Мешін неге мезі болды?

105
0
Бөлісу:

Жаңа жылдық кеште мешін жылы мерейлі болды деп мекірендік. Ескі жылда есіркеп, жаңа жылда жарылқауын сұрадық. Біреу үйлі, біреу күйлі болғанын, әлдекім азанды, базбіреу қазанды болғанын айтып ауыз суын сорғалатты. Енді біреу балалы болғанын жеткізсе, әлдебіреу қырыққа толып, саналы болғанын әңгімелеп, мешін жылын мелшитіп қойып мақтады. Мешекең жанымызға келіп естіп тұрса, көп ұзамай екі беті қызарып, шыдай алмай, бетін басып алып, басы ауған жаққа безер ме еді қысылғанынан? 

Иә, иә! Еш қарсылығым да, қыңырайған қыр беткей қырсықтығым да жоқ. Мерейің үстем болып, мейманаң тасып, масаттанып жатсаң, мешін түгілі мыстанға да сүйсінерсің. Өзі солай емес пе? Қарыны тоқ, көйлегі көк адам қайда қараса да көгілдір түстен өзгесін көрмейді ғой. Қаңтардың қақаған аязында, қар борап, қара тұман торлап тұрғанда да «Айнала не деген әсем еді? Түу, қызыл-жасыл көбелектерді-ай!» деп тамсанып тұрғаны соның. Сықырлаған сары аяздың қарығанын – шыбын қонғандай, үскірік желдің шаншығанын – инеліктің қанаты тиіп кеткендей көреді ол. Қырық градус қыртына да келмейді.
– Пәтерақы төлеп, ақшам ақиып қалды, азық-түлікке қайдан табамын енді? – деген әңгіме есітсе:
– Не туралы айтып тұрсыңдар, ол қалай ақша болмай қалу деген? – деп басы сынып кете жаздайды.
– Нанға ақша таппай қалдым, – десе, тыжырынып:
– Әй, ештеңе болмай қалса, еттің өзін ғана турап, қуырып жей салмайсыңдар ма? – деп аңқиады ол. Ондайды ұқпайды, түкке түсіне алмай қиналады. Жоқшылық дегенді қанша тырысса да бір елестете алмайды. Міне, осындайлар мешіннің меселін қайтарып, әбүйірін төкті. Артта қалған қой жылында емес, сәл шыдаса, келіп жететін тауық жылында да емес, тас төбеден таспен ұрғандай дәл мешіннің мезгілінде ұсталғанын-ай әлгі жуандардың. Мешін меймілсіп, көктемде көгеріп, жазда жадырай бергенде… Тапа-тал түсте ЭКСПО-дан шу шықты. Елдің мақтанышы болады деп күтіп отырған жерден 23 адам сотталып, Айды аспанға бір-ақ шығарды. Талғат Ермегияев өзі бастап істі болып, 14 жылға кетті. Бәрі жабыла жұлмалап, 10 миллиардтан астам ақшаның ту-талақайын шығарған. «Апырай, ә!» деп жағамызды ұстап, енді босата бергенде Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Мейіржан Өндіргенов ұсталды. Халықтың қасиетті қазынасынан қымқырғаны 900 миллион теңге. Ал тінту кезінде үйінен табылғаны 7 миллионға жуық теңге, үш жарым миллионға жете доллар, бір жарым миллионнан аса евро, 326 300 рубль. Пұлға деген махаббаты айтып жеткізгісіз-ау шамасы. Ақша есептейтін мәшине бес сағат бойы санап, түтіні шығып, күйіп кете жаздады. Тас қылып ұстаған жағамызды босата салмағанымыз дұрыс болған екен дей бергеніміз сол еді, «Қара генерал» Әмірхан Аманбаевтың қылмысы қылаң берді. Генерал мырзаның оңтүстік астана қаржы полициясын басқара жүріп ашқан 78 жалған кәсіпорнында 77 миллиард теңге айналымда болған. Әттең, енді бір миллиард қосқанда кәсіпорын санына тең болады екен. Ал өкіметке төлемеген салығы 24 миллиард. Аманбаевтан басқа тағы 36 адам сотқа тартылып, у-шу әлі жалғасуда. Ендігі жерде жағамызды ұстаған күйі жұмысқа барып-келіп жүре беретін болдық. Мешіннің айрандай ақтарылған абыройын жемқорлар ойлаған жоқ, одан сайын төге түсті. Теріміз әжімнен құтылып, ағарсын деп шомылды. Енді ше, Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов жалғыз өзі состимай, орынбасары Мақсұт Қалиевпен бірге сотталды. Әр тендердің 10 пайызын жеген әкім 13 жылға, орынбасар 4 жылға кете барды. Алматы метросының директоры Мұрат Өкшебаев 3 миллиардтан астам ақша жеп, 9 жылға кесілгенде мешін меңірейіп, бір қалтарыста өзін-өзі іштей кеміріп, ызаға булығып отырды. Ал біз жағамызды уыстаған күйі ұйқыға жатып жүрдік. Онымыз дұрыс бопты, өйткені жыл соңына таман «Бәйтерек Девелоупмент» ұлттық компаниясынан шатақ шықты. Аслан Жақыпов, Бауыржан Айтымбетов, Ғазиз Сариев ақша жеді деген атақ шықты. Бейуақта бой көтерген бәле Бақыт Жақсыбаевты да жалмады. Өрлеген сайын өршеленген өрттен Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та аман қалмады. Осы оқиғадан кейін мешін өмірден біржола түңілді. Аналар мұны ескерген де жоқ, ақшаны «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бақыртып тұрып жұтқан. Параны пләгімен ішкен. Сөйтіп, жантақбас жемқорлар ескі жылды есіртіп, есінен адастырып жіберді.
Мерейсіздіктен мезі болған мешін тауықтың айдары көріне салысымен алды-артына қарамай зытты. Тауықтың тағдыры қалай өрілер екен? Мешіндей масқара болмасын! Он екі жылда бір жеткенде, абыроймен келіп, абыроймен кеткенге не жетсін!

