ДАМУДЫҢ ТЫҢ СЕРПІЛІСІ

436
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша құрылған комиссияның кеңейтілген отырысын өткізді. Онда Елбасы Жолдауының бірінші басымдығында айтылған цифрлы технологияны дамыту тетіктері мен мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс депутаты, аталған мәселе бойынша партиялық куратор Майра Айсина, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Парламент депутаттары, вице-министрлер, ұлттық компания басшылары және партияның облыстық филиалдары төрағасының бірінші орынбасарлары мен осы салаға жауапты облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Басқосуда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары күн тәртібіндегі екі мәселе де ел дамуына ерекше қарқын беретінін айтты. Сондай-ақ Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы өз Жолдауында бұл салаға айрықша мән бергенін тілге тиек етіп: «Биыл еліміз үшін екі бірдей тарихи оқиға болды. Олар – Мемлекет басшысының Үндеуі мен Жолдауы. Себебі, Елбасы Үндеуде елімізді саяси жағынан жаңғыртуды алға тартса, Жолдауда экономикалық жағынан жаңғыртудың басымдықтарын айқындап берді. Атап айтқанда, Президент өзінің мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуінде: «Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді», – деп жаңа саяси реформаның маңызын тайға таңба басқандай анық көрсетті. Елбасымыз өз Жолдауында технологиялық жаңғыртуды жеделдету мен цифрлық технологияның тұтас индустриясын қалыптастыруды ұсынып, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жасауды тапсырды. Біздің ендігі мақсатымыз осы жоғары технологияны бүкіл еліміздің және әрбір қазақстандықтың игілігіне айналдыру болуға тиіс», – деді.
Сонымен қатар Мұхтар Абрарұлы бұл бастамалардың партияның сайлауалды бағдарламасымен толық үндесетініне назар аударып, Елбасы Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін осындай бастаманы ұсынып отырғанын айтты. Оның ішінде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді дамыған елдердің денсаулық сақтау, білім беру ісінде кеңінен қолданылатын басымдықтар анық көрсетілген. Осындай жұмыстарды жүзеге асыру үшін тиісті министрліктердің алдына нақты міндеттер қойылып отыр. Атап айтқанда, ақпараттандыру, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру ісіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жауапты. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында мемлекет саясатын дамытуға жауапты орган ретінде Ұлттық экономика министрлігі бекітілді. Ұсынылған мемлекеттік қызмет сапасын бақылау Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүктелді. Осы мәселелерге тоқталып өткен партия Төрағасының Бірінші орынбасары: «Әрине, экономикамызға цифрлық технологияны енгізудегі жетістіктеріміз Инвестициялар және даму министрлігінің жұмысымен тікелей байланысты. Соған қарамастан бұл істің белгілі бір министрлікке ғана қатысты емес екенін түсінуіміз керек. Сондықтан барлық министрліктер мен ведомстволар және әкімдіктер өздеріне тиісті мемлекеттік қызметті сапалы әрі уақытында орындауы тиіс», – деді.
Өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев министрліктің «Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламасы бойынша атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ ол Елбасы Жолдауда тапсырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қатысты қарастырылып отырған істерге тоқталды.
«Елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту ісі 2013 жылдан бері «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда: ақпараттандыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесі оңтайландырылды; электрондық және ашық үкімет енгізілді; мемлекеттік қызметтердің негізгі бөлігі оңтайландырылып әрі автоматтандырылды; еліміздің барлық ірі қалалары жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылды; отандық ақпараттық кеңістік цифрлық технологиялар негізінде жаңғыртудан өтті. Нәтижесінде, мемлекеттік бағдарламаның негізгі индикаторлары бойынша аралық міндеттер мерзімінен бұрын орындалды», – деді Д.Абаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, бүгінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 35-орынға табан тіреген. Бастапқыда 38-орынға тұрақтау жоспарланған болатын. Одан бөлек, халықтың компьютерлік сауаттылығын 65 пайызға жеткізу көзделсе, бүгінде бұл көрсеткіш 74 пайыздан асқан. Интернетке қолжетімді үй шаруашылықтарының үлесі 65 пайыз болады деп күтілсе, қазіргі таңда 82 пайыздан асып жығылады. Ұлттық спутниктік желілер абоненттерінің саны да бүгінде 1 млн 200 мыңға жетіп отыр. Бұл мәселеде алғашында 500 мыңға жету көзделген. Сондай-ақ ведомство басшысы осы бағыттағы тағы бірқатар жетістіктерді тілге тиек етіп, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша алдағы жұмыс жоспарын да көпшіліктің назарына ұсынды.
