Ұстамды пікірді ұстансақ…

173
0
Бөлісу:

Атамыздың дұғасымен, баба­мыз­дың күшімен сақталған жерді тәуелсіздік ал­май жатып, Елбасымыз егемендік тұсында «Кеңес­тік тұста белгіленген шекараның бәрі­не өзіміз иеміз» деп бекітіп алғанын, шека­ра­мызды бар көршілермен бейбіт шегендеп ал­ғанымыз да – жерге деген алабөтен махаб­ба­­тымыздан. Қазақ өз жерінде ғана береке та­батыны – айнымас қағида.

Қорытып айтсақ, қазір 26-баптың жаңа ре­дакциясына байланысты қа­лып­тасқан үш пікір­ді байқауға болады. Бірін­шісі – бұл бапты баз-баяғы «азамат» күйінде қалдырамыз деу­шілер (халық маңайы) болса, екіншісі – жаңа өзгерістен жерге қауіп жоқ әрі шетелдіктер мүлкінің заң жү­зінде қорғалуына кепілдік береміз де­ген­дер (өкімет маңайы). Үшіншісі – осы бапқа «Жер бұл меншіктердің ешбір түрін­­де жатпайды» деген қосымша қосу ке­рек дегендер (әсіресе, «Ақ жол» партия­сы).
Енді шындық осы үшеуінің ортасында. Жал­­пы, жұртшылықтың көңілі толатын ше­­шім­ді табуға даналығымыз да, сабы­ры­мыз да же­теді. Менің алаңдарым – әр адам­ның пікірі бір арнаға тоғысып үлгере алмай жатып, осын­дай қайшылығы мол мәселеде бір-бірі­мізге тікенді тілімізді, тотияйнды сөзімізді жұм­сап, арамызды ашып жатырмыз. Біздің заң­намаларда «өзгеше ойлаушылар» (ина­ко­мыслящие) туралы бап жоқ, оларға қолданар жаза да қарастырылмаған. Біреудің ойы дұ­рыс, жеткізуі қате, келесінің ниеті күшті бол­ған­мен, формасы сіз ойлағаннан әлсіз болуы мүмкін. Айтайын дегенім, сол Конс­­ти­туция рұқсат берген сөз бен пікір бос­тан­ды­ғы аясында бір-біріміздің пікі­рі­мізді сый­лап, әркім керегін алып, ке­рек­сізін тастауды үйренсек нетті.
Есіме түсіп кеткені, қазақ осы «антұр­ған» де­ген ауыр қарғыстан неге қорыққан дерсіз… Жер дауы ғой баяғы. Дау кезінде дауласушы екі тарап та куәлар әкелген. Мысалы, жерге дау­ласса, ата-бабасының зираты ма, қазылған құ­дық па, егілген ағаш па, әйтеуір меншігіне жа­татынын білдіретін белгілерді ұсынған. Ең қы­зығы, дауласушы екі жақтың куәлары мен ай­ғақтары тең болып, дау тұйыққа тірелген жағ­дайда, билердің ұсынысымен «ант ішу» рәсімі орындалған. Сөзінің расты­ғына «ант іш­кен» жақтың талабын орын­датқызған, қыс­қасы. Жер дауы кезінде жал­ған ант ішіп, өті­рік сөйлеуге қай та­рап­тың болмасын, ары жі­бермеген. Се­бебі, кейін әшкере болса, сүйекке таңба бо­лардай «антұрған» деген аттан намыс­танған. Біздің арғы қазақ осын­дай сертке берік, сөзге тоқтайтын ұлттан еді. Ол за­манның бір-бірін тежеуші институттары мүлтіксіз жұмыс істеуші еді.
Бүгін ше? Біз кімге сенеміз? Билік пен бұ­қараның арасын қандай сөзбен, қандай мәмілемен реттеп отырмыз? Біз үлгі тұта­тын өркениетті елдердің бәрі осы тақы­леттес түйт­кілді даудың түйінін шешумен саяси мәде­ниеті ысылған. Проблемасын шешіп үйренген халықтың пәтуасына қар­сы пәтуа жүрмейді. Тілге тиек қы­лайын, мынау Германияда кино туралы заңды әр бес жыл сайын қайта қарас­тыра­ды екен, соның екі жылын тек қо­ғамдық дискуссияға арнайтын көрінеді. Әлгі қо­ғам­дық пікірталқыға қоғамның қырық қатпа­рын­дағы халықтың бәрі, тіпті шіркеу қызмет­кер­лері де араласады. Жеті рет өлшеп, бір кес­кен заңнан соң немістің өркениеті алға баспай, кімдікі бассын? Өткенде Англия са­парымызда – ВВС телеарнасындағы тренинг­тер кезінде де көп айтылды, мысалы, әлдебір көпір, не ғи­маратты салу үдерісінен гөрі, оны жоба­лау-жоспарлау мерзімі ұзаққа созылады екен. Айтайын дегенім, бұл халық болып тал­қылаған мәселенің басы да, соңы да емес. Сон­дықтан алып сахарада біріміздің ізімізді бірі­міз басып кетуі мүмкіндей аз бо­ла тұра, өза­ра жау тұтысқанымыз жақ­сы белгі емес.

Мұхамеджан ТАЗАБЕК,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры

Бөлісу:

Пікір жазу


*