Журналистер жүлдесі қайда?

292
0
Бөлісу:

Алматыда өткен ХХVІІІ универсиада ойындары аяқталғаннан бері Ілияс пен Әлидің ғаламторды шарлауы мен газеттерді ақтаруы жиілеп кетті.

– Оларға жүлде берілмеуі мүмкін емес! – дейді Әли әр жолы газетті парақтап отырып.
– Мүмкін кімді қалай марапатау жөнін-де келісе алмай, қызу тартыс болып жатқан шығар! – дейді Ілияс іздегенін таппай, ғаламторды жауып жатып.
– Шынында да, универсиададан хабар берген спорт комментаторларының ара-сындағы бәсеке де аса қызу әрі тартысты болды ғой! Дүниенің арғы-бергі бетінен келіп, он күн бойы думанға бөлеген аламан бәйгені халыққа жеткізіп отырған комментаторлардың да еңбегі аса жоғары бағалауға лайық емес пе! Оларға да жүлде беру керек! Бірақ, солардың қабылет-қарымын қара қылды қақ жарғандай әділ бағалау жеңіл дейсің бе!
– Соны айтамын-ау! «Төбедегі төртеу түгел болса, аспандағы алтау аман болатын шығар» деген жүргізуші не деген зерек, қазақтың қара сөзін қақ маңдайдан қақырата айырып, қалай-қалай сілтейді десеңші! Өзге біреу болса ғой, баяғы таптаурын болған тәртіппен «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деумен шектелер еді. Мына жүргізуші ғажап! Аспандағы алтаудың да амандығын тілеп отыр! Ал төртеудің төбеге шығып кетіп жүргенінде біздің шолақ өреміз жете бермейтін үлке-ен мән болса керек!
– Е-һе-һе-е, анау «Шабуылшы ойын-шының денесін құлатып түсірді» деп сілтеген Ермұқамбет Нарымбетов ше!? Көрдің бе, ойыншының өзін емес, денесін ғана құлатып түсірген! Ал ойыншының өзі Ермұқамбеттің жанында сол ойынды тамашалап отырған болуы керек, ол жығылмаған, шабуылшы оның денесін ғана құлатқан, өзіне тиіспеген!
Сондықтан ғой, бір қарасақ:
– Ермұхамбет деймін, ана шабуыл-шының менің өзіме тиіспей, денемді ғана құлатып кеткені қандай жақсы болды, ә?! Егер олай еткенде, мен бұлай сенің жаныңда мәз болып отыра алмас едім-ау! – деп, ағыл-тегіл ақтарылып отыр екен.
Несін айтасыз, универсиада күн-дері спортшылармен бірге оны теледи-дардан хабарлаушы жорналшы-коммен-таторлардың да өнерлерін тамашалап, жанымызға таусылмайтын азық алдық қой! Жаңағы Ермұқамбет Нарымбетов те, Шалқар Естенов те әлгі хоккейшілер шайбаны бағыттаған тұсынан қиыс жіберген сайын «қателікке бой алдырды» деумен болды.
– Ал басқа біреулер жүргізсе ғой, оны «шайбаны қиыс жіберді», «көздеген тұсына бағыттай алмады», тіпті болмаса, «шайбаны дұрыс соға алмады» деп тым қарапайымдап жіберер еді! Ал бұлар болса «қателікке бой алдырды!» деп, қалай әсерлі етіп жеткізді десеңізші! Бұлай айтқанда, сіз ондай жаман әдетке «бой алдырғаннан» кейін алда да қателік жібере береді, ендігі жерде жұқтырып алған пәлесінен айықпаса, шайбаны ешқашан дұрыс соқпайды, бойына сіңіп, бүкіл болмысын меңдеп алған деп түсінбейсіз бе? Әне бір жолы, осы комментаторларымыздың қайсысы еді, шабуылшының допты қақпаға қисық соққанын «айтарлықтай көрсеткішке жете алмады» деп сипаттаған еді, ал мыналардікі ол суреттеудің аузын аңқитып, бір-ақ аттап кеткен жоқ па!?
– Үшінші орын үшін болған Канада мен Чехтардың ойыны есіңде ме, Ілияс? – деді таяуда ғана өткен универсиада әсерінен әлі де толық арыла қоймаған Әлидің көзі жарқ-жұрқ етіп.
– Есімде болмағанда ше! Ол бір ұмы-тылмас кез ғой!
– Әсіресе, ойынды комментаторлардың жүргізуін айтсайшы! Шіреніп тұрып: «Канадалықтар тағы бір гол соғуға кетәрі емес!» деген жоқ па?! Чехтардың «тағы бір гол соғуға кетәрі екенін» сонда барып түсіндік қой! Бірақ, канадалықтар комментатордың білдірген осындай сені-мін ақтай алмастан, есеп сол 4:3 күйінше қалды. Ал Чехтар болса «тағы бір гол соғуға кетәрі» қалпын сақтап, сондай есеппен ұтылғанына риза болды!
– Универсиада барысын телекөрермен-дерге жеткізген комментаторларымыздың бұл тәрізді «тапқырлыққа толы шеберліктерін» тізе берсек, жақын арада тауысу мүмкін емес. Дүниені дүрілдетіп өткен аламан бәйгеде қызмет көрсету жеңіл дейсің бе, сондықтан олардың еңбегін әділ бағалау жағы аса жеңіл болмай жатыр-ау, шамасы!
– Мүмкін оларға жыл сайын журна-листер күніне орай берілетін Қазақстан Журналистері одағының сыйлығы дайын-далып жатқан шығар!
– Е-е, ол да дұрыс екен! Шынында, «Алаш» сыйлығын жазушыларға үлестіре бермей, журналистерге де татыру керек қой, білсін олар да дәмінің қандай болатынын! Керек десең, мынадай үздік өнер үшін Мемлекеттік сыйлық берсе де жарсады!
– Ендеше, «Я, сәт!» дейміз!
P.S. Бұл енді Ілияс пен Әлидің пікірі. Ал сіздің пікіріңіз ше, құрметті оқырман, тойыс, құрметті жанкүйерлер дегенім ғой!