Жалпы, аталған бағдарлама төмендегідей негізгі бағдарламалар бойынша жүзеге асырылмақ. Біріншіден, жоғары технологияларды сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, логистика, кен өндіру және тағы басқа салаларда қолдану арқылы экономика салаларында цифрлық қайта құру. Екіншіден, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына кәсіби мамандарды даярлау және халықтың барлық топтарын ұдайы цифрлық дағдыда оқыту бойынша тың тәсілдер енгізу бағытында креативті қоғам құру. Үшіншіден, экономиканы жаңғырту үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктер туғызу. Төртіншіден, электрондық және мобильді үкіметті одан әрі дамыту арқылы мемлекеттік органдардың қолжетімділігін, есептігі мен айқындығын жаңа деңгейге көтеретін проактивті мемлекетке көшу.
Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша, Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту деңгейінің халықаралық рейтингінде Ресей, Италия және Түркия сияқты елдердің алдына шығып 39-орынға табан тіреді. Қазірдің өзінде еліміздегі мемлекеттік қызметтердің 77 пайызы автоматтандырылған. Олардың 760-тан астамын онлайн-режимде, соның ішінде 80-ін смартфонның көмегімен жүзеге асыруға болады. Қазақстанның электрондық үкіметінің мобильдік қосымшасы таяуда инновациялық шешімдерді ендіру саласындағы First World Govtechineers Race – 2017 сыйлығын иеленді. Бұл еліміздегі аталған салада атқарылған жұмыстарға берілген жоғары баға екенін анық.
Сондай-ақ Ақпарат және коммуникациялар министрі Елбасы Жолдауындағы алдымызға қойылған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде цифрлық форматтағы мемлекеттік қызметтерді қолдану саласын кеңейту мен жетілдіру және оның сапасын көтеру мақсатында қолға алынған бастамалар жөнінде нақты айтып берді. Соның ішінде биыл тағы екі Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын және ауыл халқына «Қазпошта» арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жобасы қолға алынатынын ерекше атап өткен жөн.
Жиын барысында мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және әкімдік өкілдері парламентарилердің сұрақтарына жауап берді. Алғаш болып өз сауалын жолдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пшембаев Д.Абаевтан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дайындау кезінде шағын және орта кәсіпкерлікке арналған цифрлық қызметтер мен онлайн-сауданы дамыту үшін нақты қандай шаралар қолға алынғанын сұрады. Бұл бағытта электронды саудаға «е-Коммерц» деп аталатын тұтас бір бөлім арнау жоспарланып отырғанын айтқан министр: «Осыған орай барлық үдерістерді заңдастыратын арнайы заң қабылдау көзделуде. Бүгінде кәсіпкерлікке интернеттің ауадай қажет екенін ескеріп, ауыл-аймаққа дейін жоғары жылдамдықты желімен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл ауыл халқына онлайн-саудамен еркін айналысуға мүмкіндік береді», – деді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов Елбасының үшінші жаңғырту реформасы өңірде сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, облыстағы Киров зауыты бүгінде нақтылығы жөнінен 5-класты баспа платасын шығару жобасы бойынша жұмыс істеуде. Осы мақсатта Швейцария, Италия және Қытайдан жоғары технологиялық қондырғылар сатылып алынған. Кәсіпорын биыл 3D-принтер шығаруды жоспарлап отыр. Зауыттың тағы басқа жетістіктері мен жоспарын айтқан Р.Ахметов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда осындай кәсіпорындардың қаншалықты рөл атқаратынын сұрады. Д.Абаев мұндай зауыттар үшін арнайы сауда алаңы құрылатынын жеткізді.
Мемлекеттік қызмет түрлерін «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясына беру жөнінде жергілікті атқарушы органдармен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұраған Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Звольскийдің сауалына министр: «Бұл мәселе бойынша ведомствоара­лық жұмыс тобының аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Себебі, бұл тек біздің министрлікке ғана қатысты шаруа емес екені белгілі. Негізі аталған мәселе көбіне орталық органдарға қатысты болғандықтан біз олармен бірлесіп осы жұмысты тиімді жүзеге асыруды зерделеудеміз. Өз тарапымыздан мемлекеттік қызметтерді корпорацияға беру ісін мейлінше автоматтандыратын боламыз», – деп жауап берді.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева Ақпарат және коммуникация­лар ми­нистрінен қазақстандық ауылдарды жоғары жылдамдықты байланыспен қамту мәселесі жөнінде сұрады. Сала министрі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде екі миллионнан астам халықты қамтитын 1300 ауыл оптикалық-талшықты интернетке қосылатынын айтты. Жалпы саны 1 млн 300 мың адам болатын қалған тұрғындар үшін 4000 ауылда ақпарат алмасуды сымсыз байланыс көмегімен шешу жоспарлануда.
