«Әйелің шуын жеп қоя ма?»

89
0
Бөлісу:

Бірлікте тұратын Құлманның Сайлауы көлігін жөндеп жатыр екен. Содан моторын алайын десе, жалғыз өзінің шамасы келмейді. Үйде жәрдем беретін адамның реті келмеген соң, сыртқа шығып, көшеде кетіп бара жатқан бір жігіттен көмек сұрапты. Сөйтсе әлгі жігіт:
– Кешіріңіз, ағасы! Әйелім босанып, ауруханаға өте асығып бара жатыр едім, – депті жағдайын айтып.
Сонда Сайлау қатты ашуланып:
– Немене, сен бармасаң, әйелің шуын жеп қоя ма? – деген екен.


«Көтермесе көңілді кір басады» дейді дана Абай. Сол айтқандай, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Задарья, Қыраш ауылдары – өз көңілдерін өздері көтеріп жүрген өлке. Сол елді- мекендердің тұрғындары әзіл-қалжың айтуға келгенде бірінен-бірі асып түспесе, қалып кетпейтіні анық. Атап айтар болсақ, олар – Тайшыбек, Маутан, Тұрсымат, Садыр, Байділла, Асан, Қанжарбек, Мәдібек, Мейірбек, Мәнтай, т.б. Бұл тізімді әлі де соза беруге болады. Бірақ әзірге аты аталған ауыл айтқыштарының еріксіз езу тартқызатын қисық та қыңыр қалжыңдарының жалғасын назарларыңызға ұсынамыз. 


Сайлаудың сылтауы

Сол Сайлаудың құрдасы ауылға қыз алып қашып келеді. Қуғыншыларға қарсы тұру үшін қайраттанып алайық деп, Сайлау жеңгелеріне арақты көптеп алғызып, тойды ертерек бастап жібереді. Содан көп ұзамай, қуғыншы да келе қалады. Қуғыншы – қыздың туған ағасы екен. Ол – ауылға аты шыққан, мінезі шатақтау, сәл нәрсеге жұдырық ала жүгіретін ұрдажық жігіттердің қатарынан болса керек. Аулаға кірісімен, әй-шәй жоқ, алдынан келгенін тоқпақтап, артынан келгенін теуіп, араша түскен ауылдың 2-3 баласын көк ала қойдай етіп, сабап тастайды. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, қуғыншыларға қарсы тас-түйін отырған жігіттердің жүні жығылып, мысы басылып қалады. Мұны көріп-біліп отырған жеңгелері:
– Әй, Сайлау, бағана жауға қарсы жалғыз шабатындай боп, ісіп-кеуіп отыр едің, енді неге желің шығып қалған? Араласпайсың ба мына шатаққа? – деп оның араша түсуін сұрайды. Сонда қуғыншының қарқынынан қорыққан Сайлау:
– Жеңеше-ау, біз қуғыншыларды емес, төсек-орын әкелетіндерді күтеді екенбіз ғой, – депті.


Аманат

Ауылға айтқыштығымен аты шыққан Мақсат Нұртазаев қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Оның көңілін сұрап, ауыл азаматтарының бірі келеді. Ол жігіттің әкесі жақында ғана қайтыс болса керек. Ауырып жатқан адамның ахуалын ойлаған жеңгеміз:
– Ағаңның мазасы болыңқырамай жатыр, кірмей-ақ қойшы, – депті алаңдап. Осы сөзді естіп жатқан Мақсат баяғы әдетіне басып:
– Әй, кемпір, кіре берсін, мен 2-3 күннен кейін о дүниеге жүрейін деп жатырмын ғой, мүмкін әкесіне айтайын деген аманаты бар шығар, – деген екен.


Бірліктегі көтеріліс

1986 жылдың 16 желтоқсаны күні Алматыда көтеріліс болғаны белгілі. Дәл сол күні Бірлік ауылының бүкіл тұрғыны қолдарына таяқ алып, емханада пеш жағушы боп істейтін жалғыз орысты қуып жүр дейді. Сөйтсе сол аурухананың Әлімхан деген бас дәрігері ел-жұртты сабырға шақырып: «Оған тиіспеңдерші, ол менің жалғыз кочегарым ғой» деп жалынатын көрінеді. Соны көрген ауыл айтқыштарының бірі Маутан:
– Желтоқсан көтерілісі Бірлікте де болды, – деген екен сол оқиғаны сықаққа бұрып.


Қуықпен ойнауға болмайды

Сунақата деген жерде Лақайбек атты агроном болыпты. Өзі ауыздыға сөз бермейтін айтқыш екен. Кеңес Одағының дүркіреп тұрған кезі болса керек. Бір күні кеңшарда үлкен жиналыс болып, ол ұзаққа созылып кетіпті. Лақайбек дәрет өтегісі келіп, жиналыстан сұранбай шығып бара жатса, совхоздың директоры:
– Әй, Лақайбек, қайда барасың, отыр, – деп айқай салыпты.
Сонда ол:
– Балтеке, қуықпен ойнауға болмайды, – деп жиналыстан шығып кеткен екен.


«Қодарбектің ауылы»

Жаңақорғанда тұратын бір жақын туыстары қайтыс боп, оны жерлеуге Қаламбай, Асан, тағы басқа кісілер барады. Дастарқан үстінде сол елдің адамдары:
– Таныса отырайық, жігіттер, қай ауылдан боласыңдар? – деп жөн сұрасыпты. Қашанда құрбы-құрдастарын қалжың-қылжаққа айналдырып жүретін Қаламбай дереу:
– Қодарбектің ауылынанбыз, – депті ойланбастан. Жанындағы жігіттер мырс ете қалыпты. Сөйтсе әлгі кісі:
– Е-е-е, ана үнемі арақ ішіп жүретін ұзын бойлы кісі ме? – депті.
– Дәл өзі, – дейді Қаламбай.
Ауылға келген соң:
– Ойпырым-ай, мына ел Қырашты білмесе де, Қодарбекті біледі екен ғой. Бұдан былай ауылымызды «Қодарбектің ауылы» деп атауға қалай қарайсыңдар? – деген екен.


Қанжарбектің қалжыңы

Ел болған соң ас беріліп, құран оқытылып жататыны – заңды құбылыс. Сондай бір қонақасы үлкен әулеттердің бірінде беріледі. Оған Мәлік деген ауыл ақсақалы да барады. Ас ішіліп, құран бағышталып, бата қайырылған соң, үйіне қайтайын десе, аяқкиімінің біреуін таппай қалады. Әрі іздейді, бері іздейді, аяқ киімі жоқ. Содан болмаған соң, жұрттың бәрі жабыла іздейді. Нәтиже болар емес. Бір кезде сондағы қонақтардың бірі:
– Мәке, мүмкін сіз аяқкиіміңіздің бір сыңарын үйден кимей келген шығарсыз, – дейді ғой сабыры таусылып.
Сөйтсе ол:
– Жоқ, киіп келгенмін, – деп жеңістік бермейтін көрінеді. Мұның бәрін көріп-біліп отырған қу тілді Қанжарбек:
– Ой, онда Төлек тіріліп келіп, киіп кеткен ғой, – депті марқұмның бір аяғы протез екенін меңзеп.

Бөлісу:

Пікір жазу


*