Саппороға сапар шектік

238
0
Бөлісу:

Жақында ғана Алматыда Дүниежүзілік Универсиаданың алауы сөнді. Алайда сары құрлық спортшыларының дамылдауға уақыттары жоқ. Себебі, оларды тағы бір дүбірлі дода күтіп тұр.
Ол – 19-26 ақпан аралығында Жапонияның Саппоро қаласында жалауы желбірейтін VII қысқы Азия ойындары. Жексенбіде басталатын бұл жарысты миллиондаған жанкүйерлердің тағатсыздана күтіп отырғаны даусыз.

Қысқы Азия ойындарының тарихы тереңде деп айта алмаймыз. Бұл жарыстың тұсауы осыдан 31 жыл бұрын кесілген болатын. 1986 жылдың 1-8 наурыз аралығында Саппорода өткен айтулы дода небары 7 мемлекеттен келген 430 өреннің басын қосты. Олар – Үндістан, Гонконг, Қытай, Жапония, Солтүстік Корея, Моңғолия және Оңтүстік Корея. Бәсекелер барысында 7 спорт түрі бойынша 35 жүлде жиынтығын сарапқа салынды. Нәтижесінде, жарыс қожайындары қарсылас шыдатпай, жалпы командалық есепте көш бастады. Күншығыс елінің өкілдері 29 алтын, 23 күміс және 6 қоланы қоржынға салса, екінші және үшінші орындарға Қытай (4 алтын+5күміс+12 қола) мен Оңтүстік Корея (1+5+12) құрамалары жайғасты.
1990 жылы қысқы Азиаданың алауы қайта Саппорода тұтанды. Жоғарыда аталған қатысушы командалар қатарына бұл жолы Иран, Тайпей және Филиппин қосылды. Бірақ бақ сынауға бел буған мемлекеттер қатары көбейгенімен, спортшыларды саны біраз кемігенін айта кетуге тиіспіз. Екінші ойындарда бар-жоғы 310 үміткер жарыс жолына шықты. Жалпы есепте Жапония көш бастағанымен, олардың үстемдігі алғашқы жарыстағыдай басым болған жоқ. Осы додада жапондар 18 алтын, 16 күміс және 13 қоланы олжалады. Екінші және үшінші орын­дар­дағы Қытай (9+9+8 қола) мен Оңтүстік Кореяның (6+7+8) қар­қыны жаман болған жоқ.
1996 жылғы Азия ойын­дары­ның алауы Қытайдың Харбин қаласында тұтанды. Осы жарыста Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен бірге, Қазақстан құрамасы да тұңғыш рет бой көрсетті. Барлығы – 17 мемлекет және 453 спортшы. Бұл жолғы бәсекелестік Қытай мен Қазақстан спортшылары арасында өрбіді. Ымырасыз бәсекелестік орын алған тұста бізден бір ғана алтыны артық жарыс қожайындарының (15+7+15) бағы жанды. Екінші орында – Қазақстан. Отандастарымыз 14 алтын, 9 күміс және 7 қола медальді олжалады. Сол кезге дейін алдына жан салмай келген Жапония (8+14+10) бұл жолы үшінші орында қалып қойды. Сондай-ақ жеңіс тұғырына көтерілгендер арасында Оңтүстік Корея (8+10+8) мен Өзбекстанның да (0+1+1) спортшылары бар.
1999 жылғы жарысты Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласы қабылдады. 14 мемлекеттен келген 800-ге тарта спортшылардың қатысуымен өткен байрақты бәсекеде Қытай (15+10+11) қарсылас шыдатпады. Екінші және үшінші орындарды Оңтүстік Корея (11+10+14) мен Қазақстан (10+8+7) иеленді. Одан кейінгі сатыларға Жапония (6+14+9) мен Өзбекстан (1+1+1) жайғасты.
2003 жылы Жапонияның Аомори қаласында өткен қысқы ойындарда Азияның үш алпауыты Қазақстанды (7+7+6) төртінші орынға ығыстырып тастады. Көш басында – Жапония (27+23+23). Екінші және үшінші сатыларда – Оңтүстік Корея (10+8+10) мен Қытай (9+11+13).
2007 жылғы жарыстың жалауы Қытайдың Чанчун қаласында желбіреді. Аспанасты елінде 25 елден жиналған 796 өрен бақ сынады. Бұл жолы да Қазақстан үздік үштіктің қатарына қосыла алмады. Түрлі түсті медальдардың әрқайсысынан алты-алтыдан иеленген жерлестеріміз төртінші орынды қанағат тұтты. Ал алдыңғы лекте тағы сол үш алпауыт – Қытай (19+19+23), Жапония (13+9+14) және Оңтүстік Корея (9+13+11).