Отырыста баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясының өкілеттігін кеңейту мен жауапкершілігін арттыру мәселесін қозғады. Сондай-ақ бүгінде тіршіліктің барлық саласы трансформацияланып жатқанына баса назар аударып: «Цифрлық технологияларды енгізуді жоғары білікті мамандар жүргізуі керек. Бұл қызметкерлерге ақы төлеуді және олардың біліктілігін арттыруды талап етеді. Сондықтан жұмысқа кедергі келтіретін қаржы көзінің жетіспеушілігін болдырмау үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік қызметтердің тарифін жасауды тағы бір пысықтауы қажет. Одан бөлек, қызметтердің күрделілігі мен құнының деңгейі бойынша топтарды айқындап, ақылы қызмет енгізу мүмкіндігін де қарастырған жөн», – деді.
Кеңейтілген жиында бірқатар мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берді. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Алик Шпекбаевтан депутаттар бүгінде жалпы тізімге енбейтін және тиімді болып саналмайтын мемлекеттік қызметтер жағдайының қалай болатынын сұрады. Мұндай қызмет түрлері бүгінде 330-дан асатынын айта кетейік. Олардың сапасын тексеру әзірге мүмкін болмай тұр. Бұл жемқорлық үшін қолайлы ахуал екені айтпаса да түсінікті. Алик Шпекбаевтың айтуынша, қазіргі таңда осы мәселеге қатысты тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Дегенмен өзіндік кедергілер де бар көрінеді. Өйткені әлі де болса кейбір мемлекеттік органдар өз қызметін «көлеңкеден» шығаруға асығар емес.
Бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов та көтерді. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық банк тұрғындарға 40-тан астам мемлекеттік қызмет көрсеткенімен, олардың бірде біреуі «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясы арқылы ұсынылмайды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Галиева ондай келеңсіздіктің бар екенін мойындады. Оны шешу үшін еліміздің бас банкі өз қызметінің бір бөлігін халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізу мәселесін қарастырып жатыр екен. Д.Галиеваның айтуынша, бұл бастаманың пилоттық жобасын Алматыда іске асыру жоспарлануда.
IT саласындағы трансферттік технологиялар мәселесіне назар аударған Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайым Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің басқарма төрағасына сауалын жолдады. Агенттік басшысы Санжар Ізтілеуов ондай жобалардың әзірге аз екенін, алайда, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жағдай жақсаратынынан хабардар етті.
Тағы бір халық қалаулысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуника­циялық холдингінің басшылығынан Қазақстанның ақпараттық-коммуни­кациялық саласына шетелдік инвесторлардың қашан келетінін сұрады. Холдинг басшысының орынбасары Бекболат Хамитов қазіргі кезде цифрлық технологияға шетел капиталын тарту мақсатында қолайлы жағдай туғызу үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соның нәтижесінде, осы сала бойынша инвесторлардың қатары артатынына сенім білдірді.
Нұротандықтар мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына қатысты да бірқатар мәселені алға тартты. Мәселен, 2016 жылы партияның қоғамдық қабылдауларына осы мәселе бойынша азаматтардан 2100 арыз бен өтініш келіп түскен. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданының тұрғынына деректер базасында оның бұрынғы фотосуреті жоғалып кеткендіктен жаңа куәлік беруден бас тартылған. Астаналық бір топ егде адам әлеуметтік қызмет көрсету орталығында сауалнама толтыруға, сол арқылы өз мүлкін кімге мұраға қалдыратынын көрсетуге міндеттелгендерін айтып шағымданыпты. Бұл жөнінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, әкімдіктер мен «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп бұл мәселені реттейтініне сенім білдірді.
«Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясының басшылығына өңірлерден де сауалдар қойылды. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова аймақтың бірқатар ауылдық елдімекендерінде кең жолақты интернет байланысы жоқ екенін, соған байланысты жергілікті халық электронды мемлекеттік қызметтің пайдасын көре алмай отырғанын айтты. Бұл мәселеге қатысты сөз алған «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бүгінде елімізде сапалы интернеттің әлдеқашан 10 миллион тұрғын үшін қолжетімді болғанына назар аударды. Қазіргі таңда оның аясын жоғары жылдамдықты байланыспен кеңейту мәселесі компанияның негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын да жеткізді.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Олег Чернышов болса «Қазпошта» филиалын «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясының өкілдігі жоқ жерлерде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету үшін пайдалануды ұсынды. «Қазпоштаның» жаңа басшысы Сәкен Сәрсенов бұл идеяны қолдап, ол үшін ұлттық компанияда барлық қажетті ресурстар бар екенін отырысқа қатысушылардың назарына салды.
Бұдан бөлек, партия комиссиясының кеңейтілген отырысы кезінде Мәжіліс депу­таттары азаматтардың тұрғылықты жері бойынша міндетті тіркелуі туралы жаңа талапқа байланысты мәселелерді де талқыға салды. Халық қалаулылары мұндай жаңалықтарды енгізу барысында оларды дайындауда жол картасын пысықтауы қажет екенін айтты. Олар барлық қажетті заңға тәуелді актілерді, ұйымдастыру іс-шараларын және түсіндіру жұмыстарының жоспарларын да қамтуы тиіс. Себебі, бұл жаңа заңдарды іске асыру сатысында түйткілдің болмауына мүмкіндік бермек. Аталған жайтқа қатысты жұмыс барысын Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғұмбаев баяндаса, Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен Ұлттық экономика вице-министрі Мадина Абылқасымова да өз салаларына қатысты сұрақтарға жауап берді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары кездесуді қорытындылай келе, жалпы алғанда, Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттыру бойынша көп жұмыс атқарылғанына ерекше назар аударды. Соған қарамастан, Елбасы айқындап берген Үшінші жаңғырудың мақсаттары мен міндеттеріне сай келу үшін бұл салада әлі талай іс жүзеге асырылуы тиіс екенін де көпшіліктің көкейіне салды.

Кәрібай МҰСЫРМАН, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Мемле­кеттік қызмет көрсету сала­сында кө­кейтесті мәселелер аз емес. Айталық, соңғы жылдары елімізде жекеменшік көліктер көбейіп кеткендіктен, Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ облыс орталықтарында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу қажеттілігі туындаған болатын. Алайда, өкінішке қарай, бүгінге дейін Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында мұндай орталықтар ашылған жоқ.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылғанымен, оның жұмысы да тиісінше жолға қойылды деп айтуға әлі ерте. Атап айтқанда, осы корпорацияның құрамына енгізілген мемлекеттік мекемелердің директорлар базасын біріктіру жұмысы ұзаққа созылып кетті. Міне, осындай кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау үшін тиісті шараларды қолға алуымыз керек.
Бақытгүл ХАМЕНОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Бүгінгі басқосуы­мыздың мақсаты – Елбасының «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында көрсетілген цифрлық үкімет пен халыққа қызмет көрсету үлгілерін жандандыру әрі жаңғырту.
Қазіргі таңда елімізде 800-ге тарта халыққа қызмет көрсету түрі бар. Бүгінгі мақсат – үшінші жаңғыру кезеңінде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдарының стандарттарына сай халыққа қызмет көрсету түрлерін, оның ішінде цифрлық қызмет көрсету сапасын арттыру. Маңызды құжатта ерекше мән берілген бұл міндеттердің барлығы бәсекеге қабілеттілікті нығайтып, халықтың әл-ауқатын, әлеуетін көтеруге сеп болмақ. Сондай-ақ еліміздің орталықтан шалғай аймақтарындағы «Қазпошта» жұмысы, мұрағат ісін жаңғырту мәселелері де жетілдіруді қажет етеді.
Абылайхан ОСПАНОВ, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы:
– Кор­порация алдында қызметтерді электронды форматқа ауыстыру үшін жауап беретін мемлекеттік органдарға ұсыныс беру міндеті тұр. Қазіргі таңда бірқатар ұсыныс дайындап, қызметтерді оңтайландыруды жүргізудеміз.
Қандай қызметтерді электронды форматқа ауыстыру керек екенін түсініп отырмыз. Ұсыныстардың бәрін де өкілетті органдарға жолдаймыз. Сондай-ақ халықтың білімін жетілдіру жолында да жұмыстар жүргізудеміз. Барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету орындары бар. Онда біздің қызметкерлер азаматтарды оқыту бойынша кеңестер береді.
