Әблязов құдалықта жүр…

399
0
Бөлісу:

Ойе-бай, ел байлығын миллиардтап жеген жемқор, экс-банкир Мұхтар Әблязов құдалықта шәй ішіп отыр! Бұрынғы сенімді серігі, БТА банкінің бұрынғы директорларының бірі Ж.Жарымбетов Шымкентте біреумен құда болған екен. Мұхтар Әблязов шетелде қашып жүрсе де, досының көңілін қимай, сол баяғыша, «Мен судан тазамын!» деп айылын жимай, өзіне-өзі сыймай, құдалардың қатарында қарнын сипап отыр…

– Сөз кезегі маңдайымен тас жарған, тас емес-ау, банк жарған алпауыт ағамыз Мұхтар Әблязовке беріледі! – деді асаба жілік мүжіп тұрып. Әблязов орнынан тұрып, тісінде қалып кеткен ет талшығын алды да, жанында жалпайып, құлақтары қалқайып отырған Жарымбетовтің алақанына қоя салды. Сосын кекіріп алып, «Дабырламай, тынышталыңыздар!» деп жекіріп алып, сөз бастады.
– Шуламаңдар! «Ойбай, Әблязов қашып кетті!» деп санамды уламаңдар! Мен әшейін… Австрияда қыдырып жүрдім ғой. Түрмеде қонақ болып дегендей… Жарайды, енді құдалыққа келейін! Екі банк бақытты болсын! Ой, не деп кеттім өзі? Жас банктердің жұптары жарасып, бір-біріне қарасып, ақшаларын санасып… түу-у, тағы да құрып кеткір банк төңірегінде шиыршық атып отырғаным ба? Кешіріңіздер, құдалар! Жемқорлықтарың мың жылдық болсын! Қымқырыңдар, жымқырың-дар… Жоқ, мен таза сөйлей алмайды екенмін…
Әблязов орнына отыра кетті. Асаба жуып-шайып жатыр:
– Мұха, ондай-ондай ханның қатынында да болады, шетелде жүріп, қазақы сөзді де ұмытып қалғансыз ғой. Елге келіп, елпең қағып, құдалықта отырғаныңыздың өзі неге тұрады? Ал, құдаларға арналған қойдың басы келе жатыр екен, Мұха, бата беріп жіберсеңіз?
Ішке жас жігіт қойдың басы салынған табақты ұстап кірді. Мұхтар Әблязов қолын жайды:
– Иықтарыңызда елдікті ойлайтын бас болсын, бас үстінде ұйпа-тұйпа болса да шаш болсын, жырақта жүрсең, Отаныңды сағынып, көзіңде төрт-бес тамшы жас болсын! Тоқ алпауыттар бір мезгіл аш болсын, аштар жоқшылықпен қас болсын, құдаларға жамандық ойлағандар, шеттерінен тас болсын! Әумин!
Бәрі беттерін сипаласты. Әсіресе, асаба мәз:
– Мына батаңыз супер екен! Жаттап алатын бата екен! – деп қойды. Тамақ желініп біткен соң, жеңгелер жағы құдалардың беттеріне ұн жаға бастады. Өзіне кезек келгенде, экс-банкир орнынан ұшып тұрды:
– Маған ұн жағуға болмайды!
– Неге? – деп сұрады ұн жағайын-жағайын деп қалған ақсары келіншек.
– Сол.
– Қазақтың ырымы бұл, ұндай аппақ болайық, ұннан нан пісіріледі, нандай тәтті болайық деген, қашқын бала! – деді ақсақалдардың бірі.
– Сол. Маған қара күйе жаға салыңыздар. Мен қара бетпін ғой. Арым жібермейді…
Амал жоқ, келіншектердің бірі қара көмірді алақанына салып, уқалап-уқалап алды да, экс-банкирдің бетіне олай да жақты, былай да жақты. Көздері ғана жылтыраған оның мына кейпіне қарағандар тырқылдай күлісті. Осы жерден тоқтай қалайық. Экс-банкир Әблязовтің елді еңіретіп, жиған-тергенімен шетел асып кеткенін енді жаңалық көріп, жақ ашып жатқан жайымыз жоқ, мәселе мынада: осы жақында ғана ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Франция түрмесінен жуырда босаған олигарх Мұхтар Әблязовті Астанаға шақырды. Кафеге емес. Құдалыққа емес. Өйткені, БТА банкінің бұрынғы директорларының бірі Ж. Жарымбетов Түркияда ұсталып, елге еңіреп әкелінген еді. Ол қаша бергеннен аяғының «мәзөл» болғанын, шатын шаң басып, өкпесі өшкенін, ыңқылдап, ырсылдап кеткенін, Әблязовқа сенгенін, бірақ оның арманы Қазақстанда билікке тұрақсыздық орнатып, төңкеріс жасау ниеті барын айтып, өзі бұл істі тергеуге барынша көмектесетінін айтқан еді… Мұхтар Әблязов алдағы уақытта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына келуі керек.
Ал, Әблязов келе ме? Келмей ме? Қазір жұрт «рәмәшке» гүлін сатып алып: «Келеді, келмейді, келеді, келмейді…» деп үйлерін ыбырсытып отырған шығар? Шынында, жемқор банкир келе ме, келмей ме?

