ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?

174
0
Бөлісу:

Алматыда UStudy компаниясы жаңа форматтағы ҰБТ-ның ерекшеліктері мен оған дайындық жайын таныстырды. Естеріңізге сала кетсек, ҚР Білім және ғылым министрлігі өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі кезеңде өтетіндігін мәлімдеген болатын. Бұл – қорытынды аттестаттау (мемлекеттік бітіру емтиханы) мен ҰБТ (жоғары оқу орындарына түсу емтиханы). ҰБТ жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қалады.
Биылдан бастап ҰБТ фор­ма­ты бойынша 120 сұрақ (20+20+20+30+30=120 тапсырма) 5 пән бойынша, оның 3-і міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2-і бейіні бойынша қарастырылған.
UStudy компаниясы бас дирек­торының орынбасары Алжанбек Болысбекұлы жаңа форматтағы ҰБТ-ға дайындықта компания оқу­шы үшін ең тиімді стратегияны негізге алғанын айтты. «Біздің аналитикалық сараптамамыздың айырмашылығы – оқушының тест сұрақтарына жауап бергеніне қарай, оның білімінің әлсіз тұстарын анықтап, қандай тақы­рыпты қандай оқулықты оқу керек екенін айқындап береді. Бұл сараптама тек оқушыға ғана емес, сонымен қатар ата-анаға, мұғалімге, мектеп директоры мен аудан, облыстық білім бас­шыларына арналған түрлері бар. Бұның барлығы жаңа технологиялар арқылы жүзеге асады. Тіпті Ресейде де мұндай технология жоқ» дей келе бұл қазақстандық өнім екенін айтты.
2009 жылы құрылған компания бүкіл Қазақстан бойынша онлайн, оффлайн және қағаз форматындағы тестілеулерді өткізіп, мектеп пән­дері мен математикалық, оқу сауат­ты­лықтары бойынша курстар өт­кізіп келеді. Бүгіндері Ұлттық тес­тілеу орталығының ресми серіктесі.
Жаңа форматтағы ҰБТ-ны онлайн түрде біз де тапсырып көр­дік. Бұл жоғары оқу орнына түсуге арналған сынақ болғандықтан, мұнда оқушының білімі ғана емес, ойлау қабілеті, шешімдер қабылдай білу сынды тұстары да ескеріледі екен. Тестілеу уақыты – 3,5 сағат. Міндетті пәндер математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихынан 5 вариантты жауабымен 20 сұрақ берілсе, бейіндік 2 пәннен 8 вариантты жауабымен 30 сұрақ беріледі. Бір ерекшелігі, бейіндік 2 пәннің 21-сұрағынан бастап 8 варианттың тек бір емес, 2-3 жауабы болуы мүмкін. Яғни, 3 дұрыс жауап болып, сіз 1-еуін ғана тапсаңыз – 0 балл, 2-еуін тапсаңыз – 1 балл, үшеуін де белгілесеңіз 2 балл беріледі. Бұл жерден ұққаным, бұл оқушы таңдап отырған пәнін жан-жақты білу қажет. Әрбір оқушыда жеке компьютер болады. Егер техникалық ақаулықтар байқаса, компьютер арқылы көмекшіні шақыра алады. Әрбір оқушыны жеке бақылайтын камералар да орнатылған. Үш мәрте ескерту айта алады. Ескертуді де тест тапсырушының компьютеріне жібереді. Онлайн тестілеудің бір артықшылығы, жауабын бірден білесіз, қатемен жұмыс істеуге болады. Кейіннен орталық сізге қандай сұрақтардың жауабын қай кітаптан тауып, қайталауға болатынын көрсетеді. Бұл орталық ҰБТ-ға дайындалудың барынша тиімді жолын ұсынып отырғанын түсіндік.

Гүлзия БАЙДАЛЫ, UStudy компаниясының SMM-менеджері:
– Біз 2009 жылы ашылдық. ҰБТ басталғалы оқушылардың дайындығында көкейтесті біраз мәселелер болды. Сол кезде біз қазақ тілінде оқушыға әр пәннен әр тақырыпқа бейнетаспа түсірдік. Жастардың ақпаратты қабылдауы визуалдық деңгейде жақсы дамығанын ескерсек, бұл өте тиімді жол болды. Алғашында оқушыны ҰБТ-ға дайындау орталығы ретінде ашылдық. 2014 жылы орталығымыз Ұлттық тестілеу орталығымен серіктестік құрып, сұрақтарды алып, өзіміздің платформамызды жүргізетін болдық. Қазіргі таңда базамызда 95 мыңға жуық сұрағымыз бар. Әр оқушының жеке нұсқасы дайын. Қазақстан бойынша 18 орталық жұмыс істейді. Әр орталық 150 оқушыны қамтиды. Сонымен бірге, жаңа форматтағы ҰБТ-ға да дайындаймыз. Болашақта еліміздің шалғай жатқан ауылдарда да, аудан орталықтарында да орталығымызды ашып, 2020 жылға дейін орталықтарымыздың саны 50-ге жеткіземіз деген мақсат бар.

 

Ақбота ИСЛӘМБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*