ЕҢ МЫҚТЫ СҮҢГУІР ҚАЙЫҚТАР

647
0
Бөлісу:

АҚШ-тың әскери сарапшылары әлемдік мұхиттар мен теңіздерде болған қарулы қақтығыстар тарихындағы ең мықты деген бес сүңгуір қайықтарды атады. The National Interest басылымындағы үздік аталған субмариналардың қатарына немістердің және америкалық сүңгуір қайықтар кірді. КСРО және ресейлік субмариналарға ынталандыру номинациясы берілді. Американың The National Interest (NI) әскери-сараптама журналында жарияланған сарапшылардың пікірінше, XX ғасырда пайдаланылған сүңгуір қайықтардың ішіндегі бесеуі қазірге дейін сәтті жасалған жобалар қатарында тұр. Рейтингті жасау үшін сауалнама жүргізген басылым тілшілері мамандарға: «Қандай субмарина өз уақытында тиімділік жағынан және өзіндік құны бойынша үздік деп саналды және оның құрылымы қаншалықты инновациялық болды?» деген сұрақтарды қойған.

НЕМІС ЖЫРТҚЫШТАРЫ – АТЛАНТИКАДА

NI басылымы бірінші орынға І Дүниежүзілік соғыс кезіндегі германиялық U-31 субмаринасын қояды. Бұл қайықтар 1912-1913 жылдардан бастап Килдегі «Германия» кеме жасау зауытында жасалды. Алғашқысы 1914 жылы суға түсірілді, барлығы 11 дана еді, қызмет барысында сегізі су түбіне кетті. Солай бола тұра U-31 типтегі субмариналар жалпы салмағы 2 млн тоннаны құрайтын 856 жау кемесін теңіз түбіне батырған. Бұл сүңгуірлер су асты флоты туралы көзқарасты өзгертіп, кемелердің жолдарын жауып тастайтын сойқан қаруға айналды. U-31 типтегі субма­ри­налардың соққысынан Ұлы­британия Бірінші дүниежүзілік соғыстан шығып қала жаздады. Бұлардың ішіндегі даңқы шыққан үш субмарина бар – осы уақытқа дейін ең жақсы нәтижеге ие болған – Лотар фон Арно де ла Перьер басқарған U-35, Вальтер Форстманның U-39 және Макс Валентинердің U-38 су асты қайықтары. Ең мықтысы – жалпы салмағы жарты млн тоннадан асатын 224 сауда кемелерін су түбіне аттандырған U-35 сүңгуірі. Соғыстан кейін аман қалған U-31 типтегі қайық­тар одақтастардың қолына түсті.

ТЫНЫҚ МҰХИТЫНДАҒЫ АМЕРИКА СУ АСТЫ ФЛОТЫ

Өте сәтті жасалған субма­риналардың ішінде сарапшылар екінші орынға АҚШ-тың Balao типті сүңгуірлерін қойған. Бұл субмариналар 1942-1947 жылдары жасалған. АҚШ-тың әскери-теңіз флотында мұндай сүңгуірлердің 122-сі болды. Олар Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде Тынық мұ­хитында жапон империясына қарсы шайқасты. Ол кездерде жапон өндірістері Оңтүстік-шы­ғыс Азиядағы табиғи ресурс­тардың жеткізілуіне қатты мүдделі болды. Бұл материалдық шикі­заттардың жапон аралдарына баратын жолын кесіп тастау іс жүзінде Тынық мұхиттағы со­ғысты жеңу болып саналды. Соғыс кезінде асығыс жасалған, әлсіз торпедалармен қаруланған сүңгуір қайықтар іс жүзінде жапондардың бүкіл сауда флотын жойып жіберді. Balao типтегі субмариналар немістердің VII сериядағы сүңгуір қайықтарындай маневрлі болмағанымен, қам­титын радиусы кең, зеңбірек­терінің калибрлері үлкен, торпеда аппа­раттары көбірек және су үстіндегі де, су астындағы да жылдамдығы жоғары болды. Оның үстіне жапондардың су асты шабуыл­дарына қарсы тұратын күштері әлсіз еді. Balao-ның Тынық мұхи­тындағы ең ірі жеңісі – жапонның сыйымды­лығы 58 мың тонна «Синано» авиатасы­ғышын Archerfish сүңгуірінің батырып жібергені. Бұл соғыста Balao типтегі 122 қайық­тың 11-і ғана Тынық мұхи­тының түбінде қалды. Басқалары соғыстан кейін де ондаған жылдар бойы АҚШ флотында қызмет етті. Амери­каның Tusk сүңгуірін Тайвань қазірге дейін Hai Pao деген атпен пайдаланады.

ІІІ РЕЙХТЫҢ ЖОЙҚЫН СҮҢГУІР ҚАЙЫҚТАРЫ

Америкалық мамандар үшін­ші орынды германиялық XXI сериядағы сүңгуір қайықтарына берген. Бұл субмарина соғыстан кейінгі кеме жасау ісіне ықпал ет­кен өз заманындағы револю­ция­лық үлгідегі сүңгуір болды. 1943-1945 жылдар аралығында Гамбург, Бремен және Данцигтегі верфь­терден осы типтес 134 сүңгуір қайық суға түсірілді. Олардың 119-ын флотқа өткізіпті, қалған­дарын аяқтап үлгермеген. XXI субмариналар әлемде бірінші болып торпеда аппараттарын оқтайтын электромеханикалық жүйемен, су астында көрінбейтін нысаналарды ататын гидро­акус­тикалық кешенмен, күшейтілген аккумуляторлық батареялар­мен, сондай-ақ жау гидролокатор­ларының жұмысын қиындататын және су бетіне шығатын көпір­шіктерді ұстайтын каучук кор­пусымен жабдықталды. Бірінші рет су асты қайықтары бүкіл автономды жорықты су астында өткізетіндей болып жобаланды. XXI сериясындағы мұхиттық субмариналар су бетіндегі ке­мелерден жылдамдығын асыра алатын алғашқы сүңгуір қайықтар болып есептеледі. Бұлардың бұрынғы сүңгуір қайықтардан екі есе жылдамдықпен, су астында 17,5 узелге дейін жүзе алатын артықшылығы болды. Жау конвойына шабуыл жасағаннан кейін күзет кемелерінің ортасы­нан сытылып шығып кету үшін бұл жылдамдық жеткілікті еді. Соғыстан кейін аман қалған субмариналар одақтастардың қолына түсті. XXI сериялық суб­марина КСРО 613 жобадағы сүң­гуір қайығының негізі болды.

