Көненің көзіндей құсбегі

173
0
Бөлісу:

Көшпелі қазақтың керемет қасиеттерінің бірі – құсбегілік өнері. Тіпті табиғат пен адамның етене жақындығының тағы бір дәлелі ме дерсің. Күнкөріс қамынан бөлек, денсаулыққа пайдалы іс атқарып, құс ұстап, аң аулаған бабалардан қалайша ғибрат алмайсың?! Уақытты тиімді пайдаланудың бұл үлгісі ұмытылып кетпесе болғаны. Себебі бүгінде құсбегілік дегеніңіз – Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңінен көбірек таныс. Шын мәнісінде, бұл қандай өнер? «Бүгінгі даму қарқыны қандай?» деген сауал көптің көңілінде жүр ме? Саятшылықты кәсіпке айналдырып жүрген құсбегі Руслан Абылдан мән-жайды сұрастырдық.

Бүркітшінің бүгінгі тұрағы – Алматы маңындағы Ұлан ауылы. Өзінің айтуынша, құстарын бап­тауға таптырмайтын ыңғайлы мекен. Қала мен мылтықтың пай­да болуы – көне өнерге кері әсе­рін тигізіп жатыр екен. Тыныш ауылды таңдаған себебі де – осы. Бүркітші бізді күтіп алып, бірден құстарымен таныстырды. Осыдан соң барып әлі де қызуы басыл­маған сапары жайлы әңгіме бас­тап кетті. Жалпыдан жалқыға өте­тін болып келісіп, әлемдік тен­денция жайлы сөз қозғадық. Әрі қарай құсбегінің өз сөзімен жалғасақ.

Нағыз адреналин – саятшылықта

Жақында Дубайда көрме өтіп, сол жерге қатысудың сәті түсті. Ол жақта үш адамның бірі – құс­бегі. Жұмысты да көп істемейді. Түске дейін шаруаларын реттеп алып, кейін аңға шығуды әдетке айналдырып алған. Кешке қарай мәдениет, тарих, саятшылық ха­қында әңгімелеседі. Бір байқа­ғаным, саясат тақырыбын азырақ қозғайды. Сондай-ақ құстарымен шетелге шыққанды ұнатады екен. Құсбегілікті осынша меңгер­гендері ұнады. Негізі, біздің қа­нымызда саятшылық бар. Мә­селен, ер адамға үнемі адреналин қажет болып тұрады. Бүгінде қалталы азаматтарымыз құмар ойындарына әуес. Казиноға барса, делебесі қозады. Ал неге адреналинді құсбегіліктен алмасқа? Құсты жіберіп, соңына жаяу жүгіру – денсаулыққа да пайдалы, қаражатты да онша қажет етпейді. Қазақтың жаны та­биғатқа етене жақын. Ты­ны­сымыз ашылып, демалып қала­тынымыз да содан. Құсбегілікпен айналысып жүргендіктен, әбзел­дері жайлы жақсырақ білемін. Соңғы кездері өзім қолдан жасап үйреніп жүрмін. Томаға, биялай, аяқ бау, ірге бау секілді бұйым­дар­дың дизайнын ойластырып, жа­сай­мын. Жақында «Қолөнерші» сертификатын иелендім. Аталған көрмеге дайын әбзелдерді апарып, саттым. Ол жақта көбіне Пәкістаннан әкелінген тауарлар өтеді екен. Жол бойы құсбегілік 3-4 дүкенді кездестірдім. Со­лардың ішінде Сауд Арабиясында жасалған бірен-саран ғана бұйымдар бар. Пәкістандық зат­тардың бағасы да арзан. Олармен бәсекелесу өте қиын. Ерекше, авторлық дүниелермен ғана топ жармаса, басқа мүмкіндік өте аз. Негізі, құсбегілік бұйымдар же­лісін құру туралы ойымда бар. Бірақ бизнесте жүрген достарым­мен кеңесе келе қоғамымыздың әлі дайын еместігін, әлемдік тен­денцияның тұрақсыздығын ес­керіп, әзірге ерте деп шештік.

