Қазақ ертегілерінің қайта «тірілуі»

«Ғажайып әлем» жаңа инновациялық жобасы қадамын сәтті бастады. «Тірі» ертегілер 2-7 жастағы балаларға арналған. Бұл жобаның басты мақсаты – енді өсіп келе жатқан балаларды – еліміздің болашақ патриоттарын тәрбиелеуде жағымды әсер беру, сондай-ақ қазақ халық ертегілеріне деген қызығушылығын арттыру. «Тірі» кітапты пайдалану үшін Android және iOS бағдарламасын тегін қосымша жүктеу қажет. Сосын смартфон немесе планшеттің камерасын қосып, шынайы ертегі әлеміне саяхат жасауға болады. Кейіпкерлерге көз алдыңда «жан бітіп», қимыл-қозғалысқа еніп, қалаған, яғни, қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде сөйлей жөнеледі.
One Shot production – бұл – аниматорлар, суретшілер, мультипликаторлар, компьютерлік графикаға құмар бірлескен команданың жұмысы.
– Негізі, «тірі кітапты» 1997 жылы Жапония ойлап тапқан. Қазіргі таңда бұл үрдіс Жапония мен Оңтүстік Кореяда өте жақсы дамыған. Кітап дүкендерінің бәрінде осындай кітаптар сатылады. Камераны жақындатсаңыз кітаптағы суретке «жан бітеді», бұл үлкен қызығушылық тудырады. Мұндай инновациялық жоба бойынша біз енді ғана жұмыс істеп жатырмыз.
Негізгі мақсатымыз – балаларды кітап оқуға тарту. Бұл ойымызды «Сіздің балаңыз кітапты жақсы көреді» деген ұранымыздан да байқауға болады, – дейді жоба авторы Гаухар Құрманбаева. – Халқымыздың батырлар жырының, «Баян сұлу», «Қыз Жібек» эпосының, Алдар көсе туралы аңыз әңгімелердің кейіпкерлерін балалар Дисней мультфильмінің кейіпкерлері сияқты қабылдаса деп армандаймын. Қызым Динель шетел мультфильмдерінің жанкүйері. Өйткені олар кейіпкерлерді балаға жақын етіп көрсете алады. Сол үшін біз де өз батырларымызды балаларымызға үлгі етіп көрсетіп, жеткізе білуге тиіспіз. Кітап дүкендерімізден, сөрелерімізден мұндай қызықты дүние табу қиын. Суретшілер кейіпкерлерді өте күрделі етіп көрсетеді. Оны балалардың қабылдауы қиын. Мысалы, Алдар көсені алайық, бұл қазақ аңыздарында қу жігіт болып суреттеледі. Біз оны бала кейпінде алдық. Оның күлкісінің, көзқарасының өзі сүйкімді. Алдар көсені қу емес, барынша жағымды кейіпкер ретінде көрсетуге тырыстық. Ойлы, зерек, ақылды бала етіп көрсеттік. Біз өз елімізде сондай балалардың көп болғанын қалайтынымызды меңзедік. Бұл – әділдікті ту еткен, ақылды Алдар көсеге ұқсайтын балаларды тәрбиелеу. Қазір уақыт басқаша, балалар неден болса да тез жалығып кетеді, тіпті бір ертегіні соңына дейін оқып шығуға шыдамы жетпейтін балалар бар. Қазір мына кітаптан қызым бас көтермейді, қызығады. Өйткені кейіпкерлердің бәрі көз алдында «тіріліп» кетеді, бәрі интерактивті.
Жобаны іске асырушылардың бұл ойды жүзеге асыруға деген ұмтылысы, ең алдымен орыстілді ата-аналардың өз тілімізге көңіл аударуына сеп болу, қазақстандық өнімнің ешқандай шетелдіктерден кем емес екендігін көрсету болса, екіншіден, балалардың өз мультфильмдерімізді Дисней өнімдерімен тең көруі.
– «Алдар көсе мен бай Жартыбай» кітабын 1000 данамен әзірлеп, оқырмандардың назарына ұсынғанбыз. Тез арада сатылып кетті. Демек, мұндай өнімге елімізде сұраныс бар. «Алдар көсе» мен «Әліппе» кітаптары дайындалу үстінде. «Әліппе» де интерактивті болады. Мысалы, «ғ» әрпін өтетін болса, бала тірі ғарышкерді көріп, оның қалай аспанға ұшатынына, ғарышта қалай болатынына куә болады. Бұл баланың білімге деген ынтасын арттырады. 1-3 жастағы балаларға Доман әдісімен дамыту карточкаларын жасап шығардық. Мысалы, бегемот туралы әңгіме болғанда ол қайда жасап, қандай дыбыс шығаратынын көрсетеміз. Біз педагогтермен, әдіскерлермен жұмыс істейміз. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Алдағы уақытта 7-13 жастағыларға танымдық кітаптар шығармақ ойымыз бар. Мысалы, оқушы биология сабағынан жүрек, бүйрек қалай жұмыс істейтінін көре алады. Бұл – толыққанды білім энциклопедиясы. Әзірге кітаптарды өз қаржымызға шығарып отырмыз. Қызығушылар көп. Келесі партияны көбірек етіп шығарсақ деген ойымыз бар, – дейді Гаухар Жанатқызы.
Жаңашыл топ отандық баспамен келісімшартқа отырып жұмыс істеп келеді. Өнімге сұраныстың бары анықталды, енді тек дамыту керек. Авторлық құқық алған. Жаңа жоба қазақ халық ертегілері мен бай ауыз әдебиеті негізінде жасалады. Кейіпкерлерге авторлық куәлік алынған.
Бұл жобамен бүгінде суретші, аниматор, иллюстратор, программист, музыканттар, яғни, тұтас команда жұмыс істеп жатыр.
Шынайы кітаптар қазақ, орыс, ағылшын тілінде шығарылуда. Тағы бір басты ерекшелігі – оның ұлттық музыкамен әрленетіндігі. Алдағы уақытта батырлар жырын да осындай шынайы кітап етіп шығару жоспарда бар.
Жаңа жоба әзірге көпшілік қауымға ресми таныстырылған жоқ. Наурыз мерекесі қарсаңында үш кітапты қатар таныстыруды ойластырып отыр. Аймақтарға шығып, бұл жұмысты кеңінен насихаттап, таныстыру да алдағы күннің еншісінде.
Халқымыздың ауыз әдебиеті бай. Ертегі, аңыз, әфсана, жырлар ауыздан-ауызға айтылып, бүгінге дейін жеткен. Әрине, олардың мұрты бұзылмай, сол күйінде бүгінгі ұрпаққа жетті десек, қатты қателесеміз. Кейбірінің ұмытылып, енді бірінің әртүрлі нұсқада жетуі – құймақұлақ дарындардың арқасы. Олардың бізге жеткені – таспаға басылып, қағазға түсірілген. Дегенмен кейінгі кезде кітап оқуға ынталылар азайып барады деген дабыл жиі айтылады. Жаңа инновациялық жоба осы олқылықтың орнын толтыруға қызмет етеді деген үміттеміз.
Бейнекөрсетілімге өтіңіз:
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