауапкершілігін арттырмақ.
Бұдан былай Қазақстанда Президент стратегиялық маңызды салаларға, атап айтсақ, халықаралық қарым-қатынас, қорғаныс, т.б. мәселелерге жіті мән бермек.
Әлемдік экономикалық дағдарыс пен жалпы электронды жүйелердің дамуына қарай көптеген елдерде үкімет құрамын азайту үрдісі байқалады. Бү­гінгі таңда көптеген елдердің үкімет құрамы 10-20 адамнан аспайды. Бұл экономикалық орталықтандыру үдерісінің оңтайлы жүзеге асып жатқанын аңғартумен қатар, билік концентрациясына да әсер етуде. Күрделі мәселелер үшін үкіметтер жанынан қосалқы аппараттар құрылып жатады. Қосалқы аппараттың алғашқы формасы ретінде әрқилы комитеттер мен комиссиялардың қалыптасуын айтуға болады. Көптеген елдерде мұндай құрылымдардың қызмет аясы да кеңею үстінде.
Білікті заңгер Әбдіқаһар Сейітжанов газетімізге берген сұхбатында: «Билікті бөлуге қатысты «әлемде мынадай үздік тәжірибе бар» деп айтатындай, үздік мемлекеттік басқару формасының жоқтығын бәріміз білеміз. Аристотельден бастап, ортағасырлық ғалымдар Шарль де Монтескьенің, Жан Жак Руссоның еңбектерінде де көп нәрсе қамтылған. Бұдан тыс өзіміздің әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» деген еңбегі бар. Жалпы, адамзат тарихында билік формасы туралы мәселелер бұрыннан талқыланып келеді. Қазіргі енгізіліп жатқан өзгерістер бұл қоғамның ары қарай дамуына өз үлесін қосады деп ойлаймын» деген еді. Жалпы, бұл конституциялық өзгерістер билік құрылымдарының тиімділігін арттыруға, Парламент пен Үкіметтің өзара қарым-қатынасын үйлестіруге, сондай-ақ күрделі мәселелерде Президенттің төреші қызметін атқаруына оңтайлы сеп болары сөзсіз.


Қызық дерек:

Англосаксондық жүйенің бастамашысы, сондай-ақ бұл жүйені Канада, Австралия, Үндістан, т.б. елдерге таратушы мемлекет – Ұлыбританияда «кабинет» пен «үкімет» ұғымдары мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет деген ұғымға атқарушы билік жүйесінде қызмет ететін барлық лауазымды тұлғалар кіреді. Олардың лауазымдық дәрежелері әрқилы болады. Сондай-ақ олардың барлығы дерлік тиісті департаменттердің басшысы болмауы мүмкін. Мәселен, Маргарет Тэтчердің үкіметі 80-жылдардың аяғына қарай
30 министрден (немесе мемлекеттік хатшыдан), 24 мемлекеттік министрден, 45 парламенттік хатшыдан және олардың орынбасарларынан құралған еді. Сондықтан бұл елде үкіметтің құрамы тиісті департаменттердің өзара қосылуы немесе бөлінуіне қарай қалыптасады.

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*