ЕЛДІ ЕЛЕҢДЕТКЕН КӨРМЕ

2426
1
Бөлісу:

Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін ел тағатсыздана күтіп отырғаны анық. Биыл 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығына жоспарланған жаһандық шараға шамамен 2 миллионға жуық адам келеді деп болжанып отыр. Әрине, көрменің Қазақ еліне әкелетін экономикалық-әлеуметтік пайдасы түсінікті. Жұртшылыққа керегі, ЭКСПО аясында қандай мәдени-рухани және спорттық шаралар ұйымдастырылатындығы. Әңгімеміз де осы жөнінде.

БАСТЫ МАҚСАТ – ҚАЗАҚ ЕЛІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТУ

Елорданың төрінде «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу арқылы тарихымыздың тағы бір алтын парағы ашылғалы тұр. Қазақты әлемге танытатын айтулы шараға еліміз ерекше ыждаһаттылықпен дайындалу үстінде. Елбасы бас шаһардың қызмет көрсету сала­сынан бастап, инфрақұрылымын, сыртқы бітім-болмысын жаңғырту өз алдына, Мәдениет және спорт министрлігіне, «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ пен Астана қаласының әкімдігіне мамандандырылған көрменің мәдени-қойылымдық және спорттық іс-шараларын қамтитын кешенді бағдарламаны бірлесе әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған байланысты алыс-жақын­нан ағылатын қонақтардың көз­айымына айналар шаралардың бас-аяғы түгенделіп қалған сияқты. Күні кеше Астанадағы Орталық ком­муникациялар қызметі ала­ңында өткен баспасөз мәслихатын­да Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан ЭКСПО уақытында түрлі бағыттардағы 3500-дей мәдени және спорттық шара ұйымдас­тырылатынын мәлімдеді.
Жалпы, есті жұрт концерттер мен түрлі ойын-сауық бағдарла­маларына көңіл көтеру үшін ғана емес, көңілге ой түйіп, тағылым алып, танымын кеңейту үшін де барады. Кешенді бағдарламаның өн бойында қазақ елінің бітім-болмысын, өткен тарихы мен бүгінгі кескін-келбетін, қол жет­кізген табыстарын айшық­тайтын шаралардың көптеп қамтылуы да сондықтан. Айталық, «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты республи­калық фестиваль еліміздің әрбір өңірінің ерекшеліктерін айшықтаса, «Ұлы дала және Ұлы Жібек жолы» мультимедиялық интерактивті көрмеде қалың көрермен Ұлы Жібек жолы бойындағы көне қала­лардан табылған тарих жәді­герлермен 3D визуалды көрінісі арқылы таныса алады.
Ал еліміздегі этникалық театр­лардың фестивалі татулық пен бейбітшілікті бейнелесе, «Қазақ операсының аңызға айналған қайраткерлері» жобасы қазақтың классикалық өнерін әлемге танытқан саңлақтар туралы сыр ақтарады.
Бағдарлама аясындағы қазақ күресінен «Әлем барысы» халық­аралық турнирі, тоғызқұмалақтан ІV әлем чемпионаты, көркем гим­настикадан әлем кубогы, белбеу күресінен ХV Әлем чемпионаты секілді көптеген ірі спорттық сайыстар да Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтата түсері сөзсіз.
«ЭКСПО көрмесінің мәдени бағдарламасы еліміздің басты рухани байлығы – бірегей мәдениет пен көпұлтты халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен танымын кеңінен насихаттауды көздейді. Сондай-ақ Мәңгілік ел идеясының басты құндылықтары мен Тәуелсіз Қазақстанның, оның жас елорда­сының қалыптасу тарихы 93 күн бойы іс-шаралар арқылы дәріп­телетін болады» дейді департамент директоры.
Мәдени және спорттық шара­ларға еліміздің ең үздік өнер және спорт шеберлері, республиканың алдыңғы қатарлы ұжымдарымен қоса, шетелдік шығармашылық топтар да қатысады.
Қысқасы, жаһандық шара кезінде ЭКСПО алаңында ғана емес, елорданың барлық сахна­сында түрлі іс-шаралар үш ай бойы толастамай өтетін болады.

БҰЛ БАҒДАРЛАМА БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК…

Бүгінге дейін ЭКСПО халық­аралық көрмесін өткізген әлем елдерінің тәжірибесіне көз жүгірт­сек, кейбір мемлекеттердің ЭКСПО арқасында байып, енді бірінің кеткен шығынын қайтарумен ғана шектелгенін бағамдауға болады. Сарапшылардың пікірінше, көр­меге неғұрлым адам көп келсе, соғұрлым пайда мол болмақ. Әл­бетте көрермен көптеп тарту үшін ұйымдастыру жұмыстары ғана емес, мәдени іс-шаралар легі де кісі қызығарлық болу керек. Мысалы, ЭКСПО-ны өткізіп, табысқа ке­нелгендердің көш басында тұрған Қытай, көрме кезінде күніне 100-ге жуық шара өткізіп үлгерген. Бес ай ішінде қытайлардың ұйымдастыр­ған шарасының ұзын-ырғасы 15 мыңға жуықтаған.
Ал 2000 жылы Ганновер қала­сында ЭКСПО көрмесін өткізген немістер 20 сағаттық қойылым әзірлеген екен. Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады.
Біздің ел де өзгелерден қалыс­пай, мәдени шаралар бағдарламасын барынша байыта түсуде. Олардың ішінде есте қалар ерекше бағдар­ламалар да баршылық. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік.
Бағдарламаның басты қазы­ғының бірі – ҚР Ұлттық музейінде өтетін Эрмитаж қорынан әкелінетін жәдігерлер көрмесі. Онда ғасырлар бойы Эрмитажда сақталып келген Шығыс пен Батыстың қару-жарақ өнерінің құнды үлгілері, бірегей қару түрлері, бас-аяғы 70-ке жуық экспонат қойылады. Олардың ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Германия, Испания, тағы басқа да көптеген елдердің түрлі шайқастарда және аңшылық кезінде пайдаланған қарулары бар. Жалпы, көрменің хронологиялық шеңбері XV ғасыр­дан бастап, XIX ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтиды.
Мәдениет және спорт министр­лігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразханның айтуынша, 2017 жылдың маңызды оқиғасының
бірі – TURKVISION заманауи эстрада әндерінің конкурсы болмақ. Қа­зақстанда тұңғыш рет өткізілгелі отырған байқаудың мис­сиясы – түркі мәдениетін насихат­тау, бауырлас халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.
Сонымен қатар Астана П.Чай­ковский атындағы жастардың халықаралық конкурсын өткізу мәртебесіне де ие болып отыр. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл байқау өнерге қанат қаққан жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне ықпал етпек.
Биыл Еуразия халықаралық кинофестивалі Астанада өтеді. Кино әлеміндегі үздік жобаларды ұсынатын айтулы фестивальге Гол­ливудтың атакты актерлері келеді деп күтілуде. Әзірше олармен ке­ліссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.
ЭКСПО аясындағы тағы бір атап өтерлік айтулы оқиға – 2017 жылдың 8 маусымынан 10 қыр­күйегіне дейін Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық музейінде өтетін Император Цинь Шихуандидің Терракот әскері музейінің көрмесі болғалы тұр. ЮНЕСКО мәдени мұрасының тізіміне енгізілген «Терракот әскері» мүсіндерін жұртшылық әлемнің сегізінші кереметіне балайды. Шынымен де аты аңызға айналған Цинь Ши­хуанди императордың кесенесі жанындағы 8099 қытай жауынгері мен олардың аттарының мүсіндері таңғаларлық шеберлікпен жасалған деседі. Осы мүсіндерді өз көздерімен көру үшін Қытайдың Шэньси про­винциясына жылына миллион­даған турист ағылады екен. Міне, атағы жер жарған осынау таңғажа­йып мүсіндерді көру астаналықтар мен елорда қонақтарына да бұ­йырғалы тұр. Көрмеде жауынгер­лердің мүсіндері, қару-жарақтар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әше­кейлер, ұзын-ырғасы 50-ге жуық археологиялық бұйым қойыл­мақ.