2011 жылы сары құрлықтың сайыпқырандары Қазақстанды бетке алды. 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастырылған дүбірлі додада 26 мемлекеттен келген 1134 үміткер өнер көрсетті. Олар – Ауғанстан, БАӘ, Бахрейн, Гонконг, Иордания, Иран, Жапония, Қазақстан, Катар, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Ливан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Палестина, Сингапур, Солтүстік Корея, Таиланд, Тайпей, Тәжікстан, Филиппин және Үндістан. Осы жарыс барысында 11 спорт түрі бойынша 69 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.
Ашылу салтанаты 30 мың көрерменге есептелген Астана арена стадионында аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жабылу рәсімі Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Бұл шараның екеуіне де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, көпшілікке құттықтау сөздерін арнады.
Бір кереметі, қысқы Азия ойындары қарсаңында Қазақстанның ең ірі қос қаласында заман талабына сай керемет спорттық нысандар салынып, ескілері күрделі жөндеулерден өтті. Олар осы күндері Астана мен Алматының шырайын келтіріп, көркіне көрік қосуда. Астанадағы «Алауда», «Қазақстанда», «Сарыарқада» – конькиден, шайбалы хоккейден (ерлер), шорт-трек пен мәнерлеп сырғанаудан және Алматыдағы «Медеуде», «Шымбұлақта», «Сұңқарда», «Алатауда», «Табағанда», Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында – шайбалы хоккейден (әйелдер), допты хоккейден, шаңғымен трамплиннен секіруден, тау шаңғысынан, биатлоннан, шаңғыдан, шаңғымен бағдарлаудан, фристайлдан бәсекелер ұйымдастырылды.
Шіркін-ай, жерлестеріміздің сол жарыстағы жанқиярлығы мен жанкештілігі осы күнге дейін көз алдымызда. Қазақстанның спортшылары өздерінің шынайы әлеуетін байқатып, қарсыластарының барлығынан қара үзіп кетті. Жалпы есепте көш бастаған өрендеріміз 70 жүлдені қоржынға салды. Бір апта уақыт аралығында біздің өрендер 32 алтын, 21 күміс және 17 қоланы қанжығаларына байлады. Өзгелерді айтпағанда, тіпті екінші және үшінші тұғырға жайғасқан Жапония (13+24+17) мен Оңтүстік Корея (12+13+12) құрамалары отандастарымыздан көп қалып қойды. Төртінші сатыда – Қытай (11+10+14). Сондай-ақ осы додада Моңғолия (0+1+4) мен Иран (0+1+2), Қырғызстан мен Солтүстік Кореяның (0+0+1) сайыпқырандарына жүлде алу бақыты бұйырды.
Осы орайда шаңғымен бағдарлау және допты хоккейшілер сайысы қысқы Азия ойындары бағдарламасына тұңғыш рет енгізілгенін және шаңғымен трамплиннен секіру жарысы Алматыда қайта жаңғырғанын айта кетуге тиіспіз. Сноуборд пен керлингтен бәсекелер, керісінше, өтпей қалды. Қалай болғанда да Алаш топырағына табан тіреген спорттық делегацияның мүшелері мен құрметті меймандардың барлығы да айтулы жарыстың аса жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын бірауыздан мойындады. Бір сөзбен айтсақ, Астана мен Алматыда өткен бұл шара әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның мерейін бір өсіріп тастады.
Араға 27 жыл салып қысқы Азия ойындарын қайта Жапонияның Саппоро қаласы қабылдағалы жатыр. 2011 жылдың 30 қаңтарында Қазақстанда өткен дүбірлі дода барысында Азияның Олимпиадалық кеңесі осындай шешім қабылдаған болатын. Бұл жарысқа Күншығыс елінің өкілдері жан-жақты даярланды. Ашылу салтанаты 19 ақпанда 50 мыңнан аса көрерменді сыйдыра алатын «Саппоро-доум» стадионында өтеді. Сары құрлықтан келген 30 аса мемлекеттің өрендері 11 спорт түрі бойынша 64 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Сонымен қатар Австралия мен Жаңа Зеландиядан да спортшылар келеді. Алайда бұл елден келгендердің көрсеткіштері есепке алынбайды.
Қазіргі кезде Қазақстанның спортшылары да Жапонияға аттанып кетті. Жерлестеріміздің көңіл күйлері көтеріңкі және олар «жан алысып, жан берісіп» айқасуға әзір. Біздің елден Саппороға барлығы 118 спортшы сапар шегеді. Осы жарыстың ашылу салтанатында қазақтың көк байрағын шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шығады.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*