Мұхтар ШЕРІМ


Оу, бұ неғылған «Шоу?» 

«Иә, біз қалай күлеміз?» деп,
Сұраймыз да жүреміз.
Оның еш құпия сыры жоқ:
Мәселен, Жасын досымның
Ел күлдірер қыры жоқ.
Сонысына қарамай,
Әзілкештер сайысына барды да
Біздің «мықты»
Сахнаға шықты.

… Біраз үнсіз қалды да,
Басын ұстап алды да
Не айтарын білмей
(халықты көзіне ілмей)
Қабағы ақшиып,
Көзі шақшиып,
Тұрып қалды қақшиып.
Сөзінен жаңылып қалды,
Не айтарын білмей,
Аңырып қалды.
«Жұрт күлетіндей бірдеңе істеуім
керек,
Сөйтіп мына жұртты
Күлуге күштеуім керек», – деп,
Ойланып тұрған шақта
(Құдай қос қолдап
Төбеден ұрған шақта)
Көзәйнегін түсіріп алды.
Оны іздеймін деп құлап,
Маңдайын ісіріп алды.

Ал көрермендерімізді түлен түртіп,
Көз жастарын әрең сүртіп,
Ауыздары ашылып,
Бір-біріне түкірігі шашылып,
Кейбірінің көмекейі көрініп,
Езуінен сілекейі өріліп,
Трансқа беріліп,
Қыран-топан күліп жатыр.
«Әртісінен» ләззат ап,
Сауық-сайран құрып жатыр.

… Ал біздің Жасын
Қос қолдап ұстап басын
(Білген соң көзәйнектің ұстатпасын)
Сахнадан қашып кетті,
Байқамай көзәйнегін басып кетті.
Залда күлкінің көкесі енді басталды.
Біреулер «әртісті» қуып жүріп,
Гүл ұсынбақ боп бас салды.

«Әртістің» беті сілекейленді
Қуанғаннан есі ауып,
Көзі кілегейленді.
Сол күннен бастап,
Ол «жұлдыз» атанды.
Мен де қарап тұрам ба?!
Бердім оған «батамды».

…Сөздік қорым таусылып,
Осымен тәмам боп тұр.
Айналайын күлегеш, халқым,
Келесі «шоуға» дейін
Аман боп тұр!
  
Бірдеңе айтсам сенесіз бе?
(Телеарнадан көрген соң
Лаж жоқ көнесіз де)
Сенбесеңіз қараңыз:
Әне бір ерні бұлтиған қара қыз
Шіренеді шертиіп,
Танаулары кертиіп.
Бұрымдары кесілген,
Мұрындары тесілген
Көштен қалған саяқтай.
Бет-ауызын далаппен
Аямай-ақ бояпты-ай.
Кірпікті де жалғапты
Қасын қырып жалмапты.
Тырнақтары сояудай,
Аямапты бояуды-ай.

«Сұлуымыз» сүйкімсіз
Жүрген жандай үй-күйсіз.
Ұнау үшін көздерін
Бір аударып, төңкеріп,
Жымиыспен көмкөріп,
Жатса дағы көреміз,
Соңдарынан ереміз.

Не шара бар біздерде?
Осылай деп шешкен соң
Телеарналық «төреміз».
Оу,
Бұ неғылған «Шоу?»
Ондайларды әлі де
Көрдік,
Көре береміз.
Шулап «шоулар» артынан
Ердік,
Ере береміз.
Өйткені ма… өйткені…
Қалыптасқан осылай
Көрермендік өреміз.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*