Сонымен қатар бүгінде жұмыс тәсілін «бір терезеден» «бір өтініш» қағидатына ауыстырудамыз. Яғни бір өтініш арқылы бірнеше қызмет көрсетіледі. Баланың құжаттарын рәсімдеу және оны балабақшаға кезекке тұрғызу үшін біз жедел қызмет көрсетеміз. Одан бөлек, жаңа тәсіл арқылы адам зейнетке шыққанда оның қайда жұмыс істегенін және қандай орташа зейнетақы тағайындалатынын да біле аламыз.

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Цифрлық технология қазірдің өзінде біздің күнделікті өмірімізден көрініс тауып отыр. Осыдан он жыл бұрын еліміздің әр бұрышында «Қазақ­телекомның» қалааралық пункттері жұмыс істейтін. Тіпті халық бір-біріне телеграмма жіберетін. Қазір мұның бірі де жоқ. Бүгінде әлем­нің әр түкпіріндегі адаммен сөйлесу де өзекті мәселе емес. Себебі, уақыт өзгерді, заман талабы да басқа­ша. Уақыт ағымына ілесу үшін еліміз цифрлық технологияға, инновация мен ғылым-білімге ерек­ше көңіл бөлу керек. Осыған орай бүгінгі партиялық тыңдауда көтерілген мәселелер де өзекті болып саналды. «Қалай дамимыз?», «Қандай қиындықтар бар?», «Кедергілерді қа­лай бірігіп жеңеміз?», «Парламент осы түйіндерді шешуде қандай көмек бере алады?», «Заң жүзінде қандай өзгерістер енгізу қажет?» – міне, жиында осы тектес сұрақтар талқыланды.
Ең бірінші кезекте бізге халықтың цифрлық технологияға қатысты сауаттылығын арттыру қажет. Ел-жұрт бұрынғыдай сабылып жүрмеуі және ұзын сонар кезекте тұрмауы үшін бұл қызмет түрі қалай жүзеге асырылады, білім, денсаулық сақтау саласында қалайша қолданылады – осының барлығын жіті түсіндіріп, кеңінен ақпараттандырған дұрыс.
Еуропа елдері 2020 жылға қарай дизельді қозғалтқышпен жүретін автокөліктерден бас тартпақ. Бұл – жасыл экономика жолында жасалып жатқан алғашқы қадамдар. Сол себепті, бізге де бұл мәселеге ерекше мән беріп, қазірден бастап осы сала бойынша арнайы мамандар дайындауды қолға алуымыз қажет. Жалпы, цифрлық технологияны дамытуда ерекше бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ, әлемдегі озық елдер қай бағытта келе жатыр, бізге де сол жолдан таймаған дұрыс.
Снежана ИМАШЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Елбасымыз мемлекеттік қызметтердің дамуына ерекше көңіл бөлуде. Кезінде азаматтар көптеген қызметтерді бір жерден алуы үшін ХҚКО-лар ашылған болатын. Бұл үдеріс өте ауыр жүргізілді. Соның салдарынан ондай орталықтарға көп сын айтылды. Қазір халық ХҚКО-лардың қызмет сапасы әлдеқайда жақсарғанын айтуда.
Президент өзінің Жолдауында жаңа технологияларды белсенді пайдалану қажет екенін айтты. Электрондық корпорация құрылуының арқасында енді адамдар халыққа қызмет көрсету орталықта­рына бас сұқпай-ақ, қаладан 1000 шақырым қашықтықта жүріп 200 қызмет түрін алуға мүмкіндік бар. Бұл туралы ақпаратпен онлайн танысуға болады. Аймақтарға жасалған сапарларда біз халыққа қызмет көрсету орталықтарында да боламыз. Сол кезде де цифрлық технология­лардың жедел дамып келе жатқанын айтып жүреміз.
Сәкен ӨТЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Мемлекет басшысы цифрлық технологияларды қолдана отырып, жаңа индустрияны құру жөнінде тапсырма берді. Қазіргі таңда онсыз өндірісті дамыту мүмкін емес. Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – барлық кәсіпорындарда еңбек өнімділігін арттыру. Елбасы Жолдауында ол нақты көрініс тапқан.
Жалпы, цифрлық технологиялар да – адам капиталы. Бұл ретте бірінші кезекте білім тұрғанын естен шығар­мауымыз керек. Себебі, сапалы, бәсекеге қабілетті білім – ел болаша­ғына құйылатын ең басты инвестиция.

Еламан ҚОҢЫР.
Суреттерді түсірген
Рустам АМАНТАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*