Тасқа айналған ағаштар

191
0
Бөлісу:

Көршілес Қытай еліндегі Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданына қарасты Дүнген автономиялы округінің орталығы Читай қаласына барғанымызда табиғат қойнауындағы ерекше бір кереметті – тасқа айналған ағаштар мен динозаврларды көріп таңғалдық.

Үрімжі ғылым академиясының бөлім бастығы, білікті ғалым Сейіл­хан Төлемісов пен «Тоғыз дән» ком­паниясының Шонжы аймақтық фи­лиалы директорының орын­ба­сары Уаң Чияң бізді Боғда тауының оңтүстік-шығысында орналасқан, та­биғаты тамаша Жанбұлақ шат­қа­лымен таныстыруды жөн деп тапты. Біз мінген көлік алыстан мұнартқан Боғда тауын бетке алып, тарамыстай тартылған асфальт жолмен зымы­рап келеді. Біз болсақ, айналаға көз жүгіртіп, көршілес елдің қандай да бір ерекшеліктерін байқап қалуға ынталымыз. Күзгі жиын-терім кезі. Асфальт жолдың бір қапталына алқаптан жиналған жү­гері төгілген. Бір жерде шағын қы­зыл трактор шашылған жүгеріні бір ортаға жинастырып жүр. Енді бір жерде өңкей қыз-келіншек ұзын­нан ұзақ жайып тасталған жү­геріні үгітіп, сұрыптауда. Жол бойы­на орна­ласқан шағын ауылдар бірінен соң бірі артта қалып жатыр. Олардың арасында Жемсары, Құт­тыби де­гендей қазақша атауға ие болған ауылдар да бар. Ауылдың атауынан-ақ, бұл аймақ қазақ­тар­дың ежелгі атақонысы екендігі ай­қын аң­ғарыла­ды. Бір қызығы, бұл елде жер­гілікті тұрғындар өздеріне қа­жетті баспананы біздегідей қы­зыл кірпіштен емес, кәдуілігі лай-бат­пақтан салады екен. Қазақы тіл­мен айтқанда, жаппа там. Тіпті әлгі жаппа тамдардың шатырлары да лай-батпақпен жабылған. Мұн­дай үйлердің кейбіреуінің ша­ты­рына, яғни, төбесіне жабайы шөп қаулап өсіп кеткен. Біз үшін сәл ебе­дейсіз­деу көрінген осы көріністі қасы­мыз­да отырған жергілікті ға­лым Сейіл­х­аннан сұрағанымызда мұ­ның себебін:
– Жергілікті шаруа үшін батпақ илеп, одан үй тұрғызу әлдеқайда ар­зан. Мұндай үйдің қолайлы жағы да жоқ емес. Мысалы, мұндай жап­па тамдар қыста өте жылы, ал ші­лің­гір шілденің күн күйдірген ап­та­бында өте салқын болады. Сон­дық­тан қазағы мен қытайы және басқа да ұлттары бар мұндағы тұрғын­дар­дың барлығы тұрғын үйді осылай салғанды жөн көреді. Өйткені шы­ғын аз, – деп мәселенің мәнісін тү­сін­дірді. Тағы бір байқағанымыз, Сан­жыдан шыққалы бері 390 ша­қы­рымнан астам жолды артқа тас­таған біз зеңгір көкте еркін ұшқан бір құсты, жерде жыбырлаған жән­дік­ті немесе сайын далада біздің ел­дегідей еркін жортқан бірде-бір аң­ды көре алмадық. Сондықтан «бәл­кім, бұл – осы елде ауыл шаруа­шылығы (бидай, жүгері т.б.) дақылдарына себілген алуан түрлі химиялық тыңайтқыштардың ке­сі­рінен емес пе екен?» деген ой көңі­лі­мізге қылаң бергені, шындық.
Жол бастаушымыз Сейіл­хан­ның айтуынша, көктем келсе бол­ды, масатыдай құлпыратын Жан­бұлақ аймағы бұдан сан ғасырлар бұрын бір бай қазақтың жеке­мен­ші­гі болған екен. ХІХ-ХХ ғасыр­лар­дан күні кешеге дейін дәл осы шат­қалда отар-отар қой мен үйір-үйір жылқы, сондай-ақ табын-та­бын сиыр бағылған көрінеді. Сөй­тіп, кейінірек бұл аймақ қарапайым шаруалардың, атап айтқанда, қа­зақ­тардың жаз жайлауы, қыс қыс­тауы болған. Алайда Қытайға жаңа үкі­мет келіп, көшпелі малшылар қауымын отырықтандыру саясаты қолға алынғанда бұл жердегі мал­шы­лар өзге жерге көшіріліп, бір ор­талықтан басқаруға ұжымдас­ты­ры­лыпты. Содан жергілікті үкімет Жан­бұлақ шатқалының бүкіл қой­науы мен тау-төбелеріне дейін ас­тық егіп, бұл маңды диқаншылық ай­мағы етіп қайта құрыпты. Біз бар­ғанда жергілікті диқандар ас­тық­ты орып бітіп, жерді өңдеу шара­ларына кіріскен екен.
Енді аз-кем өткен тарихқа үңіл­сек. Жібек ауылдық құрылтайының басшысы Қабылғазы Ұлықпанның пікірінше, бұдан біраз жылдар бұ­рын дәл осы шатқалдың қойнауы­нан суы керемет мөлдір бұлақ қы­сы-жазы ағып жатқан екен. Ай­мақ­ты мекендеген малшылар қауымын айтпағанның өзінде, әрлі-берлі өт­кен жолаушылар да суы бал әлгі бұ­лақтан шөлін басатын болған. Алайда жергілікті басшылық мал­шыларды шатқалдан төменге кө­шірген күннің ертесінде бұлақтың суы екіге айырылып, бір бөлігі тауға қарай, енді бір бөлегі төмен қарай құл­дырай аққан екен. Бұлақтың мұн­дай мінезіне қайран қалған басшылар «о, мына бұлақтың жаны бар екен, біз оның жанды жеріне ти­ген екенбіз» деп не істерін біл­мей талай жыл бас қатырыпты. Жер­­гілікті қазақтар болса, сол күн­нен бастап бұл бұлақты – Жанбұлақ атап кетіпті. Бүгінде екі айырылып ағып жатқан Жанбұлақ өзенінің маңы жыл сайын миллиардтаған тон­на алтын астық жиналатын бере­келі шаруашылыққа ғана емес, жер­гілікті халықты былай қойғанда, шет­елдік саяхатшылар жиі келетін халықаралық табиғи туризм ор­та­лығына айналыпты. Жанбұлақ шат­қалының тамаша табиғатын ес­керген Қытай үкіметі бұл аймақты әлем­дік туризм орталығына айналдырып қана қоймай, 2004 жы­лы арнайы қаулы қабылдап, осы маң­нан Шыңжаң – Шонжы крем­ни­ленген ағаш-динозавр мем­ле­кет­тік геобауын құрыпты.
Жергілікті ғалым-биологтардың пі­кірінше, тасқа айналған ағаштар­дың мұндай бау-бағы қазіргі күні Азияның ешбір елінде жоқ көрінеді. Ғылыми тілде мұндай ағаштарды «крем­ниленген ағаш» деп атайды екен. Бір кереметтігі, сонау мезозой дәуі­рінде бүкіл жер бетіндегі тірші­лік атаулының ірісі әрі ең озбыры динозаврлардың тасқа айналған қаңқаларын да дәл осы аймақтан кез­дестіре аласыз. Жергілікті ға­лым­дардың пікірінше, шамамен осы­дан сан миллион жыл бұрын қазіргі Жоңғар ойпатының орнын-да ішкі құрлықтық айдын-шалқар көл болған екен. Ол дәуірде көл ішін­де, көл жағалауларында бітік өс­кен бал­дыр тектестер мен атқұлақ тұ­қым­дас өсімдіктер шексіз де шетсіз ну орманмен таласа өскен кө­рінеді. Бұған қоса, динозаврлар осынау ну ор­ман мен көл жағасында емін-еркін өмір кешкен. Бүгін біз куә бо­лып отырған мынау көрініс, сол бір тарихтың қас-қағым сәті ға­на.
Бір айта кетерлігі, Шыңжаңның Шо­нжы ауданындағы кремнилен­ген, яғни, тасқа айналған ағаштар қо­ры жағынан тек АҚШ-тың Ари­зона штатының «Тас ағаштар орма­ны­нан» кейін әлемде екінші орын ала­ды. Мұнда әлемде өте сирек ұшы­расатын гинко, қызыл шырша тә­різді ағаштардың діңі мен тамы­рын кездестіруге де болады. Бір таң­данарлығы, мұндағы кейбір ағаш­тың қабығындағы жыл бедері де анық сақталған. Бұл – кремни­лен­ген ағаштардың түрі мен химия­лық құрамының өзге ағаштарға ұқса­майтын, тек өзіне ғана тән ерек­шелігі екен.

