Мол игілік әкелер бюджет мақұлданды

298
0
Бөлісу:

Мәжілістің жалпы отырысына шығарылған заң жобасында Ішкі істер министрлігі ұсынған айыппұл көлемі қалаулылардың төбе шашын тік тұрғызды. ІІМ билік өкілдеріне бағынбағаны үшін жаза түрінде 11 миллион теңге өндіруді көздеген екен. Осы орайда палата спикері Нұрлан Нығматулин де өз қарсылығын білдіріп, мұндай қатаң норманы заң талабы ретінде қабылдауға болмайтынын нықтады.

Депутаттар «Кейбір заңнамалық ак­тілерге құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, тұжырым­дамалық түрде мақұлдады. Бірақ оның айыппұлдарды көтеруге қатысты тұсы спикердің қатаң сынына ілікті.
Заң жобасында төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аймағында билік өкілдеріне бағынбау және зорлық-зомбылық көрсету үшін жазаны күшейту көзделуде. Нақтылай кетсек, бағынбау үшін салынатын айыппұл көлемін қазіргі 100 АЕК-тен 200-ге дейін (биылға бұл 454 мың теңгені құрайды), ал билік өкіліне өмірі мен денсаулығына қауіпті емес зорлық-зомбылық көрсету үшін айыппұл көлемін 2000 АЕК-тен 5000-ға дейін (11 миллион теңгеден астам) дейін көтеру ұсынылады.
Мәжіліс төрағасы ІІМ белгілеген бұл айыппұл көлемін «ақыл-естен жаңыл­дырарлық» деп бағалады. Ол құқық қор­ғау және арнаулы органдар қызмет­керлерінің өмірі мен денсаулығын қор­ғаудың маңыздылығын да атап өтті. Әйтсе де, оның байламынша, айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қылмыстар санының азаятынына кепілдік бермейді.
– Елбасы ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық теріс қылықтар үшін жазаны жұмсарту міндетін қойып отыр. Оны жүзеге асыру орнына, заң жоба­сында айыппұлдарды қатаңдату ұсы­нылған. Ақыл-естен жаңылдыратын 11 миллион теңгеге дейін. Депутаттардың аймақтардағы кездесулері кезінде сайлаушылар әртүрлі айыппұлдар көлемінің тым үлкендігіне қатысты көп сұрақ қойды. Сондықтан біз бұл түзе­тумен келіспейміз. Оның үстіне ол Елбасы тапсырмасына қайшы келеді. Ендеше, құқық қорғау органдарындағы әріптестермен бірге, бұл түзетуді қайта қарап, екінші оқылымға дейін толық сәйкестікке келтірген жөн, – деді Нұр­лан Зайроллаұлы.