Бұлан ЖАПА


Майлы мінездеме

Шірке-ен! Заманымыз жаман емес-ау! Елі ерлерін ескермей қойса да, елін кешке дейін ойлай беретін ерлер шығып жатыр. Тіфә-тіфә, тілім пласымасқа! Ал, халық қамын ойлау ең әуелі өзіңді жарылқаудан басталады. Маңғыстаулық Әмин Елеусінов осы қағиданы жақсы біледі екен. Ол «Oil Construction Company» кәсіподағының төрағасы болып, басын немесе арқасын қасып отыра бермеген. Басқа біреудікін де қасымаған. Неғылған? Қордағы қаражатты қарпыған. Үйіне артынып-тартынып, қойын-қонышын толтыра келетінді шығарған. «Жақсылықты бөліссең, көбейеді» деп, сенімді серігі Нұрбек Қошақпаевқа да осыны үйреткен. Оғандағы үй ішін мәз қылу ұнап қалған. Сөйтіп, екеуі әйел, бала-шағасын күндей күлімдетіп, жаздай жадырата білген. Оларға не, кешке үйіңе барғанда қолына бірдеңе ұстатып қойсаң болғаны, сенен жақсы адам жоқ. Не керек, кәсіподақ ақшасын осы екі жақсы адам жапырған… оң ниетпен, әрине. Қалта-қалта қылып үйіне апара жатқанда жол жиегінде тұрған қайыршыға да бес-он тиын тастаған болар? Жетім көрсе жиырма теңгемен жебеп те жіберген шығар? Ақсақты алпыс, тоқсақты тоқсан теңгемен қуантуы да мүмкін ғой. Иә, жымқырған жырындыларымен кімдерді жарылқағанын білмейміз. Сондықтан қаржыны талан-таражға салды деп жарты әлемге жар салудың қажеті жоқ-ау осы? Қайта, мерейін асырып, мемлекеттік сыйлық бермесек те, жылы сөзбен марапаттап жіберу керек-ау, а? Ал, сіз қалай ойлайсыз?
«Ара»


