Қызғаныштың Қызыл иті

187
0
Бөлісу:

Бүкіл әлем назары осыған ауған. Мынау тамаша өнер сарайынан түрлі ғажайып әуендер жан-жаққа самғап жатыр. Тыңдаушылардың жүздері бақыттан бал-бұл жанады. Олар әуен теңізінде жүзіп, биігінде қалықтауда. Бір-бірімен кездесе, пікірлесе қалғандар алған әсерімен бөлісіп, сезім шәрбатын сіміруде.

Әлемнің бұрын-соңды дүниеге келген үздік композиторлары да осында. Бір-бірін көрген бетте олар да ежелгі достай шүйіркелесе кетіп жатыр.
– Сенің әніңді әнебір қызымыз қалай тамылжытып орындады, ә?!
– Сенің романсың да ғажайып дауыс қанатымен биікке өрлеп, жаңаша қырынан танылған жоқ па?!
– Тегі ән сайысына қатысушылардың қай-қайсысы болса да, үздік өнер иесі екен! Олардың үнімен бірге тербеліп, солармен қосыла елжірейсің!
– Тіпті, бейжай тыңдау мүмкін емес! Өзің де әнші боп кеткің келеді!
Жүздерінде жарқ-жұрқ нұр ойнап, осынау әншілер сайысы жайлы әсерлерін ағыл-тегіл бөлісіп отырғандарда есеп жоқ! Әрбасқа заманда өмір сүрген олар әлемнің түкпір-түкпірінен келгендіктен, бәрін бірдей жүзбе-жүз тану мүмкін болмады. Өткен ғасырлардан келген композиторлар Бетховен мен Чайковский, әншілер Карузо мен Шаляпин, вальс королі Штраус, романстарын тамылжытқан Шуберт те осында! Әрине, олардың қатарында өзіміздің Ақан Сері мен Біржан Сал, Нұрғиса, Шәмші, Сейдоллалар да жарқ-жұрқ етіп жүр!
– Ойпыр-ай, менің шығармамды қалай түрлендіріп жіберген! – деп, Бетховен ғажайып әуендер тарап жатқан сахнаға елжірей қараса, Карузо да айран-асыр!
– Шығармашылық деңгейі де, оны орындау шеберлігі де біздің кезіміздегіден әлдеқайда ілгерілеп кетіпті ғой. Не деген үндестік десеңізші!
– Мынау қаршадай ғана Димашты айтпайсың ба! Үшінші, төртінші… тіпті, бесінші октаваның дыбысына дейін еркін алып, құйқылжытып тұр ғой! Мұндай дыбыстарды алмақ тұрмақ, өзім оған тәуекел етіп те көрген емеспін! – деп Шаляпин жағасын ұстап еді, Карузо оған күліп жіберді.
– Мынадай бас үніңмен сен оны қалай алатын едің, керек десең, драмалық баритон дауысты мен де оған тәуекел ете алмаймын!
– Одан да дауысын тас бұлақтан аққан кәусардай мөп-мөлдір қалпында сонша биікке жеткізгенін айтпайсың ба! – десіп, бір тұстан Ақан Сері мен Біржан Сал да пікір қосып жатыр. – Сонау бір кезде «Ағаш аяқты» орындаған Әміре бауырымыз ғажайып үнімен бүкіл Еуропаны дірілдеткен еді, ал Димаш баламызға бір жарым миллиард халқы бар Қытаймен қоса дүние тұтас қол соғып тұрған жоқ па?
Тап осы тұста бір ғасырда бір-ақ рет болатын осынау өнер сайысындағы тамаша көңіл толқынын әлдеқандай күтпеген жерден шыққан жарықшақ үн тіліп өтті.
– Димаш Құдайберген ешқандай да ғажап емес, оның жасап жүргені – арзан пияр!
Маналы бері әдемі әсердің қанатында қалықтап бара жатқандар кеуделерін әлдеқандай сасық иіс тіліп өткендей, жалма-жан аузы-мұрындарын баса қойып, әлгі жарықшақ үн шыққан жаққа жалт-жалт қараса қалды. Ресейдің әнші-композиторы Витастың продюсері Сергей Пудовкин екен. Күре тамыры білеуленген ол алқымы ісініп, басы шақшаң-шақшаң етеді.
– Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы I am a Singer ән байқауында орындағаны – Витастың «Опера-2» әні. Оны орындау үшін арнайы рұқсат алуы керек еді. Олай етпегендіктен, Димаштікі ұрлық болып табылады. Сондықтан, біз «Watson – Band» адвокаттар алқасына шағымдандық. Бұдан былай Димаш Құдайберген Витастың әнін ешқашан орындамауы талап етілді.
– Алда байғұстар-ай! – деген сөз Бетховен мен Штраустың ауыздарынан қатар шықты. – Өздеріңе-өздерің көр қазумен айналысып жүр екенсіңдер ғой! Өйтетіндей сендерге не көрінді? Мысалы, қазір осында бас қосып отырған біздің осы бүгінге дейін тірі жүргеніміз – шығармаларымыздың барлық уақытта әрі барлық жерде кедергісіз орындалып келе жатқандығынан емес пе! Ол тыңдаушысына жетпей қалған күні біз кімге керек боламыз, шын өлу деген сонда болады!
– Өте дұрыс айтасыздар! Сонау арғы ғасырдан аман-есен келе жатқан мына сіздер, қазақ ән өнерінің көгінде жарқырап тұрған Ақан мен Біржан, Штраустың жолын жалғастырушы өзіміздің Шәмшіміз, Әлия қызымызды қайта тірілткен Сейдолла, Алатауды асқақтатып, сарыжайлауда самал естірген Нұрғиса әндері халық аузында жүргенде, онымен бірге жасай береді! – деді бас қосып отырғандардың тағы бірі.
Бұл уәжге құлақ қойған Сергей Пудовкин болмады, түкірігін шашыратқан күйі:
– Димаш Құдайберген ұрлық жасады. Егер баукеспе пәтеріңізге түсіп, теледидарыңызды әкетіп бара жатса, оған рұқсат етер ме едіңіз, әрине, рұқсат етпейсіз! – деп өрекпіді.
Бұны естігенде, маналы бері сабыр сақтап отырған Чайковский тарс кетті.
– Сен, қарағым Сергей, мынадай мүгедек ой-өрісіңмен өнердің айналасында не бітіріп жүрсің?! Базарға барып, картоп сатқаның дұрыс қой! Ау, ақшаға сатып алатын телевизор мен адамға ұшан-теңіз рухани байлық сыйлайтын өнер туындысы қашаннан бері бір қатарға қойылған еді? Теледидарды үй ішің, асып кетсе, үйіңе келген қонағың тамашаласа, ән сенің мың-сан сезім талшықтарыңды балқытып, балбыратып барып туатын, миллиондардың ортақ дүниесіне айналатын теңдессіз байлық емес пе? Оның өміршеңдігі – автор ғұмырының ұзақ болуының кепілі!
Нұрғиса осы тұста ішегі қата күліп жіберді.
– Осында бас қосып отырған әрқайсымыздың бірнеше жүздеген шығармамыз бар екен, соларды орындау үшін бізден кім келіп рұқсат сұрап, құжат толтырыпты! Қайта олар халыққа неғұрлым кеңірек тараса, оны дүниеге әкелудегі мақсаттың орындалғаны емес пе? Өнердің иесі қашаннан бері жеке кісі болып еді? Ол пыр етіп жалғыз кеудеден шыққанымен, сол бойда халықтың ортақ иелігіне көшетін емес пе еді?
– Ал мына жағдайға келсек, Витас әнін орындау үшін өзінен рұқсат алуды жеке-дара талап еткеннің өзінде, ол әнді Димаш Құдайбергеннің өзі таңдаған жоқ қой. Ән байқауын ұйымдастырушы комиссияның шешімі солай болды. Ендеше, Витас сол комиссияны берсін сотқа! – деп Сейдолла да өз ойын білдірді.
– Е, өзге ештеңе де емес, бұл жерде қызғаныш деген қызыл ит қой абалап жатқан. Димаштың орындау шеберлігінің өзінен асып кеткенін ішіне сыйғыза алмаған ол «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» демекші, өзіне өмір сыйлайтын шығармасын тұмшалап ұстау арқылы өзіне, өзінің көр қазып отырғаны ғой!

Кемелбек ШАМАТАЙ


 

Бөлісу:

Пікір жазу


*