Жұрт жадында жаңғыра ма?

458
0
Бөлісу:

Қазақстандық телесериалдар арасында алғашқы қарлығаш – Халық қаһарманы, көрнекті жазушы, әйгілі партизан Қасым Қайсенов туралы фильм. Фильмнің түсіру жұмыстары Украинада өтті. Қасымның образын Қуандық Қыстақбаев ойнағаны белгілі. Бұл сериалға актер еш сынақсыз қабылданған екен. Актер ол жөнінде: «Бірде маған Киевтен қоңырау шалды. Олар киноға түсу үшін қазақ актері қажет екенін айтты. Күтпеген ұсыныс болды. Суретімді, түскен фильмдерімнің бейнежазбасын, өзім туралы мәліметтерді қоса жібердім. Үш-төрт күннен кейін «Сіз өттіңіз, енді сізге киноның сценарийін жібереміз» деген хабар келді. Сценарийді қарасам, қазақтың мақтанышы, даңқты партизан Қасым Қайсенов туралы кино түсіргелі жатыр екен. Менің бағыма қазақтың Қасымдай қайсар ұлының бейнесін ойнау бақыты бұйырды» деген екен. «Қасым» сериалын түсірген режиссер – Леонид Белозорович. Украиндық режиссердің әскер тақырыбын қозғаған тұңғыш туындысы. Басты кейіпкердің рөліне актерді таңдау режиссерге оңай болмаған сыңайлы. Алайда Қуандық Қыстақбаевты көргенде, Қасымның кескінін бірден аңғарғанын жасырмайды. «Қасымды бала күнімнен, яғни интернатта жүргеннен жақсы білемін. Әрі менің сыныптас досым қазақ болатын. Қасым Қайсеновтің ерліктерін көп әңгімелеп беретін еді. Сондықтан «Қасым» фильмін түсіресің бе?» деген продюсер ұсынысына бірден келістім» дейді режиссер. 4 бөлімнен тұратын туындыны Украина, Ресей мен Қазақстан бірлесіп түсірді. Нақтырақ айтқанда, «Қазақстан», «Бірінші-Еуразия» және «КТК» арнасының ресейлік INTRA Communication компаниясымен бірлескен жобасы.

Даңқты Бауыржан Момышұлы туралы түсірілген телесериалдың ре­жиссері – Ақан Сатаев. Жобаны ұсын­ған «Хабар» арнасы. «Бауыр­жан Момышұлы» сериалының ал­ғашқы түсірілімі Алматы об­лы­сы­ның Талғар қаласында өтті. Се­риалдың оқиғасы 1941 жылдың шіл­десінен басталады. Аға лей­те­нант Бауыржан Момышұлы әс­ке­ри комиссариатта қызмет етіп, әс­керге сұранып жүреді. Осы кезде Ал­матыға дивизия жасақтау мақ­са­тымен генерал-майор Панфилов ке­леді. Бауыржанмен танысқаннан кейін, Панфилов оны бір ба­та­льон­ға командир етіп тағайын­дай­ды. Сөйтіп, болашақ қаһарман жау шебіне аттанады.
Сериал түсіріліп біткеннен кейін «Хабар» арнасынан көр­се­тілді. Фильмге көрерменнің берген бағасы да жаман емес. Басты кейіпкердің рөлін белгілі актер Ер­кебұлан Дайыров сомдады. Се­риал­дан кейін белгілі жазушы, ба­тыр Бауыржан Момышұлының ке­ліні Зейнеп Ахметова: «Фильм өте ұнады. Ерекше ұнағаны – осы кез­ге дейін көп айтылмаған ана­мыз­дың образының толық көрінуі. Ата секілді адамға жар болу екінің бірінің қолынан келмейтін шығар. Ата соғыстан кейін үйіне ай сайын ақша салып тұрып, жылына бір рет ке­ліп, 14 жылдан соң ғана отбасына орал­ған. 14 жыл бойы шаңырағын шай­қалтпай ұстап отырған темір­дей төзімді жары нағыз қазақ әйе­ліне тән парасаттылық, кемең­гер­лік көрсетілген» деп баға берген екен.