Теспей сорды

Сүлікті білесіз, қаныңызды теспей сорады… Тесіп те сорады. Қан қысымыңыз айқайлап тұрса, сүлікті денеңізге жабыстыра қоясыз, артық қаныңызды сорып алады… Ал адамдарды, адамдар болғанда, мемлекеттік маңызы бар кәсіпкерлерді соратын сүліктер ше?

Ойебо-ой, атамаңыз, салық инпекторлары мен жемқорлықпен күресетін органдардың кейбір жаналғыштары, мемлекеттік кіріс департаментінің тергеушілері көшеде кетіп бара жатсаңыз, қуалап жүріп жабыса кетеді. Кабинетіңізде отырсаңыз, өтірік күліп кіреді, сіздің ақшаңызды соруды біліп келеді. Қашсаңыз қуады, жалған айғақтармен қылғындырып, буады… Бір күні кәсіпкер Тынышбек Рахатұлы кабинетінде отырған, есік ашылып, алты тексеруші кіріп келді. Ай-шай жоқ, бірі мойнына жабысып, сора бастады:
– Өй, қытығым… қыты… қытығым-м-м, – деді кәсіпкер оны итеріп жатып, – Не істеп жатырсыз?
– Сізді соруға келдік…
– Менде қан жоқ..
– Соны айтқан сізде жан жоқ…
– Менің бизнесімде «бит» жоқ…
– Оны иіскеп табатын «ит» жоқ…
Олар бас салды. Бірі мойнынан, бірі желкесінен, бірі аяғынан, бірі шатынан… Сүліктерше жабысып, сорып жатыр, сорып жатыр! Олар сорған сайын семіріп барады. Кәсіпкерлігі күлге айналатынын білген кәсіпкер бір кезде оңтайын тауып, тұра қашты. Столдың астына тығылды. Оның үстіне алты тергеуші жығылды…
– Ойбай, өлдім! – деді кәсіпкер айқайлап.
– Сорамыз да, кетеміз!
– Шиебөрілер!
– Біз Қарағанды сүліктеріміз!
Бір кезде кәсіпкердің терісі ғана қалды жалбырап. Орнынан тұрды, қалтырап… Денесінің жүз пайызы шұрқ тесік… Тексеру құқығы бар «сүліктер» сорып кеткен… Басы айналған байғұс креслосына сылқ етіп отыра кетті. Артынша, салық инспекторы есіктен басын қылтитты…
– Кешіріңіз, сізді сорайын деп келіп едім…
– Менде қан қалмады…
– Бір тамшы болса да… – деген ол кәсіпкердің білегінен тістелеп, сора бастады… Ойебай, не жазып кеттім өзі? Тексерушілерді вампирлерге ұқсатып? О, енді есіме түсті! ҚР бас прокуроры Жақып Асанов былай деген екен ғой: «Қарағанды облысында мемлекеттік кіріс департаментінің 19 тергеушісі кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс қозғаған. Оларды жұмыстан қуып қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Мұндағы құзырлы органдар кәсіп-керлерді сүлікше сорудан алдына жан салмайтын бопты. Оқуды жарытып оқымаған, жазу-сызуды білмейтіндер қызметке көкелерінің арқасында келгендер деп білемін. Ойлағандары тек пайда. Заңды белшеден басқан прокурорларды да жұмыстан қуып жатқанда, мұндайларға аяушылық болмауы керек. Кәсіпкерді аяқтан шалу – мемлекетті аяқтан шалу деген сөз.» Көрдіңіз бе, Бас прокурордың не дегенін? Бәрі рас, олай болса, кәсіпкер, сүліктерден тезірек қаш!

Ратқұм МІРЕШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*