О дүниедегі… ұрлық!

29
0
Бөлісу:

– Бұ дүниедегі ұры өз кәсібін о дүниеге аттанған соң да жалғастыра береді екен!
– Қалай?! О дүниеге аттанған жанға дүниенің керегі не? О жақтағылардың нәсібіне осында қалған туыс-тумаларының атаған садақалары мен түсірген бата-тілектері жетіп-артылатын дәулет болмайтын ба еді? – деп Досының жеткізген жаңалығына орай пікір білдірушінің көзі ұясынан екі қарыс ыршып шығып, орнына қайтадан сарт етті.

– «Қанағат – қарын тойғызар, қанағатсыз – жалғыз атын сойғызар» дегенді білмейсің бе? Қанағаты жоқтар о дүниеге аттанған соң да жұлып-жұлқып, біреуден бірдеңе олжаламаса, асқазаны аңырап, енесін екі күн ембеген қозы тәрізді маңырап тұрады екен ғой!
– Сен немене, о дүниеге барып, солармен дәмдес боп келіп пе едің?
– Осы сенің бірдеңе айтсаң, екіленіп кететінің-ай! Сенбесең, жүр, өз көзіңмен көр!
Олар дереу Қарағандыға аттанып кетті.
– Анау шағын тіс емханасын көрдің бе, осында тәжірибелі тіс дәрігері Марат Нишанов бір өзі қызмет етеді. Талайлар жағын басып, бебеулеп келгенде жанын жай таптырып, емдеп беретін білікті дәрігер!
– Дұрыс айтасың-ей, әнебір бойжеткен алдына жыламсырап барып еді, әне-міне дегенше жаны жай тауып, әжесі тойдан мәмпәси әкеп берген балаша жайраңдай шығып барады!
– Тоқта-тоқта, бірақ, Мараттың өзі бірдеңеге ренжулі ме, қабағы қатыңқы тәрізді ғой!
– Тынысын ауырлау алатын сияқты ма, қалай өзі?
– Өй, қолын оқтын-оқтын жүрек тұсына апарып, уқалайтын сияқты ма? Ойпыр-ай, жүрек талмасы ұстап қалмаса жарар еді. Оған жәрдем көрсете қоятын жанында өзге ешкім көрінбейді ғой өзінің!
– Ойбай, әне, кеуде тұсын ұстаған күйі бүктетіліп барады. Мына дәрігер шынымен…
– Ой… еденге құлап түсті!…
Сол сәтте емханаға тісін көрсетуге тағы біреу келді. Кәдімгі осы қаланың жас тұрғыны Молдияр Сағатаев! Табалдырықтан аттай бере, алдындағы көрініске қайран қалып, сәл аялдады. Дегенмен, иненің көзінен, дозақтың өзінен лып етіп өтіп кететін пысықтың өзі-ау сірә? Аузын ашып тұра бермеді! Басына әлдеқандай ұтқыр ой лып етіп келе қалған! Сол-ақ екен, жалма-жан жан-жағына жалт-жұлт қарап, кім бар, кім жоғын тексеріп алды. Өзінен өзге тіршілік иесі көрінбейді! Қолайлы сәт!
Демі үзіліп, қимылсыз жатқан Марат Нишановтың жансыз денесін аударып-төңкеріп, қалтасына, қойны-қонышына қолын жүгірте бастады. «Қанды басың бері тарт!» Айтқаны айдай келді, қанды бас емес, артық емес, кем емес, қалтасынан 350 мың теңге шыға келді! Олжасы онымен біткен жоқ, қолына екі бірдей мобильді телефон тағы ілікті!
Осымен болды десеңіз, бек қателесесіз! «Алтын шыққан жерді белден қаз!» Осыны өзіне ежелден ұран етіп алған Молдияр Сағынаевтың қолдары одан әрі шарлай жөнелді. Қимылсыз дененің іш киімдерін, жұлығының ішін, ұлтарағының астына дейін тінтіп шықты. Онысы да бос кеткен жоқ! Осылай, мұқият іздеудің нәтижесінде Мараттың әмияны, оның ішіндегі төлқұжаты, жүргізушілік куәлігі сопаң етіп шыға келді.
Осыншама олжа алақанын күйдіріп жіберген жоқ па дейсіз бе? Жоқ! Қайта ыстығы басылып қалмасын деп, дереу сыртқа беттеді…
– Оның ұрлықты ана жақта жасағаны қайда?
– Е, тонаған адамы о дүниеде жүрсе, бұл о дүниеде жасалған ұрлық болмай ма?
– Сонда, оның мәселесін қарауды Мүңкір мен Нәңкірге тапсырамыз ба?
– Өй, шынында, осы жағы нелеу екен-ей! Әй, дегенмен, әзірге Молдияр Сағатаев осы дүниеде жүр ғой, сондықтан оны Қарағанды қаласының заңгерлеріне тапсырған дұрыс болар!
– Ендеше, сіздерге бұрын-соңды тәжірибеде кездеспеген, о дүние мен бұ дүниенің ортасында болған жайды тапсыруға тәуекел етіп отырмыз, құрметті көмір астанасындағы заңгер бауырлар! «Қиуадан шауып, қисынын тауып» осыны бір жөнге келтірерсіздер!