ВАШИНГТОННЫҢ АТОМДЫҚ КҮШІ

Эксперттер төртінші орынға «Джордж Вашингтон» типті субмаринаны қойыпты. Бұл – бортына баллистикалық раке­талар орнатылған субмариналар тарихындағы алғашқы атом сүңгуір қайығы. 1959-1961 жылдар аралығында АҚШ флотына осындай типтегі бес субмарина тапсырылды. Субмаринаның корпусына, рубканың артына 40 метрлік ракета отсегін қойып, оған 16 ракета ұшыратын шах­таларды орналастырды. Бүгінгі күнде кез келген құр­лықтағы ондаған қаланы қиратуға мүм­кіндігі бар баллистикалық ракеталар орнатылған субма­риналар ядролық қарудың ең кең таралған түрі болып табылады. Бұларды әлемдік мұхиттың түбінен тауып, олар ракетаны атып жібергенше көзін жою өте қиын шаруа. «1967 жылға дейін «Джордж Вашингтон» типтегі субмариналар осы кластағы жалғыз қару болды. Оның КСРО-лық қолайсыз әріптестері тек үш қана ракета алып жүре алатын және оларды ату үшін судың бетіне шығуы керек болды» деп жазады The National Interest.

ОПЕРАЦИЯЛАРҒА АРНАЛҒАН ГОЛЛИВУДТЫҚ СҮҢГУІРЛЕР

Бесінші орында америкалық көп мақсаттағы атом сүңгуірі «Лос-Анджелес» тұр. АҚШ флоты мұндай типтегі субмариналардың 62-ін алды. Оның ең біріншісі – 1976 жылдың 13 қарашасында пайдалануға берілді. Қазіргі кезде «Лос-Анджелес» типіндегі 41 сүңгуір қайық әлемде жүзiп жүр. Олар қазірге дейін АҚШ
су асты флотының негізін қалайды. Голливудтық актер Шон Конерри ойнайтын «Қызыл Октябрьдің ізімен» фильмінде осы субмарина көрсетіледі. Көп мақсатқа пайдаланылатын бұл субмаринаның атқаратын қызметтеріне – жаудың сүңгуір қайықтары және су бетіндегі кемелерге қарсы соққы беру, миналар қою, іздеу-құтқару операциялары, барлау және арнайы операциялар, арнайы бөлімдерді жасырын жеткізу болып табылады. 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғыста бірінші рет «Лос-Анджелес» кла­сындағы екі қайықтан «Томагавк» ракеталары жіберілді. Бұл қайықтардың ең соңғысы 2020 жылы қызметін тоқтатуы керек, жағдайға қарай ұзартылуы да мүмкін. Көп мақсаттағы «Лос-Анджелес» атом сүңгуірі елу жылдай АҚШ флотының негізін құрады.

КСРО ҮШІН ЫНТАЛАНДЫРУ СЫЙЛЫҒЫ

Алдыңғы бес орында анық­таған америкалық сарапшылар ынталандыру орындарына ке­ңестік үш субмаринаны, екі аме­рикалық, екі британдық, бір жапондық және бір германия­­-лық сүңгуір қайықтарды қо­йыпты. Бұлардың ішіндегі бірінші тұрған 941 жобадағы стратегиялық мақсаттағы ауыр ракеталық суасты крейсері – «Акула». Бұлар – әлемдегі ең үлкен сүңгуір қайықтар. Кеңестік 705, 705К жобасындағы титан корпусты жылдам жүретін шағын «Лира» атом сүңгуірлері де америкалық мамандардың назарынан тыс қалмапты. Бұл су асты кемелеріне жылдамдық және маневрлік жағынан ешқайсысы жетпейді, олар жаудың сүңгуір қайықтарын жоюға арналған. Үшінші орынға 636 жобадағы қазіргі ресейдің дизель-электрлік «Варшавянка» субмаринасы шықты.
Ынталандыру сыйлығына лайық деп табылғандардың ішінде америкалық ракета та­сығышы 1981-1997 жылдары жа­салған «Огайо» бар. 2002 жылдан бері АҚШ әскери-теңіз фло­тындағы жалғыз ракета тасушы осы ғана. Әрбір субмаринада «Трайдент» жүйесіндегі жекелеген нысанаға бөлініп бағытталатын оқтұмсықтары бар 24 құр­лықаралық баллистикалық ракета орналасқан. Тізімнің соңына ала I-201 типтегі жапондық сүңгуір қайық тұр. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыста «Сен Така» деген атпен әйгілі болған дизель-электрлік жылдам жүзетін сүңгуір. Одан кейінгі орында немістің VII типтегі ең көп шығарылған суб­маринасы тұр. Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде тапсырыс берілген 1050 сүңгуір қайықтың 703-і соғыстың бел ортасында жүрген.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз