«Көк кит» көкемізді танытты…

184
0
Бөлісу:

Жасым алпысты алқымдап қалса да, көк бөрідей улатып-шулатып келе жатқан көк бит пе, көк кит пе сондай өлімге итермелейтін ойынды
«В контакте» желісінен ашып, әр сұрақтарын басып, «бір байқап көрейін, сұмдықтары болса, басымды шайқап көрейін!» деген оймен, кәдімгідей кірісіп кеттім. Ойынның модераторы мені қуана қарсы алды, өйткені аккаунтымды өзгертіп, тоғыз жастағы баланың рөліне кіріп алған едім.
Елу сұрақ сырғанап алдыма келе қалды. Жауап беріп жатырмын, тентек тест сияқты
екен.

Бір кезде модератордан: «Білегіңе алмаспен көк киттің суретін сал!» деген бұйрық келді. Бұйрығы бұлғаңдаған құйрық емес, қатып қалған қабанның терісі секілді екен, қызыл бояумен білегімді сызғылап, оны ұялы телефоныммен суретке түсіріп, тез салып жібердім. «Жарайсың, енді қай қабатта тұрсаң, сол қабаттағы үйіңнің терезесінен секіріп кет!» деген кезекті бұйрықты алдым. «Секіре алмайм…». «Неге?». «Қорқамын…». Қорықпа, сені ана дүниедегі достарың күтіп алады. «Ол жаққа барғым келмейді…». «Онда әкеңді өлтіреміз!». «Әкем өліп қалған…». «Шешеңді өлтіреміз!» Анам 76-ға келген, айырылғым келмеді, дереу терезені аштым! Қалай беріліп кеткенімді білмеймін? Ойпырмай, мына «ойынның» сиқырын-ай десеңші! Анама тиісіп жатыр-ей? Бір кезде әйелім Дана келді:
– Әкесі, не істейін деп жатырсыз? – деп сұрады ол.
– Өліп көрейінші деп…
– Өлгені несі?
– «Терезеден секіріп өл!» деп жатыр…
– Жаман сөз айтпашы, Мәке… Арнұрымыздың тойын көруіміз керек, алпыс жылдығың келе жатыр…
– Хош бол, Данажан! Менің обалым – Филипп Будейкинге!
– Ол кім еді?
– Атаңа нәлет, Филипп! Жүгермек Филипп! Жексұрын Филипп! – дедім де, терезеден секіріп кеттім! Әйелім терезеден сыртқа үңілді де, далаға жүгіріп шығып, үй айналып, мен жатқан жерге жетіп келді. Өйткені, біз жер үйде тұратынбыз. Маған пәле де болған жоқ. Будейкинге бола, өле салатын ақымағың мен емес! Сонда да болса, әйелім қорқып қалса керек, орнымнан тұрғызып жатыр:
– «Көк кит» ойынында неңіз бар? Бала болып кеттіңіз бе, Мәке? Шыныңыз ба, ойыныңыз ба?
Бұл менің ойыным еді… Ойым – шындыққа көз жеткізу еді… Ал, расында осы Ресейден келген «Көк кит» ойынының көкемізді танытып жатқаны рас! Ойынның авторы – Филипп Будейкин деген Ресейлік жүгермек. Былтыр құқық қорғаушылар құрығына ілініп, екі ай қамауда болғаны да рас. Бірақ ол жетпегір тілі мен жағына сүйеніп, жетісіп жүр: «Мені түрме қорқыта алмайды, менің ойыным жалғаса береді!» деп қояды. Бұл ойын неліктен «көк кит» деп аталады? Себебі, көк кит – суицид жасаушылардың символы екен. Көк киттер көбіне теңіздің жағалауларына шығып қалып, өздерін өлтіріп алады дейді. Ойынға 9-16 жастағы жасөспірімдер тартылуда. Ойынның ахуалы мынадай: жеткіншектер «Я в игре», «Синий кит», «Тиxий дом», «Разбуди меня» сияқты xэштегтермен фото салады да, артынша оған кураторлар сәлемдесе қояды… Сөйтіп, быламық бастар 50 тапсырманы орындай бастайды. Соңғы тапсырмасы: «Асылып өлесің бе, әлде секіріп өлесің бе?» деген сұрақ болады. Мұндай сауалды қоймас бұрын аңқиған ауыздарға бір сілтеме жібереді. Сол сілтемеге кіргенде, қатысушының IP адресі сақталып қалып, мекен-жайы және т.б. интернет орнатылған жердің мәліметтері сопаң етіп шыға келеді. «Сен жайлы барлық мәліметтерді білеміз!» деп баланы басына бақамен ұрғандай қорқытып, «егер сен тапсырманы орындамасаң, туыстарыңды өлтіреміз немесе өзіңді әрдайым аңдып жүреміз!» деген жынды жауаптар жазады… Мұндай қорқытудан соң, бала амал жоқ тапсырманы орындап, өз-өзіне қол жұмсайды. Сенбесеңіз қараңыз, Ресейдің өзінде 15 бала осындай ойынның құрбаны болған. Қырғызстанда да көк кит талайдың көкелерін танытып жатыр! 19 жастағы қарағандылық Галинаның түбіне де осы «көк кит» жеткен дейді. Семейде, Таразда оқушылар «Көк киттің» ойындарына тіркеліп үлгерген. Абайлаңыз, ата-ана! «Көк кит» көзіңізге көк шыбын үймелетіп жүрмесін! О, жүгермек Филипп! Жүрген жеріңе жоңышқа шықпайды сенің!

Мұхтар ШЕРІМ

суретті салған  Ғалым СМАҒҰЛ

Бөлісу:

Пікір жазу


*