ЭКСПОДАҒЫ ЭТНОАУЫЛ

ЭКСПО кезінде шетелдік турис­терге қазақтың салт-дәстүрін бастан-аяқ баяндайтын ұлттық алаң – «Этноауыл» бірегей жобасы бол­мақ. Бұл ауылда көшпенділер өр­кениетінен, дәстүрлі мәдение­тінен сыр шертетін 24 киіз үй тігіледі.
«Қазанат» ипподромның ау­мағындағы 2,5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан этноауыл 12 секторға бөлінеді. Атап айтқанда, «Қолөнершілер ауылы» секторында көпшілікке қазақтың сәндік-қолданбалы өнері шеберлерінің қолынан шыққан бағалы бұйымдар көрсетіледі. Келушілер киіз басу, кілем және кесте тігу, зергерлік және ағаш өңдеу өнерін тамашалап, зергерлік бұйымдарды жасауға өздері де үлес қоса алады.
Ал «Ұлттық ойын-сауық» секторында жұртшылыққа алты­бақан, арқан тарту, асық ату, көтер­мек, жамбы ату, тоғызқұмалақ сынды ойын түрлері көрініс тапса, «Ұлттық салт-дәстүр» секторында қазақтың салт-дәстүрінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бесікке салу, тұсау кесу, бата беру, шашу, ерулік, құдалық секілді ғұрыптары таныстырылады.
«Ұлттық аңшылық түрлері» секторында тазы, төбет, бүркіт, сұңқарды аңға салуды паш ететін тәлімбақ орналасса, «Дәстүрлі қазақ асүйі мейрамханасы» секто­рында қонақтарға арнап, ұлттық тағамдар пісіріледі. Ас әзірленетін орын күмбез түрінде болады. Осы ауылға қонақ болып келгендер үздік аспаздардың арнайы мәзірінен ауыз тиіп, қымыз, шұбат, айран, бауыр­сақ, құрт, ірімшік, жент, наурыз­көже, қазы, қарта, қуырдақтан дәм тата алады.
Жасыл желекке оранған «Де­малыс аллеясында» қонақтар бір сәт дамылдап, табиғаттың тамаша көрінісіне куә болса, «Шағын сәулет нысандары» секторында ұлттық әшекейлер мен қазақы бұйымдарды тамашалап, ежелгі сәулет туындыларының жанында селфи жасауға мүмкіндік алады.
Этноауылда «Мультимедиялық орталық» секторы да бар. Бұл ауылда 5D немесе IMAX форма­тындағы мультимедиалық экран орналасқан. Осы үлкен экран ар­қылы қонақтарға көне Түрік қаға­на­тынан қазіргі заманғы Қазақ­станға дейінгі еліміздің қалыптасу тари­хын, өсіп-өркендеу кезеңін, қол жеткізген жетістіктерін баян­дайтын бейнероликтер көрсетіледі.
«Концерттік зона» секторында қазақтың жауһар әндері мен күйлері төгіліп, концерттік, қойылымдық бағдарламалар сахналанса, «Үлкен спорт ойындары» ауылында «Көк­пар», «Теңге ілу», «Аламан бәйге», «Қыз қуу» секілді ұлттық ойын­дардан республикалық жарыстар өткізіледі.
Этноауылда ЭКСПО-ның кіш­кентай көрермендеріне арналған сектор да бар. Ол – «Цирк аймағы» деп аталады. Мұнда балдырғандар цирк ойындарын, қызықты шоу-бағдарламаларды, клоундар мен акробаттардың өнерін тамашалай алады.
Ең бастысы, «Этноауыл» ұлттық мәдени кешеніне кіру – тегін.