Кент ШАМИ


Көлеңкедегі көкелер
Көп сериялы түс көріп жатыр екен дейді. Оның бастық болғысы келген. Ал, бастық болу үшін, мемлекеттік тесттен өту керек. Бірақ қауашағында қайызғақ та жоқ… Енді қайтті? Бір кезде біреу иығына қолын салды. Қараса, жылы жымиып, бір кісі тұр. «Ақша берсең, сенің орныңа өзім тапсырамын!» дейді. Қуанғанынан оның қолын, айналып барып, желкесін жеті рет сүйді. Сонымен, оның орнына ол тест тапсырып тұр. Бұл оның арқасында жасырынып…

– Аты жөніңіз? – деп сұрады тест қабылдаушы.
– Дымбілмес Әшейінов.
– Компьютердегі тест сұрақтарын оқып, дұрыс жауаптарын баса беріңіз.
– Баса берейін бе?
– Баса беріңіз…
– Жауаптарын «шаша» берейін бе?
– Шаша беріңіз…
– Өкінбейсіз бе?
– Өкінбеймін. Өй, менің неге өкінуім керек? Давай, баста, қиын сұрақтардан қашпа! Саған ауызша сұрақтар қойып, ойыңды біліп алмасам… Айта қойшы, бастық деген не?
– Бастық деген жастық…
– Оны қалай түсінеміз?
– Бастық жұмсақ жастықты жастанып жатқандай, сөйтіп рахатқа батқандай…
– Қазақстан Республикасының ата заңы қашан қабылданды?
– Сол жылы…
– Жемқорлық дәмі қандай?
– У мен балдай…
– Неге?
– Құрықталсаң – у. Жей берсең – бал…
– Жарайсың. Неге маған мөлиіп қарайсың?
– Маған бүйрегіңіз бұрып тұр, білемін, «Бірдеңе бере ме екен?» деп ындыныңыз құрып тұр…
– Сен бала… Жауаптарың шала. «Айдалада бір нүкте». Ол не?
– Кіндік.
– Жарайсың! Дұрыс таптың! Сен компьютердегі тест сұрақтарынан да өттім дей бер! Арқа тұсыңда тұрған кім?
– Мен ғой.
– Жоқ, арқа жағыңда…
– Көлеңкемді көріп тұрсыз… Оған мән бермеңіз, алатыныңызды алыңыз…
– Жа-райды, көлеңкең де тесттен өтті, баратын жеріңізге барыңыз…
– Жақсылығыңыз жерде қалмайды, рахмет!
Тестен сүрінбей шыққан Анау қасындағы Мынаудың қолын қысты.
– Рахмет, аға! – деді Мынау.
– Ақшаң болса, рақметің де көп болады! – деді Мынау.
Ол түсінен шошып оянды. Өйткені, түсінде түңіліп, түрмеде отыр екен… «Түс – түлкінің тезегі» десек те, өзгенің орнына тест тапсырған шымкенттіктер жаппай сотталғанымен, ақша бергендер мен тестке жібергендер жауапсыз қалды… Жарайды, тесттің түбін түсіріп, тестке жіберетіндердің «шекесін ісіріп», желмаядай желіп өткендер кімдер дейсіздер ме? Анаулар мен мынаулар ғой… Аты-жөндерін атаудың өзіне біртүрлі болып отырғаным… Суқаным сүймей… Барлығы 19 адам! Оның 11-і тергеуге көмектескені үшін жазадан құтылды. «Оларға жалған құжат жасау арқылы мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрғысы келетін өзге азаматтардың орнына тестке кіріп, сынақ тапсырған деген айып тағылған болатын. Ұйымдасқан топ мүшелері болашақ шенеуніктерге ақылы негізде қызмет көрсеткен. Айыпталушылар бұл әрекеттерін 2013 жылдан бастаған. Және еліміздің барлық аумағында, яғни Астана мен Алматыдан бастап, Ақтөбе, Қызылорда мен Көкшетау және Тараз қалаларында да ақылы қызмет көрсеткен көрінеді. Осы аралықта олардың көмегімен 148 азамат мемлекеттік қызметке орналасқан. Ұйымдасқан топ мүшелері әрбір әрекеті үшін 2-3 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырған. «Не шықса да, Шымкенттен шығады» деген қағынған сөздің «қайтыс» болғанына біраз уақыт болып қалып еді, жеті жылға сотталғандар мұны қайта тірілтіп жіберді… Әй, жүгермектер-ай…

Жұмаштың ЖҮГЕРМЕГІ


 

Бөлісу:

Пікір жазу


*