Продюсер Баян Есентаеваның же­текшілігімен өмірге келген се­риал­дың бірі – «Күләш». «Күләш­тің» өмірге келуіне «Хабар» арнасы тікелей жетекшілік етті. Бес се­рия­дан тұратын фильм қазақтың та­лантты қызы, аты аңызға айналған қа­зақ опера әншісі Күләш Бай­сейі­тованың өмір жолына арналды. Сце­нарийдің авторы – Тимур Жақ­сылықов. Сериалдың түсірілім жұ­мыстары Орал қаласында жүр­гізіл­ді. Күләштің рөлінде Әйгерім Уал­жанова ойнады. Сериалда әншінің үлкен жетістіктерге жету тарихы, өмір жолында кездескен қиындықтар, болашақ жары Қа­на­бек Байсейітовпен таныстығы баян­далады.
Сериалдың продюсері Баян Есен­таева: «Күләш» жөнінде: «Күләш Байсейітова – тірі кезінде-ақ «қазақтың бұлбұлы» атанған әнші. Біздің өскелең ұрпақ оның қан­дай аңыз тұлға болғанын ұмы­тып бара жатқандықтан, мұндай жо­балар ауадай қажет деп ойлай­мын. Біздің ұжымның мойнында өте ауыр жауапкершілік болды», – дейді.
Қазақтың аяулы перзенттерінің бірі, қазақ өнерінің шыңына ай­нал­ған тұлға Нұрғиса Тілендиев ту­ралы «Құстар әні» сериалы жа­рық­қа шықты. Фильмнің режис­сері – Рашид Сүлейменов. Сериал­дың оқиға желісі атақты «Отырар са­зы» оркестрінің құрылған сәті­нен басталады.
Режиссер Нұрғиса Тілендиев ту­ралы фильм түсірілмес бұрын оны­мен етене араласқан, ол туралы жақ­сы білетін азаматтармен кез­де­сіп, естеліктерін тыңдаған. Нұр­ғи­са образын толықтай меңгеру үшін бұл режиссерге қажет-ақ дүние.
«Көрермен кемеңгер музы­кант­ты бұл фильмде әр қырынан та­нитын болды. Нұрғиса Тілендиев ал­дына қойған мақсаттарына жете біл­ген, қатал мінезді, қызуқанды, қам­көңіл әрі өте сезімтал жан бол­ған. Бұл фильмде Нұрғиса ата­мыз­дың өмірі, қызығы мен шыжығы мол тағдыры, қиындықтары, қуа­ныш­­тары шынайы баяндалады» дей­ді фильм авторлары.
Нұрғиса рөлінде Ергенбай Әбуов ойнады. Одан бөлек, Гүлназ Жо­ланова, Санжар Мәдиев, Ба­қыт­жан Әлпейісов, Михаил То­ка­рев, Сағызбай Қарабалин, Ма­хаб­бат Сарқытбаева, Яна Бобрыка сияқ­ты артистер де сериалға түсті. Бас­ты кейіпкерді ойнаған Ерген­бай Әбуов ол кісімен етене таныс бол­ған.
«Ол кісіні жас кезімнен көп көр­­дім. Концерттеріне жиі бар­дым. Ұстазым Қазақстанның ха­лық артисі, профессор Асқар Тоқ­па­нов мені бір рет ертіп апарды. Ол кісі музыканы басқаша тыңдайды, бас­қаша сезінеді, мүлде басқа се­зім­де көретін адам екен» дейді Ер­генбай Әбуов кейіпкері туралы ағы­нан жарылып. «Құстар әні» фи­льмі 5 сериядан тұрады. Әр се­риясы 52 минут беріледі.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы өт­кен жылдың ақпан айында «Жам­был» атты төрт сериялы фи­льм­нің тұсауын кесті. Басты рөлде – Бай­ғали Есенәлиев. Режиссері – Әнуар Райбаев. Сценарийін Бақытжан Шормақов жазған. Фильмнің кейбір тұс­тары қарын аштырады. Жамбыл Ал­матыдан Мәскеуге шыққан са­парында қолына қойшының тая­ғын ұстатып қоятын тұсы бар. Жам­был атамыздың өз таяғы м­у­зейін­де сақтаулы тұр. Тым құры­ған­да, ақынның өз таяғын алуға бол­мады ма екен. Одан кейін көңіл­ге қонбаған тағы бір тұсы – Ми­рзоянның кабинетіндегі кез­десу. Мирзоянның артқы жағында тұрған Қазақ-совет энцикло­пе­дия­сы бірден көзге шалынады. 70- жыл­дары шыққан энциклопедия он­да неғып тұр? Тағы бір тосын жайт – Жамбыл атамыздың қайтыс болғанын жас баланың естіртуі. Та­рихи шындық осылай ма еді? Ре­жиссердің кемшілігі, әлде сце­нарий авторы білместік танытты ма, әйтеуір фильмде мұндай сәтсіз кадрлер жетерлік.