Қазақстан – құсбегілік Меккесі

«Құсбегілік өнер ме, әлде кә­сіп пе?» деген сауалды жиі қойып жатады. Мұны екі жағынан да қарастырып көруге болады. Алға­шында қызығушылықтан баста­лып, кейіннен кәсіп қыла бас­тадық. Анамның айтуынша, мені құрсағында көтеріп жүрген кезде құсбегілік туралы кітаптарды көбірек оқыған екен. Болашақта кім болатыным сол кезде шешілгенге ұқсайды. Бала кезімде үйдегілер мұның бәрін бос қиял көретін. Соған қатты ашуланып, үйден қашып кеткенім есімде. Шамамен 6 сыныпта оқып жүрген кезім болатын. Құсбегі болып, аң аулай алатынымды дәлелдеймін деп жарты жылдай «жоғалып» кеттім. Олжалы қайтып, сол кезде бір мойындаттым. Міне, содан бері осы саланың айналасында жүрмін. Құсбегілік жайлы көп оқы­дым. Өзім ЖОО-дан «Аңшы­лықтану» мамандығын алып шықтым. Қазір жағдай тіптен жақ­сы – интернетте бәрі тұр. Бүгінде жас құсбегілердің саны артып келеді. Десе де, негізгі кон­тингент мынадай: ауылда тұра­тын, тұрмысы нашар адамдар. Тіпті орта кластағылар жоқтың қасы. Егер бақуаттылардың ара­сында құс ұстау, аңшылық сәнге айналса, жақсы болар еді. Оған әлбетте жан-жақты насихат ке­рек. Бұрынғының серілерінде бір-бір бүркіттен болса, бү­гінгілерде неге жоқ? Мәселен, соңғы кезде моңғолиялық Айшолпан есімді қыз жайлы жаһандық масс-медиа көбірек жазып жүр. Тіпті феминистік ұйымдар өздеріне тар­туға әрекет етуде. Бізде болса, на­сихат аз. Тасбақа жүріспен дамып ке­леді. Бұл сала жайлы қа­зақша жазыл­ған нұсқау­лық­тар, кітап­тар да санаулы. Өз басым орысшадан оқыдым. Сонымен бірге, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жақсы менеджмент ойластырылса жақсы болар еді. Құсбегілікпен айналысатын 70-ке жуық мем­лекет болса, сол елдерге экспе­диция жасасақ. Әр жерден репортаж жүргізіп, ғалымдар мен құсбегілер біріге отырып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Тіпті «Қазақстан – құсбегілік Меккесі» деген идеология жасаса болады. Бұл пікірді Әлкей Марғұланның өзі айтқан болатын. Құсбегіліктің дамуын тежейтін тағы бірнеше фактор бар. Мысалы, урбани­зация, мылтықтың пайда болғаны кері әсер етеді. Одан қала берсе, өнерді түсінбейтіндер де құс­бегіліктің жойылуына септігін тигізеді. Өткенде Қаскелеңдегі «Өнерлі жастар» атты Елбасы қорына бардым. «Құсбегілікке қатысты бірнеше ұсыныстарым бар еді» деп бөлмеге кіргенім сол еді, «Құсбегілік – өнер емес» деп шығарып салды. Сондай адами факторлардың бары ақиқат. Осы қарқынмен кете берсе, бір ғасыр уақыттың өзі даму үшін аздық етіп қала ма деп қор­қамын.

Осы кәсіптің арқасында үй салдым

Құсбегілік өнердің ең үлкен шығыны – уақыт. Әрбір құсқа ерекше күтім керек. Оның міне­зін, қылықтарын зерттеп, ың­ғайын табасың. Жаңадан келген құсты тәрбиелеуге екі-үш айдай уақыт кетеді. Сонымен бірге, бір қалыпта ұстап тұрудың да өзіндік машақаттары жетерлік. Ең кем дегенде жарты күн жанында жү­ріп, шынықтырып, серуендету – міндет. Ал материалдық шы­ғындар жайлы айтар болсам, заманға сай құрылғылар қажет. Мысалы, құстың қай жерде жүргенін көрсететін радио-теле­метриялық жүйе алу керек. Ең арзан радиоқабылдағыштың құны – 600 доллар. Қосымша таратқыш құралы – 100 доллар шамасында, GPS-құрылғы 400 доллардай тұрады. Одан бөлек, күнделікті кішігірім қа­жеттіліктерді қо­сыңыз. Тіпті алғышарты – сол құстың өзін бірінші сатып алу керек. Бұрындары оңай болса, бүгінде арнайы рұқсат қағаз­дарынсыз болмайды. Жыртқыш құстың құжаты, ветеринарлық кітапшасы болуы міндетті. Ал құсбегінің өзінде аңшы куәлігі болуы керек. Бұл – шығындары. Ал енді кірістері қандай? Ақша табуды көздегендердің туристік фирмалармен, event-агенттік­термен тығыз байланыста бол­ғаны абзал. Яғни, шоу көрсету арқылы қаражат табуға болады. Аңшылыққа арналған құстарды шоуға араластыру қиын. Себебі, ойламаған жерден ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан құсты кішкентайында алған кезде кейін өнер көрсететін құс болады дегендер үйден тамақтандырып, үйрету қажет. Яғни, бөлек сұңқар асыраған жөн. Бала кезінен бері аң көрмегені абзал. Шоу көрсетіп жүргендерін кейін аңшылыққа баптауға да болады. Негізгі жұ­мысымыз – аңшылық. Бірақ арасында шоу-бағдарламаларға, мектептерге, қайырымдылық шараларына шақырту алып, қатысамыз. Одан бөлек, аң ұстап, терісін сату арқылы пайда табуға болады. Құсбегіліктің арқасында тапқан пайдам – үй салып алдым. Ініммен бірге осы саланы кәсіп етіп келеміз.


Қазір қолымда үш сұңқарым бар. Оларды жануарлар бағынан сатып алдым. Арасында құстар артылып қалатын кездер болады екен. Сондай кезде сатылымға шығарады. Негізі, біртіндеп қана алған жөн. Өйткені әрбіріне уақыт бөлу керек. Қомағайланып бірнешеуін алуын алып, тиісінше баптай алмасаңыз – құсқа обал. Өзімнің де екі-үшеуін қатар алған кездерім болды. Сондайда психологиялық тұрғыдан біраз қиналады екенсің. Олай дейтінім, құстарда аз да болсын эмоция болады. Айталық, бүркітте эмоция өте көп. Олар адамды жақсы сезеді. Егер құсқа көңіл бөлмесең, мінезі бұзылады. Сол секілді ұзақ уақыт бойы ұшырылмаса да күйзеледі. Шама келсе, күніне бір рет далаға ұшырып тұрса жақсы болады. Бір байқағаным, қыз бен құстың ұқсастығы көп секілді. Екеуімен де тіл табыса білсең болғаны.


Түйін:

«Жаһандану» деп жар салып жүріп, құндылықтарымыздан құр қалмасақ екен. Ата кәсіпке айналған құсбегілік өнеріміз – дәріптеуге, насихатқа мұқтаж. Қанда бар дүние сыртқа шықпай қоймасы анық. Тек жел толқытса шығатын асыл тастай су бетіне қалқытуға қозғау қажет. Бұл жөнінде де бір ауық ойланып қойыңыз, оқырман!

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*