Қамқорлық пен қолдаудың жемісі

336
0
Бөлісу:

Елбасы ұсынып отырған конституциялық реформа қоғамдық қатынастардың барлық жақтарын қамтиды. Парламенттің рөлі мен ондағы саяси партиялардың әлеуетін арттыру Конституцияның 44-бабына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын болса, заңды түрде сатып алынған мүлікті қорғауды қамтамасыз ету, сонымен қатар жекеменшік құқығын шектеуге жол берілуі мүмкін заңдар мен басқа да құқықтық-нормативтік құжаттарды қабылдауға қатаң тыйым салу Ата заңымыздың 26-бабында қарастыру көзделіп отыр.

Қазіргі кезеңде елімізде алдыңғы қатарлы әлемдік деңгейде белгілі бизнес жобалар аз емес. Көптеген ірі компания­лар Лондон биржасында өздерінің IPO тиімді орналастырып, табыс тауып отыр. Бұл жай осы компанияның жетістігі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Респуб­ликасының беделіне, танымалдығына тікелей әсер ететін факторлар. Сайып келгенде, бұл – елімізде бизнестің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдаудың жемісінің айқын көрінісі.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Елбасы әлемдегі белгілі және ірі компанияларды жас Қазақ мемлекетінің экономикасына инвестиция құюға шақырып, ал оның сақталуына өз атынан – Конституция гаранты ретінде–кепілдіктер бергенін жақсы білеміз. Осының арқасында Қазақстанға ин­весторлар ағыла бастады. Қазақстандық бизнес – сол 90-жылдардағы қарлығаш-инвесторлар «Шеврон» және «Мобил Ойл» сияқты компаниялардан көп дүние: жобаларды басқару тәсілдерінен бастап, қаржыландыру принциптері мен қаржыны тиімді инвестициялау негіздеріне дейін үйреніп, өз тә­жірибелерін арттырды. Осылайша, бұл үрдістің қосымша – мультипликативті эффектісі болды – отандық бизнес инвестициялауды жетік меңгерді. Қазір талай отандық бизнес өкілдері шетел мемлекеттері эко­номикасына қыруар қаржы құйып отыр, сол мемлекеттердің дамуына елеулі үлес қосуда. Олардың мүліктері мен қар­жыларының сақталуына сол мемлекеттердің Конституциялары мен нормативтік-құқықтық актілері кепілдік береді. Қазақстан да өз дамуының сондай кезеңіне аяқ басты. Кез келген сала тәрізді мем­лекетті саяси-экономикалық басқару жүйесі де бір орында тұрмайды – ұдайы дамып отырады. Сондықтан Конститу­циямыздың 26-бабына енгізілгелі отырған өзгерістер Қазақстан экономикасы мен халықаралық беделі үшін тек жақсылық әкелетінін, еліміздің инвестициялық көріктілігін, әлеуетін арттыратынына және гуманистік тұрғыдан қарағанда әркім үшін өмір сүруге қолайлы мемлекет ретінде айқындалуына әсер ететініне кәміл сенуге болады.Қазақстандағы барлық мүліктік қатынастар тікелей Конституция баптарымен және басқа да кодекс және заңдармен қорғалған. Ол жөнінде еліміздегі заңгерлердің басым көпшілігі өз қолдау тұжырымдарын бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде берді. Ендеше, заң­ды құрметтеген, құқықтық мемлекеттің азаматтары ретінде бірауыздан Елбасы ұсынып отырған өзгерістерді қолдауға шақырамын. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Елбасы былай деген: «Елді бастау – маған сын, мені қостау – елге сын». Елбасына 2015 жылы көктемде Қазақстан халқы тізгінді тапсырды, ендеше, ел мүддесі, келешегі үшін ұсынылып отырған Президенттің конституциялық реформаларын қолдауға тиіспіз.

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,
«Нұр Отан» партиясының хатшысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*