«Бауыржан Момышұлы», «Кү­ләш», «Құстар әні», «Ән аға» фи­льм­дерінің барлығы дерлік «Хабар» арнасының төл өнімі. «Қасым» фильмі – «Қазақстан», «КТК», «Еу­разия-Қазақстан» арналары­ның бірлескен жобасы. «Жамбыл» да «Қазақстан» ұлттық арнасына тие­сілі. Бұл жобалардың бәрі де қа­заққа керек. Ұлттың аяулы пер­зент­тері. Өнер мен мәдениетке ең­бегі сіңген ардақты тұлғалар. Қа­зақтың қайраткер ұлдары мен қыз­дары. Жас ұрпақ Қасым Қай­се­нов пен Бауыржан Момышұлын­дай батыр, отаншыл, патриот бо­лып қалыптасу үшін де мұндай се­риалдар ауадай қажет. Батыр аза­маттардың рухын бойға сіңіру үшін де қажет. Бірақ көрерменнің сол фильмдерге көңілі толды ма?
Қуандық Қыстақбаевтың об­ра­зын­да Қасым бейнесінің шынайы ны­шаны байқалады. Халқы­мыз­дың қайталанбас біртуар перзенті Қа­сым Қайсеновтің бейнесімен қауыш­тырып, майдандағы ерлігін көп­шіліктің көз алдына келтірген­дік­тен, фильм көрерменнің көңі­лі­нен шыққан секілді.
Батыр Бауыржанның бей­не­сін­де көрінген Еркебұлан Дайы­ров­тың образына көңілтол­мау­-шы­лық байқалады. Басты кейіп­кердің рөліне ақын Бақыт Бедел­ханның об­разы көбірек келетін сияқты де­ген пікірлер де жиі ай­тылды. Бәл­кім, Еркебұлан-Бауыр­жан бейнесі көп есте қалмағаны да сондықтан бо­лар.
Күләш бейнесіндегі Әйгерім Уал­жанованы сыртқы келбетіне бо­ла рөлге таңдаған сияқты. «Кү­ләш» фильмі де сәтті туынды деп айтуға келмейді. Оқиғаның дені екі бөлменің ішінде өтеді.
«Хабар» арнасы түсірген тағы бір фильм – «Құстар әні». Нұрғиса Ті­лендиевтің өмірінен сыр шер­те­тін көркем дүние. Нұрғиса – аңыз адам. Аңыз адам туралы фильм т­ү­сіруде режиссерге қай жағынан да салмақты қарамаса болмайды. Нұрғисаның образын шығару – кез келгеннің қолынан келетін дү­ние емес. Телеарналардың тұлға ту­ралы жобаларды қолға алғаны дұ­рыс-ақ делік. Бірақ жалпы жұрт­тың көңіл көзайымы болған, жыл­дар өтсе де жадымызда жаңғырып тұратын Төлегеннің, Бекежанның, Қасымхан Чадияровтың обра­зын­дай кесек, сом тұлғалар неге жоқ? Қа­сым десе, Қуандық Қыстақбаев көз алдымызға келгенімен, Бауыр­жан Момышұлының бейнесін Ер­кебұлан Дайыровтың образында елес­тете аламыз ба? Әй, қайдам?!
«Россия» арнасы осыдан үш-төрт жыл бұрын Валентина Тол­кунова­ның өмір жолы туралы «Она не могла иначе» атты қойылымды түсірген. Актерлер де, сценарий де ерекшелігімен көпшіліктің есінде қалды.
Соңғы жылдары түсірілген тұл­ға­ларымыз туралы сериалдың қай­сысы есте қалғаны туралы зерттеу жүр­гізгенімізде, көпшілік «Қасым­ды» көбірек атағаны рас. Сериал­да­ғы Күләш те, Бауыржан да, Нұр­ғиса да есте қалмапты.
Біздің сериалдардың кемшілігі осы: сағым секілді жылт етеді де, жоқ болады. Уақытша ғана таң­да­ныс, уақытша ғана серпіліс ту­дыруы мүмкін. Одан кейін «Бауыр­жанды», «Құстар әнін», «Күләшті» із­деген жан көрмедік.
Фильм өміршең болуы үшін не қа­жет? Ең алдымен, кәсібилік. Екін­шіден, шынайылық. Үшін­ші­ден, дәлдік. Төртіншіден, шебер­лік. Төртеуі үйлесім тапқан кезде ғана жоба сәтті аяқталады. Режис­сер мықты болғанымен, актер өз деңгейінде алып шыға алмаса, ең­бектің еш кеткені. Сыртқы кел­бет пен ішкі болмыс үйлеспейінше, образ көп есте сақтала қоймайды. Келешек ұрпақ үшін қажетті жоба бол­ғандықтан, режиссерлер де, үй­лестірушілер де осыны ескергені дұрыс. Құр атқа малданып, ұпай жи­наймыз десек, қателесеміз. Қа­сым Қайсенов те, Бауыржан Мо­мышұлы да, Нұрғиса Тілендиев те, Күләш Байсейітова да тегін адам­дар емес. Көрермен адаспау үшін тұл­ға туралы сериал түсіргенде, оның өміршеңдігін, ғұмырлы болуын мақсат тұтқанымыз жөн.
Ардақты тұлғаларымыз туралы еш­қандай көркем туынды болма­ға­нынан, осындай телесериал­дар­ды түсіру арқылы қазақтың мық­ты­лары жөнінде белгілі бір деректі қал­дыру маңызды көрінетіні анық. Әйтсе де жылдар өтеді, заман өз­гере­ді, кейінгі толқын сол кезде бұл фильмдерді қалай бағалайды? Қы­зыға көре ме? Ынтығып жүре ме? Еліктеуге, ұқсап бағуға ұмтыла ма?
Өзекті де өткір мәселе.
Сондықтан сериалдар өтпелі мер­зім үшін емес, өшпес бейне үшін түсірілсе, нұр үстіне нұр бо­лар еді-ау!..

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*