Төлеубек ӘЛПИЕВ,
«Астана опера» театры директорының бірінші орынбасары:

– «Астана опера» опера және балет театры биылғы маусым айынан бастап, қыркүйек айына дейін 70-тен астам шара өткізуді жоспарлап отыр. Біздің ЭКСПО-ға арналған сахналық қойылымдарымыз театрдың үлкен залдарында және ашық аспан астында өтетін болады. Көрмеге арналған шаралардың шымылдығы 10-11 маусым күндері А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсымен ашылады. Бұдан кейін 15-16 маусымда ашық аспан астында Дж.Вердидің «Аида» операсы қойылады. Ал шілде айында ЭКСПО аясында Ресейдің әйгілі Мариин театры Астанаға гастрольдік сапармен келеді. Атақты өнер ұжымы Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» операсы мен Ф.Мендельсонның «Жазғы түндегі түс» балетін сахналайды. Өнерсүйер қауымға арналған тосынсыйымыз мұнымен шектелмейді. 24-29 шілде аралығында елордаға атақты опера жұлдызы Пласидо Доминго келіп, өзі негізін қалаған әрі жетекшілік ететін халықаралық «Опералия» конкурсын өткізеді. Ол отандасымыз, опера әншісі Мария Мудрякпен бірге өнер көрсетеді деп жоспарлануда. ЭКСПО қарсаңындағы тағы бір тамаша тартуымыз – австриялық композитор Густав Малердің «Мың қатысушылар симфониясы» атты бірегей №8-симфониясының премьерасы. Бұл ғажайып симфонияны 800 музыкант орындайды. Соның 300-і – оркестрде болса, 500-і – хор артистері. Премьераға өзіміздің өнерпаздардан басқа, Новосібір, Санкт-Петербор театрларының жетекші солистері, хоры мен оркестрі қатыспақ. ЭКСПО-ның жабылу рәсіміне италиялық атақты Ла-Скала театры ұжымы келгелі отыр. Аты аңызға айналған миландық театрдың 250-ге жуық өнерпазы елорда сахнасында симфониялық музыка концерті мен «Фальстаф» операсын қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде көрермен назарына ұсынбақ.
ЭКСПО шеңберінде «Астана опера» театрының қойылымдарын шамамен 80 мыңға жуық адам тамашалайды деп болжап отырмыз. Жоғарыда аталған шетелдік өнер ұжымдарының қаржылай шығындарын жекелеген компаниялар мойнына алатынын ескерте кетейін.


Андрей ХАЗБУЛАТОВ,
ҚазМҒЗИ бас директоры:

– ЭКСПО-ға келетін қонақтар еліміз туралы жақсы ой түйіп қайту үшін оларға көрсетілетін қызмет сапасы да жоғары болуы керек. Біз туристерге ыңғайлы әрі оларға көмекші құрал ретінде ЭКСПО аясында өткізілетін мәдени және ойын-сауық іс-шаралары тізбектелген арнайы интернет-порталды іске қостық. Бұл ресурс қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Мұнда көрме кезінде өткізілетін шаралардың тізімі, өтетін орны, орналасқан жері туралы барлық мәліметтер жинақталған. Жұртшылыққа оңай болу үшін бағдарламалар мен басты оқиғаларға арнап, жеке айдар аштық. Ал порталдағы «Галерея» бөлімі Қазақстан және оның жас елордасы – Астананың қалыптасу тарихынан сыр шертетін фотосуреттермен, бейнероликтермен көркемделген. Жалпы, порталдың мақсаты – бірыңғай мәдени ақпараттық кеңістікті дамыту, ЭКСПО шеңберіндегі мәдени оқиғалар туралы халықты жан-жақты хабардар ету, Қазақстанның халықаралық имиджін көтеру және интерактивті тілдесу арқылы жұртшылықпен байланысты кеңейту. Порталдың «Байланыс» бөліміндегі электрондық пошта арқылы тәуліктің кез келген мезгілінде сұрақтар жолдап, жауап алуға болады. Сондай-ақ порталда кез келген адам қалаған іс-шарасына электронды билет сатып ала алады. Билетті онлайн режимде сатып алу мүмкін болмаған жағдайда, сайт пайдаланушысына билеттер сатылатын кассалардың мекенжайы ұсынылады.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*