Заң жобасы бойынша Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель баяндама жасады. Оның түсіндіруінше, бұл жоба қылмыстық қудалау және прокуратура органдарының өкілеттіктерін егжей-тегжейлі нақтылай түсуге, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Құжат, сондай-ақ құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар қызмет­керлерінің және әскерилердің өміріне қол сұғу үшін жауапкершілік бекіткелі отыр. Дегенмен И.Меркель де аталған айыппұлдар көлемінің салмағы тым ауырлығына келісіп, спикердің айтқанын қоштайтынын білдірді. Сонымен бірге, бұл түзетулердің авторы ішкі істер органдары екенін ескертті.
Тиісінше, айыппұлдарды көтеру шешімінің себептерін ІІМ басшысы Қ.Қасымовқа түсіндіруге тура келген. «Біздің алдымызға билік өкілдеріне бағынбау және олардың өміріне қауіпсіз күш қолдану үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырма қойылған. Сол себепті, тиісті 379-баптағы айыппұл жазасының көлемін екі есе көтердік. Бұған дейін 100 АЕК айыппұл салынып, 45 тәулікке дейін қамалса, енді 200 АЕК пен 75 тәулікке дейін тұтқындау қарастырылды. 380-бап бойынша да 2000 АЕК айыппұл көлемін 5000 АЕК-ке дейін арттырдық. Өйткені 41-бап бойынша 500-ден 10 000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға рұқсат етіледі. Біз соның ортасын алдық. Яғни, баптар күшейтілді», – деді министр.
Бірақ депутаттар мұндай «күшейтуді» қабылдаудан бас тартты. Енді олар аталған баптарды екінші оқылым аясында пы­сықтамақ ниетте. Азаматтардың наразылығын туғызбайтындай, сондай-ақ лаңкестікпен күресуші құрылымдардың да жұмысына жағдай жасайтындай орта тұсын табулары керек. «Басқаша жағдайда бұл түзетулерді қабылдауға болмайды!», – деп баса айтты Н.Нығматулин.
Осы күні Мәжіліс депутаттары «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетке» түзетулер енгізетін заң жобасын мақұлдады. Ол енді Сенатқа жіберіледі. Биылғы бюджеттің қайта қаралуына әлемдік нарықтағы мұнай бағасының кө­терілуі де түрткі болуда: былтыр қабылдан­ған бюджетте «қара алтынның» әр баррелі 35 доллар деп бекітілген. Енді бұл көрсеткіш нақтыланған бюджетте 50 долларға дейін ұлғайтылды.
Мұның сыртында еліміздің басты қар­жылық құжатын нақтылаудың негізгі себептері ретінде «биылғы жылдың өзгерген макроэ­ко­но­микалық көрсет­кіштерінің болжамын тү­зету» және «ең бастысы, Мемлекет басшы­сының жаңа Жолдауында айтқан экономиканы жаңғырту жөніндегі кезек күттірмес шараларды іске асыру қажеттілігі» аталды.
Қалаулылар бюджеттің жаңа нұс­қасының да «әлеуметтік бағдар­ланғанына» назар аудартады. Жолдауға сәйкес, онда 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2 миллионнан астам зейнеткер үшін зейнетақы мөлшерін көтеру, сондай-ақ 1 шілдеден бастап бала тууға байланысты біржолғы төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін арттыру көзделеді.
Сонымен қатар бұл бюджетте эко­номиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы және бизнес ортаны жақсарту, негізгі үш бағыт – білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау бойынша жүзеге асырылатын адами капиталдың сапасын жақсарту, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, экономикалық қауіпсіздікті және киберқорғауды қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттарға назар аударылған.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­менов­тің айтуынша, Қазақстанның ЖІӨ-сі 2017 жылы бұрын болжанғандай 1,9%-ға емес, 2,5%-ға дейін өседі, сөйтіп, 49,8 триллион теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 1,35 трлн теңгеге артық. Сонымен бірге, 1 АҚШ долларының есептік бағамы 360 теңгеден 330-ға дейін төмендетілді. Инфляцияның нысаналы дәлізі бұрын бекітілген 6-8% деңгейінде сақталды.
Республикалық бюджетке 2017 жылы 4 трлн 891,9 млрд теңге кіріс түседі деп тұспалдануда, бұл бекітілген жоспардан 553,7 млрд теңгеге көп. Бұған мұнай баға­сының қымбаттауы үлес қосуға тиіс делінді.
Елбасының өз Жолдауында және 3 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру, дағда­рыс­қа қарсы қосымша шараларды қабылдау мақсатында бюджеттің биылғы шығыстары бұған дейін бекітілген көлемнен 2 триллион 615,1 млрд теңгеге дейін өсірілетін болды. Осылайша, 2017 жылы республикалық бюд­жеттен 11 триллион 176,4 млрд теңге шығындалады. Оның 1 трлн 534,6 млрд-ы Ұлттық қордан алынады. Бюджет тапшы­лығы 1 трлн 547,9 млрд теңгеге дейін жетеді.
Тағы бір жаңалық: 2017 жылы жеке тұрғын үй салу үшін 40 мың жер учаскесі бөлінетін болды. Депутаттар сұрағына жауап берген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 152 миллиард теңге бөлінеді. Оның 86 миллиарды инженерлік ин­фрақұрылым жүргізуге арна тартпақ.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралып болған соң, депутаттық сауалдар жарияланды. «Нұр Отан» фракциясының депутаты
А.Тасболатов Үкімет басшысына жүгініп, жастардың аудан орталықтарына, шағын моноқалаларға келіп жұмысқа орналасқан жағдайында біржолғы көтерме жәрдемақы, қолжетімді несиелер беруді қарастыруды сұрады. «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек» дейді ол. Нұротандық депутат М.Пшембаев та Премьердің ресейлік тен­дер­лерге қатысуда отандық машина жасау кә­сіп­орындарына тең мүмкіндік ту­ғызыл­майтынына назарын аудартты. «Нұр Отан» фракциясының мүшесі
С.Бычко­ва Үкімет жетекшісіне депутаттық сауал жолдап, кәмелетке толмағандар құқық­та­рын қор­ғаушы ұйымдардың мәселелерін көтерді. «Нұр Отан» атынан сайланған депутат З.Аманжолова дәрімен қамтамасыз ету, фармацевтикалық саланы дамыту қажеттігін Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов­­­­тың қаперіне салды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*