P.S.

1987 жылы Қытай мен Канаданың бірлескен динозавр барлау жасағы Жанбұлақ шатқалы аумағынан ұзындығы 30 метр, биіктігі 10 метрге жедеғабыл динозавр қаңқасын қазып алды. Мамандар оның тірі салмағы 60 тонна болған деп болжады. Бұл – Азиядағы ең үлкен динозавр.
Сондай-ақ ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Шыңжаңның Шонжы ауданы аумағындағы динозавр аңғарында мойын, омыртқа сүйегінің ұзындығы 1 метр 60 сантиметр, биіктігі 1 метр 20 сантиметр болған. Ең ұзын қабырғасы 3 метр 50 сантиметр. Ғалымдардың болжамынша, ол 140 миллион жыл бұрын тіршілік еткен. Ғалымдар пікірінше, бұл динозаврдың тірі кезіндегі дене тұрқы 34 метр, биіктігі 10 метр болса керек. Оған ресми түрде «Қарамайлы динозавр» деген ат берілгені. Бір таңданарлығы, Қытайдың ШҰАР аумағындағы Шонжы, Жемсары, Фукаң, Құттыби сияқты жерлерден тасқа айналған динозавр қаңқалары, динозавр жұмыртқасының қабығы мен бөлшектері әлі күнге табылуда.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ,
Алматы–Үрімжі–Читай–Алматы

Бөлісу:

Пікір жазу


*