Үкімет банктерді «уланудан» құтқармақ

507
0
Бөлісу:

Ұлттық банктің отандық банктерді «улы (токсичный) активтерден», яғни қайтарылмайтын кредиттерден арылта алмауы ел басшылығы тарапынан сынға ұшыраған болатын. Қаржылық ұйымдарды сауықтыруда ұзақ жыл нәтиже шығара алмағаны ықпал етсе керек, енді «Проблемалық кредиттер қоры» Ұлттық банк құзырынан алынып, Үкіметке берілетін болды. Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында палата депутаттары тиісті заң жобасын бірден екі оқылымда мақұлдады.
«Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қыз­мет үшін жағдайды жақсарту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Әділет министрі Марат Бекетаев қорғады.
– Биылғы 31 қаңтардағы халыққа Жолдауында Елбасы белгілеген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында аталған заң жобасында банктік секторды сауық­тыру бойынша шаралар қа­растырылған. Атап айтқанда, «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ-ын Ұлттық қордан Үкіметке беру қарастырылуда, – деп қысқа қайырды министр.
Бұл қор 2012 жылдың 11 қаң­тарында құрылып, тіркеуден өт­кен. Оның акционері және қара­пайым акцияларының қожайыны – Ұлттық банк, ал акционері және привилегиялы акцияларының қожайыны – Қаржы министрінің Мемлекеттік мүлік және жекеше­лендіру комитеті. Қордың алдына белгіленген негізгі мақсат – «екін­ші деңгейлі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсар­туға бағытталған шараларды жү­зеге асыру». Оған сәйкес, қор банк­тердің проблемалы кредит­терін сатып алады және олардың қайтарылмаған сол несиелер бойын­ша алып қойған кепілзат­тарын басқарады.
V шақырылымдағы Парламент қалаулылары «Проблемалы кре­диттер қорына» қатысты талай мәселе көтеріп, депутаттық сауал­дар жолдағаны мәлім. Олар қа­зақстандық банк секторын тұрақ­тандыруға және сауықтыруға Ұлттық қордан бағытталған қара­жаттар үлесі 1 триллион теңгеге таяғанын алға тартқан. Оның үстіне банктер үшін арнайы жеңіл­дікті салықтық режим 2015 жыл­дың соңына дейін ұзартылған еді, бұл режим қайтарылмайтын кредиттерді салық төлеусіз есеп­тен шығаруды қарастырды. «Алай­да мұндай көмек проблемалы кредиттерге ешқандай ықпал етпеді: олардың көлемі тұрақты артып барады» деп дабыл қақты депутаттар.
Мамандардың түсіндіруінше, банктер өздерінің жұмыс жасамай­тын кредиттерін осы қорға үлкен жеңілдікпен сатулары керек: банк проблемалы кредиттерін дис­контпен тапсырады. Бұл ретте
100 бірлікке берілген кредит 20 не тіпті 10 бірлікке ғана бағаланады (сауда тілімен айтсақ, 80-90 пайыз­дық жеңілдікпен сатады). Себебі, кезінде берілген несиенің тіпті 10 пайызын қайтару да мұңға түседі. Осы он пайыздан артық өндіргені – қордың ықтимал табысы. Бірақ банктер бұл схемаға көп құлық танытпайтын көрінеді. Нәтижесінде, банкротқа ұшыра­ған кәсіпорын-компания­лардың нысандары мен мүліктері, тіпті ипотека алып, қайтармаған аза­мат­тардың пәтерлері қаржылық ұйымның меншігіне көшіп, оның ілгері басар қадамын кері тартқан ауыртпалыққа айналуда.
Бұған дейін Ұлттық банк төраға­сының орынбасары Олег Смоляков Үкіметтің проблемалы кредиттер қорына 2 триллион теңге бағыттауға шешім қабыл­дағанын хабарлады. 2017 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандық банктер ендігі
15,5 триллион теңге кредит тара­тып үлгеріпті. Оның ішінде 3,8 трил­­лионы – жеке тұлғаларға берілген. Бұл ретте жалпы ауқымы 2,5 трил­лион теңге тұратын қар­жыны азаматтар банктерден тұ­тынушы­лық несиеге, яғни, тұр­мыс­тық тех­ника, ұялы телефон және бас­қаларын сатып алуға, әртүрлі той өткізуге, шетелде дема­луға және өзге мақсаттарға алған. Кәсіп ашып, шағын және орта бизнесті өркендетуге 5 трил­лион теңге кре­дит бағытталыпты.
Жалпы алғанда, төлем төлеуді, яғни, қайтаруды қойған кредиттер биылғы 1 қаңтарда 1,89 триллион теңге болды. Екі жыл бұрын оның көлемі 3,9 триллион теңге болған. Яғни, жалпы кредиттегі үлесі
27,7 пайыздан 12,2 пайызға дейін тө­мен­деді. Бірақ дағдарыстың кү­шеюімен бірге қаржылық сектор­дың мәселелері де артуда. Сон­дықтан мемлекет көмекке келуде.
Бір айта кетер жайт, аталған жаңа заң жобасының жаңалық­тары мұнымен шектелмейді. Ол еліміздегі меншік құқығына деген кепілдіктерді нығайтпақ.
«Заң жобасында меншіктен бас тарту талаптары нақтыланады. Атап айтқанда, одан бас тарту құқыққа және меншік иесінің еркіне толық сай болуға тиіс. Сон­дай-ақ мемлекеттің және оның органдарының меншік құқығынан бас тартуына тыйым салу бекітіліп отыр. Бұл шаралар сот және құқық қолдану тәжірибесінде екіұдай түсінушіліктерді болдырмайды, сондай-ақ меншік құқығын қор­ғауды күшейтеді», – деді Әділет министрі.
Оның түсіндіруінше, заң жо­басында сонымен бірге, адам­гершіліктік немесе физикалық азап шегу нәтижесінде, қаза тап­қан азаматтардың туған-туыста­рына моральдық зиянды өтеуді талап ету құқығы белгіленбек.
Министр М.Бекетаев баянда­масын аяқтаған соң Сенат төра­ғасы Қ.Тоқаев Үкімет мүшелеріне қайырылып, егер шетін мәселе болмаса, заң жобаларын көп тал­қыға салмай, қауырт қабылдау ту­ралы ұсыныстар бұдан былай қа­былданбайтынын қатаң ес­кертті.
– Үкімет басшылығының оты­рысқа қатысып отырғанын пай­далана отырып, ескерткім келеді: заң жобаларын дәл осылай қыс­қамерзімде біз соңғы рет қарап отырмыз. Қысқамерзім ішінде қабылдауды сұрауды тоқтатыңыз­дар. Біз бұл жолы тілектеріңізді қабыл аламыз, бірақ мұның ақыр­ғы рет жасалып отырғанын ес­керіңіздер! – деді спикер.
Осы күнгі жалпы отырыс­тарында сенаторлар 2017 жылғы бюджетке түзетулер енгізетін заң жобасын да мақұлдады. Қос құжат та енді Елбасының қол қоюына жолданады.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*