Бек БӨГЕНИ


Қабірге түскен ҚАДІР

Ажары атқан таңдай перизат тұрмақ, президент болса да, турасын айтатын тура билерді өңіңізде көріп пе едіңіз? Мүлдем, тек түсімде шығар дейсіз, ә! Ендеше, дәйектемеге зер салыңыз. Ай-шайға, шай-пайға қарамай, періштесінген парақорлардың бетпердесін сыпыратын Перу соты бұрынғы ел басшысы Алехандро Толедоны «сыбайлас жемқорлықпен айналысқан» деп, оны ұстауға рұқсат берді. Неге? «Ол бразилиялық «Одебрехт» құрылыс компаниясынан пара алған» деген ауыр айып арқалап отыр. Арам ақшаға қарық қылған уақытша кәйіптің арты ауыр айыпқа ұласады деп кім ойлаған. Сұрапыл сот әзірге Толедоны 18 айға қамап тастады. Қылмыстық іске қарағанда, ол ел басқарып тұрған кезінде әлгі компанияның тендерді ұтып алуы үшін заңға өзгеріс енгізген. Былайша айтқанда, қатып қалған қағидадай заңға шимай қағаз сияқты қараған. Мұндай жемқорлық қылмыс жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді, егер компания басшылығы Латын Америкасындағы бірнеше елдің үкіметіне 800 миллион доллар ауызбастырық бергенін айтып, айыбын мойындамағанда. Әрине, шындықтың балғасы шекесіне тигендей, қолы істегенін мойыны көтеріп, Перу билігіне жаңағы қаржының 29 миллионын ұсынғанын да ұмыт қалдырмаған. Ішіне сақтаған құпиясын жайып сап, шерін тарқатқан. Үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдеп алған. Ал, шындықтың шоғы шымбайына түсті ме, әлде астынан атқылап, артезиан суы шықты ма, қазір Франция астанасы Парижде жүрген Толедо бұл қомағайлыққа еш қатысы жоқ екенін жырақта жүріп, жария еткен. «Жұрт алдына шығуға жасқанды не бұқараға көрінуге бет жоқ-ау!» деп топшыладым. Артынан уақыттың уысына қалдырдым. «Алтын көрсе, Президент те жолдан таяды» дегендей пері соққандай параға құмартқан ол Перуді 2001-2006 жылдар аралығында басқарған. Қазір оның қадірі қабірге түскендей.


Күрестің  көкесі

«Аспаннан киіз жауса да, жалқау ұлтараққа жарымайды» деуші еді. Рас екен! Қытайдың Хубэй провинциясында жалқау және баяу қимылдайтын мемлекеттік қызметкерлерді жұмыс істеуге құлшындыру әдістері туралы тегін өтіп жатқан терең мағыналы жиналыста алты шенеунік ауыздары ашылып, ұйқыға шомған да, оңтайлы әдісті, тіпті, түсінде де көрмеген. Алтауы аюша қорылдап, ұйқыға басқан. Қайтсін енді, қауырт жұмыстардың ара-арсында қалғып алса, айып па? Елдің нанын…ой, кешіріңіздер, қамын жеуді ойлап жүр емес пе? Олар тынықпағанда, кім тынығады? Дұрыс, көз шырымын алсын. Онда тұрған не бар. Қайта жиындағылар үстеріне жылы көрпе жапсын. Әжедей әлдиін айтсын. Еш кедергі келтірмей, өзі аз-ақ уақытқа созылатын жиынды сәлден соң жалғастырса, біреудің бірдеңесі кетпейді ғой. Қайта солардың асты-үстіне түсіп, жағдайын жасасын. Міне, шенеунік қалаулылары деген!
Сол жерде жүрген жүгермектер мұндай игі істі жасай қоя ма? Керісінше, суретке басып, «маубастарды көрдіңдер ме?» дегендей, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаған. Содан мемлекеттік қызметкерлердің қылығы бүкіл елге белгілі болып, абыройлары айрандай төгіліп, ендігәрі жиында көздерін ашып-жұмуға жүрексінетін боп қалған. Олардың өйтіп зәре құтын қашырмай, жай ғана сол елдегі Коммунистік партияның тәртіпке шақыру бюросы секілді «өздерін сынның астына ала отырып, ескерту жазып», жұрт алдында кешірім сұрауға міндеттей салу керек. Болды. Сол да қиын шаруа ма? Түк те емес қой. Айтпақшы, ҚХР басшысы Си Цзиньпин жемқорлыққа, ысырапшылдық пен қызметкерлік парызды бұзғандарға қарсы бүкіл Қытай бойынша күрес жариялағаны мәлім. Қазір кірпік ілмейтін жағдайда. Аспан асты елінде аяқтары аспаннан келген жемқорлар абақтыда жатып, ұзақ мерзімге көз шырымын алатынға ұқсайды. Міне, нағыз күрестің көкесі!

Нұрсұлтан ОҚПАНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*